ЫҚПАЛДАСТЫҚ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Қазіргі заманғы әлемдік экономикада жаһандану мен ықпалдасу үлкен маңызға ие. Ықпалдасу үдерістері тауарлардың халықаралық қозғалысының өсуі мен оларды өндіру факторларының заңды нәтижесі болды. Ортақ мүдделер және міндеттермен біріктірілген мемлекеттер шынайы бәсекелес басымдықтарды иелене отырып, ғаламдық экономикада табысты әрекет етуде.
1994 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еуразиялық ықпалдасу стратегиясы өңірлік ықпалдасудың әлемдік мысалдарына негізделді. Осы жоба негізінде – Еуроодақ моделі, яғни еркін сауда аймағынан Кеден одағына, сосын – ортақ нарыққа, ең соңында – бірыңғай экономикалық одаққа кезең-кезеңмен жылжу.
Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясы – тең құқылы тәуелсіз мемлекеттер одағы болады. Онда әрбір қатысушы елдің мүдделері іске асырылып, барлық жиынтық әлеуеті пайдаланылады. Сонымен қатар, бірігу негізінде экономикалық өзара байланыс қарқын алады.
Біздің бірлесудің объективті басымдығы – тілдік ортақтық, ұқсас дүниетанымдық және өмірлік стандарттар, өзара іс-қимылдың қалыптасқан өндірістік моделдері болып табылады. Бұл ретте негізін құраушы міндеттерге біздің азаматтардың мүдделері, елдер арасындағы дәстүрлі байланыстарды қолдау мен күшейту жатады.
Бүгінгі күні ТМД елдері арасында әртүрлі ықпалдасу форматтары дамуда: Еуразиялық экономикалық қауымдастығы, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік және басқалар. Олар әріптестік үшін кең тұғырнама жасауда.
2000 жылдың 10 қазанында Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан президенттері Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа қол қойған болатын. Еуразиялық экономикалық қауымдастығы Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптасу үдерісін тиімді ілгерілету үшін құрылды. Еуразиялық ықпалдасуды тереңдетуге көмектесетін маңызды элемент Еуразиялық экономикалық комиссия құру болып табылады. 2011 жылдың 18 қарашасында Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында тиісті шартқа қол қойылды. Комиссия 2012 жылдың 1 ақпанында жұмысқа кірісті. Ол Кеден одағының және Біртұтас экономикалық кеңістіктің тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы болып табылады. Комиссияның негізгі міндеті – Кеден одағы мен БЭК жұмыс істеу мен даму шарттарын қамтамасыз ету, ықпалдасуды одан әрі дамыту үшін ұсыныстар әзірлеу. Комиссияның құзырына кедендік-тарифтік және техникалық реттеу, үшінші елдерге қатысты сауда режімдерін белгілеу, бәсекелес, макроэкономикалық және энергетикалық саясат пен басқа да мәселелер жатқызылған.
Комиссия шеңберінде шешімдер қабылдау тетігі Кеден одағының қандай да бір қатысушы мемлекетінің басым болуына жол бермейтінін атап өту маңызды.
Бұған жалпы басшылық жасайтын Комиссия Кеңесіне әрбір тараптан үкімет басшыларының орынбасарлары кіреді. Комиссия Кеңесіне консенсус арқылы шешім қабылдайды. Кеңестің құзырына Кеден одағының және Біртұтас экономикалық кеңістікте ықпалдасу процестерін жалпы реттеу кіреді. Комиссияның атқарушы органы – Алқаға «үштік» мемлекеттерден үш өкіл кіреді. Комиссия алқасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Комиссия Кеңесінің шешімдерін орындайды. Кеден одағының және Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде ықпалдасу саласында ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асырады. Мұндай қызмет функционалдық бағыттар бойынша құрылады, оған Алқа мүшелері (министрлер) жетекшілік етеді. Алқа мүшелері мен Комиссия департаменттері өзінің қызмет бағыттары шеңберінде уәкілетті ұлттық органдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Қазіргі уақытта Комиссия құрылымында 23 департамент жұмыс істейді. Олар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің, Комиссия Кеңесінің және Комиссия Алқасының қызметін қамтамасыз етеді. 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап Комиссияның штат саны 1071 адамды құрайды.
Әрбір тараптың сол немесе өзге мәселе бойынша өз пікірі болады. Қазақстандық тарап өз ұстанымдарын белсенді қорғауға құқылы. Біз Ресей мен Беларусь тараптарының тізгінінде жүрмейтінімізді сеніммен айтуға болады.
Үш жақты талқылау барысында өзекті мәселелердің бірі – Еуразиялық экономикалық комиссиядағы кадрлар мәселесі болды.
Келіссөздердің қорытындылары бойынша Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың жобасында тараптар азаматтарының үлесін Одақ тараптарын пропорционал қаржыландыру арқылы айқындайтыны жөнінде ереже бекітілді. Елдің Одақ бюджетіне қаншалықты көп салымына қарай, Комиссияда оның азаматтарының саны көп болады.
Комиссия департаменттерінің директорлары мен олардың орынбасарлары бойынша ұзақ пікірталастар болды. Ақыр аяғында, үш тараптардың арасында уағдаластыққа қол жетті. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта лауазымды тұлғалар бойынша әрбір тарап тең дәрежеде болу нормасы бекітілді. Бұл лауазымдарда әртүрлі мемлекеттердің азаматтары, яғни егер департамент директоры қазақстандық болса, оның екі орынбасары Ресей мен Беларусь жағынан болады.
Бұл лауазымдарға кандидатураларды әрбір тарап Комиссия Кеңесінің өз мүшелері арқылы ұсынады. Кандидаттарды іріктеу кезінде алқасы мүшелерінен тұратын конкурстық комиссия құрылады. Конкурс қорытындысы бойынша директор немесе оның орынбасарының кандидатурасын Алқа төрағасы бекітпеген болса, онда соңғы шешімді Комиссия Кеңесі қабылдайды.
Комиссияның қызметкерлері халықаралық мәртебеге ие. Бізде мемлекеттік қызметке «күмәнді» болған азаматтарға жол берілмейді. Мемлекеттік қызметшілер мерзімді аттестациядан өтеді. Осыған байланысты, қазақстандық тараптың ұсынысы бойынша Одақ туралы шарттың жобасына үміткерлерге қосымша талаптар қою, аттестациядан өткізу жөнінде сұрақтар енгізілді. Бұл үміткерлердің соттылығы, қос азаматтығы, т.б. болуының тексеруге заңдылық мүмкіндігін береді. Комиссияның Кеңесіне комиссияның қызметкерлерін жұмыстан босатудың негіздерін белгілеуге құқық берілген. Бұл тараптың қаржыландыру үлесін қысқартуда, сондай-ақ аттестацияда теріс нәтиже анықталса, қызметкерлерді лауазымдарынан босатуды да реттейді.
Комиссияға жұмысқа қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады.Қазақстанның, Ресейдің және Белоруссияның азаматтары іріктеуге қатысуға құқығы бар. Есік барлығына ашық.
Осы сәтті пайдаланып, Комиссияның аппаратында жұмыс істеуге үміт білдірген біздің отандастарымыздың назарына саламын. Конкурсқа қатысу үшін құжатты Комиссияға жолдай беруге болады. Іріктеу бойынша, соның ішінде конкурс жүргізу қағидалары, үміткерлерге қойылатын талаптар, бос орындар жөніндегі жарияланымдар туралы барлық ақпарат Комиссияның сайтында орналасқанын
(www.eurasiancommission.org) айту парыз.
Әли КӨМЕКБАЕВ,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары.