Қоғам • 30 Қараша, 2022

«Qyzmet live» – халықпен кедергісіз байланыс

195 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Жетісуда 1 076 307 мемлекеттік қызмет көрсетілген болса, оның 916 866-сы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Ал орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері 159 441 рет халыққа жәрдемдескен. Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің белсене жұмыс істеп жатқаны байқалады.

«Qyzmet live» – халықпен кедергісіз  байланыс

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – мемлекеттік органдар қызметін жетілдіруге арналған негізгі қағидат. Неге десеңіз, бүгінде көптеген мәсе­леге қозғау салып, ел тарапынан қолдау тауып отыр. Мемлекет бас­шы­сы­ның тұжырымдамасын іске асыру, мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсыну, азаматтардың өті­ніш­терін, шағымдарын жедел әрі тиімді қарас­ты­ру мемлекеттік ор­ган­дардың басты міндеті.

Бүгінде жергілікті атқарушы ор­­­ган­­дар көрсететін мемлекеттік қыз­мет 295 тізімнен тұрады. Оның 289-ы халыққа электрондық нұсқада ұсынылады. Жалпы қызмет санының 95 пайызы электронды нұсқада ұсынылса, 1,27 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген. Ал орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мемлекеттік қызметтердің 79 пайызын электронды түрде, 19 пайызын мемлекеттік корпорация арқылы көрсеткенін айта кету керек. Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің Жетісу об­лысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манап «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін белсене жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.

«Жыл басынан мемлекеттік қыз­­меттерді электронды түрде алу тәр­тібін үйрету бойынша 455 іс-шара өтті. Электрондық мем­ле­кеттік қыз­мет алуды халық арасында насихаттау үшін телеарнада 5 бағдарлама көрсетіліп, мерзімді баспасөзде 42 мақала жарық көрді. Одан бөлек, департамент бастамасымен халықпен кедергісіз байланыс орнатуды мақсат ететін «Qyzmet live» жобасы жүзеге асы­ры­луда», дейді Қ.Манап.

Бүгінде аталған салада ашықтық және есептілік қағидаттарын іске асы­ру үшін облыс әкімдігі мен «Жетісу» ТРК қолдауымен «Елге қызмет» бағдарламасы жұмыс іс­тейді. Сондай-ақ электрондық қыз­мет­­тердің қол­жетімділігін қам­та­­масыз ету мақса­тында облыс­та 1 051 өзіне-өзі қызмет көр­сету бұ­ры­шы ашылған. Сол ар­қылы 19 450 мемлекеттік қызмет көр­се­тіл­ген.

«Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін 2018 жылдан бастап 13 сервистік әкімдік ашылған болатын. Оның ішінде 3-еуі Қаратал ауданының Бастөбе ауылында, қалғаны Сарқан ауданының Черкаск ауы­лында, Ала­көл ауданының Қабан­­бай ауы­лын­да құ­рылды. Бүгін­де «сер­вистік әкім­діктер» ар­қы­лы 23 400 мем­­ле­кеттік қызмет көр­сетілді», дейді Қ.Манап.

Департамент өкілінің айтуынша, бұдан бөлек, өңірде мемлекеттік қызмет көрсету үдерісіндегі олқы­лық­­тар­ға, бизнес-процестердің тиісінше реттелмеуіне, әкімшілік ке­д­ергілерге және артық талап­тар­ға назар аударылып, мониторинг жүргізіліп жатыр.

 

Жетісу облысы