Сонымен келешек ұрпақтың денсаулығын сақтауға бағытталған бастамалардың қай-қайсысы қолдау мен назар аударуды қажет ететіндіктен, Алматы қаласындағы №52 жалпы білім беретін мектепте бас аспазбен бірге өткен шеберлік сабағына келдік. Бұл жолы «Салауатты тамақтану мектебі» білім беру бағдарламасы аясында өткен дәріске 3-сынып оқушылары ата-аналарымен бірге қатысты.
Айтқандай, іс-шараға 2030 жылға дейін дүниежүзіндегі 50 миллионға дейін баланы дұрыс тамақтануға дағдыландыруға бастамашы болып отырған «Нестле Қазақстан» мен Алматы қалалық Білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығы ұйытқы болды.
Алматы қалалық білім басқармасының Білім берудегі жаңа технологиялар қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Татьяна Ежова балалардың дұрыс тамақтануға әдеттендіру туралы айта келе: «Бағдарлама барынша жеңіл болғандықтан, балалар негізгі қоректік заттар, пайдалы тағамдар, дәрумендер, диета құру негіздерін білуге ықыласпен ұмтылады», дейді.
Ал «Нестле» білім беру бағдарламалары бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Александра Макеева «Салауатты тамақтану мектебі» білім беру бағдарламасы өзінің 10 жылдығына қадам басып келе жатқанына тоқтала келе: «Осы ауқымды жобаның аясында тағы бір қосымша бастаманы қолға алдық. Балалар конкурс аясында сабақтан тыс уақытта мектепте немесе үйде бас аспаздар жүргізген онлайн шеберлік-дәрістері арқылы денсаулыққа пайдалы тағамдар әзірлеп, арнайы платформаға орналастырады. Біріншіден, бұл тағамдардың дайындалуы өте қарапайым, екіншіден өте пайдалы, үшіншіден дәмді әрі көңілді. Кулинарлық байқау бағдарламаның дәстүрлі форматына айналды. Кейін балаларға өмір бойы қажет болатын ойын түріндегі конкурс желтоқсан айында аяқталады. Әрине, жеңімпаздар марапатталады. Ең қызығы, бағдарламаға тартылған оқушылар үйде әке-шешелерін дұрыс тамақтана білуге үйретеді екен», дейді.
№52 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Рамила Тенешева: «Мектебіміздің жобаға алғашқылардың бірі болып қосылғанын мақтан тұтамыз. Әсіресе, біз үшін өте маңызды жетістік – мектеп пен отбасының байланысын атап өткім келеді. Ата-аналар бағдарлама маңыздылығын жоғары бағалайды. Тіпті осының арқасында үйдегі әдеттерін пайдалы жағына өзгерткендерін мойындады», дейді.
Сонымен қазан айынан бері Астана мен Алматы қалаларының мектептерінде Білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының қолдауымен, бастауыш сынып оқушыларына арналған аспаздық шеберлік байқаулары жүріп жатқанын айта кетейік. Дегенмен, бұл жердегі басты оқиға – байқау емес, келер ұрпақтың денсаулығы.