Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – мемлекеттік органдар қызметін жетілдіруге арналған негізгі қағидат. Неге десеңіз, бүгінде көптеген мәселеге қозғау салып, ел тарапынан қолдау тауып отыр. Мемлекет басшысының тұжырымдамасын іске асыру, мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсыну, азаматтардың өтініштерін, шағымдарын жедел әрі тиімді қарастыру мемлекеттік органдардың басты міндеті.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызмет 295 тізімнен тұрады. Оның 289-ы халыққа электрондық нұсқада ұсынылады. Жалпы қызмет санының 95 пайызы электронды нұсқада ұсынылса, 1,27 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген. Ал орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мемлекеттік қызметтердің 79 пайызын электронды түрде, 19 пайызын мемлекеттік корпорация арқылы көрсеткенін айта кету керек. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манап «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін белсене жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.
«Жыл басынан мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу тәртібін үйрету бойынша 455 іс-шара өтті. Электрондық мемлекеттік қызмет алуды халық арасында насихаттау үшін телеарнада 5 бағдарлама көрсетіліп, мерзімді баспасөзде 42 мақала жарық көрді. Одан бөлек, департамент бастамасымен халықпен кедергісіз байланыс орнатуды мақсат ететін «Qyzmet live» жобасы жүзеге асырылуда», дейді Қ.Манап.
Бүгінде аталған салада ашықтық және есептілік қағидаттарын іске асыру үшін облыс әкімдігі мен «Жетісу» ТРК қолдауымен «Елге қызмет» бағдарламасы жұмыс істейді. Сондай-ақ электрондық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында облыста 1 051 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылған. Сол арқылы 19 450 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
«Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін 2018 жылдан бастап 13 сервистік әкімдік ашылған болатын. Оның ішінде 3-еуі Қаратал ауданының Бастөбе ауылында, қалғаны Сарқан ауданының Черкаск ауылында, Алакөл ауданының Қабанбай ауылында құрылды. Бүгінде «сервистік әкімдіктер» арқылы 23 400 мемлекеттік қызмет көрсетілді», дейді Қ.Манап.
Департамент өкілінің айтуынша, бұдан бөлек, өңірде мемлекеттік қызмет көрсету үдерісіндегі олқылықтарға, бизнес-процестердің тиісінше реттелмеуіне, әкімшілік кедергілерге және артық талаптарға назар аударылып, мониторинг жүргізіліп жатыр.
Жетісу облысы