ЭКСПО шежіресі: Севилья, 1929 жыл
Өте ұзақ уақытқа созылған кезекті Халықаралық көрме 1929 жылы Испанияның Севилья және Барселона қалаларында өтті. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің шежіресінде Иберо-Америкалық көрме деген тақырыппен енген бұл көрме 1929 жылдың 9 мамырында ашылып, 1930 жылдың 21 маусымында жабылды. Көрмені өткізудегі басты мақсаты Испанияның осы көрмеге қатысушы елдермен қарым-қатынасын жақсарту еді. Өйткені, бұл елдердің басым көпшілігі кезінде Испанияның отар елдері болған. Көрмелер тарихында ең ұзаққа созылған Испаниядағы бұл көрмеге Португалия, АҚШ, Бразилия, Уругвай, Мексика, Перу, Аргентина, Чили, Колумбия, Куба, Венесуэла, Доминикан республикасы, Боливия, Панама, Сальвадор, Коста-Рика және Эквадор мемлекеттері қатысты. Кезінде ұзақ уақыт Испанияның езгісінде болған бұл елдер осы көрме арқылы өздерінің азаттық алған жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктерін барынша паш етті. Сонымен бірге, Севильядағы Халықаралық көрмеге Испанияның барлық өңірлері және Андалусияның барлық провинциялары да өз жәдігерлерін әкелді. Көрмені ұйымдастырушылар бұл халықаралық шараны өткізуден қаржы аяған жоқ. Ең алдымен үкімет Севилья қаласын абаттандыруға барынша басымдық берді. Жергілікті билік өкілдері қаланың инфрақұрылымын қайта құрып, қонақтарға арналған көптеген қызмет көрсету орындары мен қонақ үйлерін салды. Севилья қаласының орта ғасырға тән тар көшелерін автомобильдер жүруге лайықтап, мүмкіндігінше кеңейтті. Севильяда өткен ЭКСПО-ның ең басты жетістігі – Plaza de Espana атты сәулет өнерінің ең үздік туындысы болып табылды. Осы ретте ерекше атап өтетін бір мәселе, Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізуге арнап салынған архитектуралық нысандардың басым көпшілігі көрме жабылғаннан кейін де, тіпті күні бүгінге дейін халық игілігіне жаратылып келеді. Олардың бірқатары, оның ішінде АҚШ жәдігерлеріне арналып салынған павильон бүгінде дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттары ретінде пайдаланылып келеді. Бүкіләлемдік көрмені өткізуші ел ретінде Испания төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген қонақтарды өз елінің әлеуметтік-экономикалық салада қол жеткізген жетістіктерін және шежіресі ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ұлттық мәдениет үлгілерін кеңінен таныстыруды мақсат етті. Көрме қалашығының бас архитекторы Дон Анибал Гонсалес осы шараға арнап қаладағы ең ұзын нысанның архитектуралық ансамблін жасап шығарды. Сәулет өнерінің бұл озық туындысы қаланың орталық алаңын түгелдей қоршап жатты. Көрме қалашығындағы сәулет өнерінің тағы бір озық туындысы ретінде танылған павильонға Америка құрлығын ашу тарихына байланысты жәдігерлер қойылды. Оның ішінде көрмені тамашалауға келгендерді Христофор Колумбтың өз қолымен жазылған 120 хаты ерекше қызықтырды. Сонымен бірге, осы павильонда ұлы жиһангездің «Санта-Мария» атты кемесінің дәлме-дәл макеті қойылды. Бұл көрмеде АҚШ жәдігерлері үш үлкен нысандарды алып жатқан павильондарда орналастырылды. Павильондарда электр жабдықтарының, ұшақтардың, аэродинамикалық құбырлардың небір озық үлгілері көрініс тапты. Ауыл шаруашылығы саласына арналған жәдігерлер де көрмеге келушілерді өздерінің ерекшеліктерімен тәнті етті. Сонымен бірге, көрме павильондарында еуропалықтар үшін таңсық болып саналатын – альпака, гуанако сияқты аңдардың тұлыптары орналасты. Севилья қаласында өткен Бүкіләлемдік көрмеде әлем назарына өз жәдігерлерін паш еткен бұрынғы отар елдердің ішінде Перудің павильоны ең үлкен болып саналды. Перу архитекторы Дон Мануэль Piquera қолынан шыққан бұл павильон көлемі жағынан да, мазмұны жағынан да өте тартымды павильон деп танылды. Бұл павильонның атшаптырым аумақты алып жатқан үш залына Колумб ашқанға дейінгі Америка құрлығының тарихы мен табиғатынан мағлұмат беретін жәдігерлер молынан орналастырылды. Колумбия республикасының павильонын Севилья қаласының сәулетшісі Хосе Гранадос жасап шығарды. Бұл павильонда мүсіндердің небір үлгілері, және колумбиялық суретші Ромуло Розоның туындылары қойылды. Сонымен бірге, мұнда кофе өсірудің шежіресін баяндайтын жәдігерлер де келушілердің қызығушылығын туғызды. Бразилия павильонындағы жәдігерлердің де басым көпшілігінен кофе өсіру және кофеден керемет сусындар жасаудың небір тәсілдері көрініс тапты. Сәулетші Педро Пауло Бернард Бастос керемет кофе-бар қоныс тепкен архитектуралық үлгілі нысанды жасап шығарды. Чили сәулетшісі Хосе Мартинес өз елінің жәдігерлері орналастырылатын үш қабатты нысанның архитектуралық келбетін жасады. Аргентина павильоны нысанын сәулетші Мартин Ноэль ойлап тапты. Сәулет өнерінің озық туындыларының бірінен саналатын бұл нысанда Аргентина елінің тарихы мен табиғатынан мол мағлұмат беретін жәдігерлер, сонымен бірге, үлкен кинотеатр қоныс тепті. Бір жылдан астам мерзімге созылған Севилья қаласындағы бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінде Уругвай, Куба, Гватемала, Доминикан республикасы, Венесуэла және басқа мемлекеттердің тарихын, мәдениетін және экономикалық жетістіктерін паш еткен жәдігерлер көрмені тамашалаушылардың жоғары бағасына ие болды. 1929 жылы Испанияда өткен бұл Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің бір ерекшелігі – осы халықаралық шараға арнап салынған нысандардың басым көпшілігі күні бүгінге дейін өздерінің мәнін жоғалтпай, халыққа қызмет көрсетуде. Мәселен, бүгінде Аргентина мемлекетінің жәдігерлері қойылған павильонда атақты испаниялық фламенко биін үйрететін кәсіби мектеп қоныс тепкен. Төрткүл дүниеге кеңінен мәшһүр бұл бидің отаны Севилья болып табылады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16