Өнер • 30 Қараша, 2022

«Бастау» – шығармашылық алаңы

314 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

29 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Алматыда сту­дент­тік және дебюттік фильмдердің X Халықаралық «Бастау» кино­фестивалі өтеді. Он жыл бойы тұрақ­ты өтіп келе жатқан ха­лық­аралық фестиваль биыл ал­ғашқы мерейлі белесін бағын­ды­рып отырғандықтан, байқау бағдарламасынан бірқатар ілкімді өзгеріс пен жаңалық орын алды.

«Бастау» – шығармашылық алаңы

Мерейтойға орай маңызы арта түскен «Бастау» жағрапиялық жа­ғы­нан жаңа рекорд орнатты: бұған дейін тұрақты қатысып ке­ле жатқан шет мемлекеттердің қатарын Жапония мен Израиль, Греция мен Палестина, Франция мен Қатар толықтырып, олармен бірге бірінші рет Боливия, Чили, Колумбия, Аргентина секілді Латын Америкасы елде­рінен де өтінім келіп түсті. Фес­тивальде Африка елдері де бар – бағ­дарламада Египет, Судан, Тунис режиссерлері түсірген фильм­дер көрсетіледі. Жалпы, ме­рейтойлық фестивальға қатысу үшін мыңнан астам өтінім ке­ліп түскен. Нәтижесінде, мың өтінім­нің ішінен іріктеу комиссиясы әлемнің 40 еліне тиесілі көркем құндылығы жоғары 53 жұмысты анықтады.

Фестивальды Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен дәстүрлі түрде Tanaris Production киноком­паниясы ұйымдастырып келеді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясында өткен бас­па­сөз конференциясында «Бас­тау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов көпшілікті биыл­­ғы байқаудың жаңалығымен және қазылар алқасының құрамы­мен таныстырды. Ол байқау­дың ­басты ерекшелігі ретінде фес­ти­вальдың жанрлық жағынан түр­ленгенін айырықша атап өтті. Жас­тар байқауының қысқаметр секциясында да, толықметрлі фильмдер арасында да конкурс­тық бағдарлама мен бәсеке күшті бол­ғалы тұр. Толықметрлі кар­ти­налардың бар­лығы да халық­ара­лық «А» сана­тын­дағы ірі фестивальдардың қаты­сушылары. 

Грузия елінен келген белгілі режиссер Георгий Овашвили то­лық­метрлі фильмдер байқауы­ның қазылар алқасына төрағалық ­жасаса, Өзбекстан киносының танымал тұлғасы Елкин Түйчиев қысқаметрлі фильмдер бай­қауы­ның қазылар алқасының төр­ағасы, ал қазақстандық Қалила Ома­ров деректі фильмдер байқауына қазылық жасайтын болды.

«Бастау» кинофестивалінің арт-директоры Диана Әшімова фестивальдің мақсаты туралы әң­гі­меледі. Фестиваль өнер кеңіс­­тігіне қанат қағып самғаған күні­нен бастап әлем елдерінің жас ки­не­матографистері арасындағы ынты­мақтастықты нығайтуды, олар­дың жұмысын қолдап, ілгерілетуді мұ­рат тұтып келеді. Фестиваль пре­зиденті Сергей Әзімов атап өткен­дей, «Бастау» жас режиссерлер мен сценаристерге өз жобаларын жүзеге асыру үшін бірегей алаң ұсынады. «Бастаудың» он жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеп келе жатуы, бұл фестивальдың кәсіби және бірлігі берік командасының қажырлы еңбегінің нәтижесі, со­ның арқасында ол барлық қиын­дықтарды сәтті еңсеріп келеді. «Сон­дықтан негізгі тұжырымда­ма былай болды: біз бәріміз – ұйым­дастырушылар, басшылар – ең жоғары кәсіби мағынадағы қызмет көрсетуші персонал болуымыз керек. Біз осы оқиғаның басты кейіпкерлері – авторлар, режиссерлер, операторлар, драматургтер, жас актерлер айналасында инфрақұрылым жасақтаймыз. Мұның бәрі жас авторлар үшін. Олар фестиваль тынысынан осыны сезінуі керек», – дейді ол.

Биылғы «Бастаудағы» басты жаңалық – жаңа жүлделердің таға­йын­далуы. Биылдан бастап ең үз­дік қысқаметрлі фильм­нің авторына Қалықбек Салықов атындағы сый­лық табысталады. «Бастау» пре­зиденті Сергей Әзімовтің айтуын­ша, «Қазақтың жаңа толқыны» «Бал­кон» фильмінен басталды және оның авторының құрметіне сыйлық тағайындау әділетті шешім. Бұл «Бастауда» берілетін жалғыз атау­лы марапат емес. Фестиваль аясын­да дәстүрлі түрде үздік де­ректі фильмге Қазақстан деректі кино­сының белді қайраткерлерінің бірі, Қазақ КСР халық әртісі, режиссер Ораз Әбішев атындағы сыйлық беріледі.

Сонымен бірге фестивальда алғаш рет NETPAC қазылар ал­қасы жұмыс істейтін болды – бұл 30 елдің арасында Азия киносын ілгерілету жөніндегі құрылған бір­­лестік. NETPAC әлем бойын­ша ондаған кинофестивальде беріле­тін «Үздік азиялық фильм» арнайы сыйлығын тағайындаған. Осы жылдан бастап мұндай марапат «Бастау» үшін де берілетін болды. NETPAC қазылар алқасын осы ұйымның басқарма мүшесі, киносыншы Гүлнара Әбікеева басқарады. Сонымен қатар қазы­лар алқасының құрамына NETPAC мүшелері болып табылатын қазақ­стандық продюсер Ольга Хлащева мен қырғызстандық киносыншы Гүлбара Толомушова да кірді.

Фестиваль аясында бірнеше қа­зақстандық картинаны көрер­мен тегін тамашалай алады. Ша­ра шең­берінде Асқар Ұзабаевтың «Ба­қыт» лентасы көрсетіледі. Кар­ти­на 72-Берлин кинофестивалінің «Панорама» бағдарламасында басты марапатқа, «Көрермендер көзайымы сыйлығына» ие болды. Осы секцияда Әділхан Ержановтың «Адемоканы оқыту» картинасы мен қазақстандық және ресейлік кинематографистердің бірлескен «Тарлан» атты туындысы бар.

Фестивалдың толықметрлі фильмдер байқауына қазақстандық Эльдар Шибановтың «Тау жуасы» дебюттік фильмі қатысады. Бұл – картинаның Қазақстандағы тұңғыш тұсаукесері. 2021 жылы «Тау жуасы» жобасы Италияның Мәдениет министрлігінің қол­дауы­мен құрылған Венеция биен­налиесіндегі кинозертхана – Bien­nale College Cinema өткізген конкурстың ақтық сынынан өт­кен болатын. Ал 2022 жылдың қыр­күйегінде әйгілі Венеция кино­фестивалінде оның әлемдік премьерасы өтті.

Сондай-ақ деректі жобалар­дың конкурстық бағдарламасы­на қатысатын Виктор Вилковиский­дің «Теңіздің оралуы» ғылыми-деректі фильмі көрермендерге Арал теңізі туралы нағыз шын­дық­ты баяндамақ. Ал фестиваль шымылдығының жабылу рәсіміне Мәди Балжановтың «Сүтті қыз» толықметрлі дебюттік филь­мі белгіленді. Бұл романтика­лық комедия, оны бүгінде сыншылар «Қазақстанның Амелиі» деп те атап кеткен.

«Бастау» өткен жылдардағы жүлдегер түлектерінің шығар­ма­шылық тағдырын қадағалап отырады. Талантты түлектер де сенімге лайық болып, әрқашан қуантып келеді. Биылғы фестиваль режиссер Яна Скопинаның «Жаздың соңы жақында» атты фильмі­нің қазақстандық премьерасымен ашылады. 2015 жылғы «Бастау­да» Яна «Ты что-то прячешь в кулаке» атты қысқаметрлі фильмі­мен фестивальдің Гран-приін же­ңіп алған болатын.

Фестивальдің серіктестері – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы, «Тұран» университетінің Turan Film Aca­demy жоғары мектебі және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Арт-директор Диана Әшімова қадап айтқан маңызды дүниенің бірі, фестивальден кейін көптеген копродукциялық жоба пайда болады. Жастар фестивальдің бес күнін бірге өткізеді, араласады, танысады, идеяларымен бөліседі, нәтижесінде бірлескен жаңа жобалар пайда болады. Жақында қазақстандық студенттер мен Бела­русь кинематографистерінің мә­дени ынтымақтастығынан жаңа идеяның жобасы туған. Фес­ти­валь­дың діттегені де сол – танысу, бас­қа елдердегі әріптестерімен бай­ланыс жасай отырып, бірлес­кен шығармашылық пен өнер көк­жиегін кеңейте түсу.

«Бастау» фестивалі жыл са­йын қазылар алқасына басқа фес­ти­вальдардың сарапшыларын ша­қы­руға тырысады. Өйткені олар өз еліндегі режиссерлердің қы­зықты картиналарын ұсынады не­месе кеңес береді, ал «Бастау» болса, шетелдік серіктестерінің сұранысына лайық қазақстан­дық фильмдерді таңдауға көмектесе­ді. Бұл – үздіксіз жүретін жүйелі процесс. Мысалы, Барбара Лорей де Лашарье – Фипрессидің мү­ше­сі, кинотанушы. Ол 2013 жылы «Бастау» фестивалінің қазылар алқасының құрамында болды және қазір де үнемі хабарласып отыратын көрінеді. Өткен жылы Стамбул Bosphorus Film Festival фестивалінің арт-директоры Эмра Килич келді. Сан-Себастьян кино­фестивалінің іріктеушісі Роберто Уэрта да «Бастаудың» қа­зылар ал­қасының мүшесі болды, ол испан картиналарын таңдауға жәр­дем берген. Бір сөзбен айтқан­да, мұн­дай ауқымды халықара­лық кино­фестивальдар өзара мәде­ни ықпал­дастыққа үздіксіз жұ­мыс істейтін пайдалы шығармашы­лық алаңы.

 

АЛМАТЫ