«Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген сөз бар. Күз маусымы – дала еңбеккерлерінің мерейі тасып, абыройы асқақтайтын кезең. Биыл да өңір диқандары астықтан мол өнім алып, ел қамбасын алтын дәнге толтырды. Осындай биік нәтижеге жеткен, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған адамдардың алдында басымызды иіп, алғысымызды айтамыз», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысының айтуынша, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге солтүстікқазақстандықтар да толымды үлес қосып отыр. Биылғы 10 айдың қорытындысына қарағанда, Қызылжар өңірі 1 трлн теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындап, республика бойынша алғашқы орынға шықты. Соның ішінде астықтың 25 пайызын, майлы дақылдардың 35 пайызын жинады. Ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтыру 85 пайызға жетті.
Облыс әлеуметтік маңызы бар деп танылған 19 түрлі азық-түлік тауарларының 15 түрін өндіреді. Машина-трактор паркін жаңғырту, минералды тыңайтқыштар себу, мал шаруашылығы шикізаттарын өңдеу, сүт өндіру мен өңдеу өндірісі бойынша алдыңғы қатарға шықты.
Биыл Солтүстік Қазақстанда іске қосылуы жоспарланған 8 тауарлы сүт кешенінің екеуі пайдалануға берілді. Оның ішінде 1 800 сиыр сауатын ірі ферма да бар. Қалған алтауы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Халықты құс етімен қамту, импортты алмастыру мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінде облыста 6,5 мың тонна және 10 мың тонна құс етін өндіретін екі құс фабрикасы салынды. Өңір еңбеккерлері нарықты экологиялық тұрғыдан таза, сапалы өнімдермен қамтамасыз етуде.
Салтанатты іс-шарада биылғы еңбек жетістіктеріне байланысты мемлекеттік марапаттар мен облыс әкімінің грамоталары, Алғысхаттары тапсырылды. Мәселен, Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Шал ақын ауданындағы «Асыл логистикс» ЖШС директоры Ғабиден Балғынбеков «Құрмет» орденімен наградталса, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған сегіз шаруаның бірі – Аққайың ауданындағы «СҚ тәжірибелік стансасы» ЖШС механизаторы Максим Джу «Еңбегімді елегенге ризамын. Бұл марапат мені жаңа еңбек жетістіктеріне жетелейді», деді. Сондай-ақ алты адам облыс әкімінің Алғысхатын алды.
Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Солтүстік Қазақстан облысы