Қаржы • Бүгін, 08:53

Несиені төлей алмасам, не болады?

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заңгер Рауан ЕСБЕРГЕН

жауабы: 

– Несие алып, төлей алмай қи­налып жүрген адам өте көп. Бірі жұ­мыссыз қалса, бірі сырқаттанып, шығынға батады. Күтпеген жағдайда табысынан айырылатындар да бар. Бірақ бәрінің көкейінде бір ғана сұрақ маздап тұрады: «Кредит төлен­бей қалса не болады?». Осыны ашық ұғынып алмаса, он есе қатты уайымдайды. Сондықтан толық түсіндіріп берейін.

Несиені төлей алмасам, не болады?

Ең бірінші қиындық – қоңыраулар. Кредит кешіксе, банк те, коллектор да мазаңызды алады. Тіпті туысқан­дарыңызға дейін хабарласады. Бірақ бұған төтеп беруге болады. Егер сіздің қарызыңыз үшін бөтен адамдарды мазалап жатса, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне шағым түсіре аласыз. Мұндай әрекет – сіздің заңмен бекітілген құқыңыз. Ал үш ай өткен соң, кредитор міндетті түрде жазбаша талап жібереді. «Сотқа береміз, нотариус арқылы шығарамыз» деген ескерту жазады. Бұл да – заңның өз жолы, одан қашып құтыла алмайсыз, бірақ қорқатын дәнеңе жоқ.

Ең үлкен қиындық іс сот орын­даушыға өткен кезде басталады. Бұл кезде барлық банктегі шоттарыңыз жабылады. Жұмыс істеп жүрсеңіз, айлығыңыздан ұстай бастайды. Атындағы дүние-мүлікке тыйым салынады. Қарыз көп болса, мүлік сатылып, қарызды жабуға кетеді. Осыны көп адам білмей, аяқасты абдырап қалады. Тағы бір үлкен қателік – гарант болу. Мен мұны үнемі айтамын, ешкімге гарант болмаңыз. Себебі ол адам төлемей қалса, қарыз түгелдей сіздің мойныңызға түседі. Бұдан бөлек, сізге шетелге шығуға тыйым салуы мүмкін. Көлік жүргізу құқығы да шектеледі. Нотариуста құжат жасап, сатылым өткізуге де болмай қалады.

Ал сотқа келсек, одан қорқудың қажеті жоқ. Көп адам «сотқа берді» дегенде «бәрі бітті» деп ойлайды. Шын мәнінде, сот – шешім табуға мүмкіндік беретін жер. Онда қарызды бөліп төлеу кестесін жасап алуға болады. Өсімпұлды азайтуға мүмкіндік бар. Азаматтық кодекстің 297-бабы осыны нақты қарастырады. Егер сізде табыс мүлде болмаса, банкроттыққа жүгінуге болады. Ал табыс бар, бірақ қарыз ауыр болса, төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі бар. Яғни сот сіздің жауыңыз емес, керісінше жағдайды реттеуші.

Мүлік кетсе де, ең бастысы, денсаулық аман болсын. Күйзелген адам ештеңе шеше алмайды, табыс таба да алмайды. Ал кредиттен құтылудың жалғыз жолы –  табыс табу. Ол үшін адамның ойы тыныш болуы керек. Жүйке шаршаса, ештеңеге шамасы келмейді. Сондықтан ең алдымен үрейді жеңу керек. Жолы көп. Банкке барып, төлем кестесін сұраңыз, сот арқылы өзіңізге ыңғайлы төлем кестесін жасатып алыңыз, өсімпұлды азайтуды талап етіңіз, жағдай тым қиындаса, банкроттыққа жүгініңіз. Не болатынын біліп жүрсеңіз, қорқыныштың көбі тарайды. Ал адам үрейге жол бермесе, дұрыс шешім
қабылдайды.

 

Дайындаған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»