Медицина • Бүгін, 08:33

Жансақтау бөліміндегі 12 күн

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Медицинадағы қайнаған тіршіліктен бейхабар адам дәрігердің әр күні қандай қарбаласта өтетінін біле бермейді. Кейде бір тәулікте бір ғасыр өмір сүргендей күй кешесің. Жұмысымыз адам өмірін сақтаумен байланыс­ты болған соң, пациенттердің тілеуін тілеп жүріп небір оқиғалардың куәсі болдық. Бүгін сондай бір оқиғаның жай-жапсарын көпшілікпен бөліскім келіп отыр.

Жансақтау бөліміндегі 12 күн

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғы­лы­ми­ орталығының бөлім мең­ге­­рушісі болып жұмыс істейтін кезім. Кішкентай пациент Айым 2024 жылғы 23 сәуірде Алматы облысы Қа­расай ауданында дүниеге келген. Туған соң бір тәулік өтер-өтпестен жағдайы нашарлай бастаған. Нәрестенің тыныс алуы қиындап, орталық жүйке жүйесінің депрессиясы, анемия белгілері байқалған. Жергілікті дәрігерлер оған арнайы көмек қажет екенін бірден түсініп, жансақтау бөліміне ауыстырады. Алайда нәрестенің жағдайы күннен күнге қиындап бара жатқанынан хабардар ата-ана перзентін қалай да қаладағы ауруханаға ауыстыруға бел буады.

Сол күні әдеттегідей операциядан шығып, смартфонға үңілдім. Қапта­ған хаттардың арасынан «бүгін бөлім­шеге өте ауыр жағдайда науқас жеткізі­леді» деген хабарды оқыдым. Көп ұза­май, 11.30 шамасында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орта­лы­ғы­ның бөлімшесіне кішкентай Айым қабылданыпты. Баланы Қарасай ауданынан жедел жәрдем көлігімен жеткізген дәрігердің айтуынша, нәрестенің халі ауыр. Осыны ескеріп, әр минутты тиімді пайдалануға тырыстық. Палата дәрігері тез арада диагностика мамандарын шақырды. Бүлдіршінге респираторлық, инфузиялық ем тағайындадық. Қалған емшараларды анализ, зерттеулердің қорытындысынан кейін қосамыз деп келістік. Осы аралықта жоспарлы опера­цияларға анестезиялық көмек көрсе­ту мақсатында операция бөлмесіне тағы кеттім. Шамамен екі сағаттан соң жос­парлаған зерттеулеріміз, алған ана­лиздеріміз дайын болды. Нәти­же көңіл көншітерлік емес. Тромбоцит­тердің төмен деңгейі геморрагиялық асқынулардың қаупін арттыратындықтан алаңдай бастадық. Биохимиялық қан анализінде де ауытқулар анықталды. Жүректі УЗИ жасағанда екі қарыншаның айқын гипертрофиясы, өкпелік гипертензия, төменгі қуыс тамырының жүрекке құя берісінде тромб анықталды. Сол сараптамаларды басшылыққа алып бірден емшара тағайындадық. Нефролог, кардиохирург, ангиохирург, невропатолог, гематолог, клиникалық фармаколог мамандарымен бірге консилиум жүргіздік. Барлық алынған мәліметтерді талқылап, нәрестеде сепсис диагнозы, ағзаның жүйелік зақымдануы байқалады деген қорытындыға келдік. Қарқынды еммен қатар перитонеалды диализді қосамыз деп шештік. Шынында бізге шешім қабылдау өте қиын болды. Себебі бір емшара науқас ағзасындағы басқа асқынуларды қоздыруы мүмкін.

Жүргізіп жатқан қарқынды емге қа­ра­мастан, алғашқы үш күн науқастың жағ­дайы нашарлай берді. Сағат сайын оның жағдайы қиындап, септикалық шок туды. Бізге әр минут қымбат еді. Бір сәт­те жағдай одан да ауырлап, жүрек-қан­тамыр жеткіліксіздігі қосылды. Сал­­да­рынан бір ғана емес, үш бірдей кардио­тоникалық (норадреналин, допамин, симдакс) дәріні қолдануға тура келді. Жағ­­дайдың ауырлығына қарамай, қолдан кел­генше әрекет ете бердік. Бесінші күн дегенде науқастан өзгерістердің ал­­ғашқы белгілерін байқай бастадық. Ал­ғашқы күндері емшараға араласқан әрбір дә­рігер, медбике отпен ойнағандай күй кеш­ті. Бесінші күннен кейін де жағдай оңа­латынына жүз пайыз сенімді болмадық.

Жетінші күні нәрестенің беті бері қа­рай бастады. Зәрі көбейіп, ісінгені аздап басылды. Бұл нәресте ағзасы су балансын сақтай бастады деген сөз. Бірнеше күн бұрын анализдерде байқалған азотты шлактар біршама азайған. Сегізінші күн дегенде ғана біздің көңіліміз аздап орнына түскендей болды. Осы кезеңде екі кардиотоникалық препараттан бір­тін­деп бас тартуды шештік. Келесі қа­дам­мен баланың санасын тексеретін «Декс­дор» деп аталатын седативті пре­па­ратты тоқтаттық. Бірнеше минут кү­діктен кейін баланың төңірекке қа­рай бастағанын байқадық. Осыдан соң ба­ланы тыныс алу аппаратында мәж­бүр­лі режімнен қолдаушы режімге ауыс­тыруды ұйғардық. Нәрестені зонд ар­қы­лы қоректендіруге көштік. Бұл бала­ның қалпына келу жолында маңызды кезең болды. Себебі тамақтану – өмір сү­руге қа­жетті үдеріс, баланың қалпы­на келуіне ық­пал ететін басты фактор­лар­дың бірі. Әрбір тамшы азық зонд ар­қы­лы түскен сайын бізге кішігірім жеңіс­­пен пара-пар болды. Оның әрбір қимы­­лын, өзгері­сін бақылап, ағзасы жаңа жағ­­дайға бейім­деле бастағанын байқап
отырдық.

Оныншы күні баланың ес деңгейі жақсарды. Көзін ашып, жан-жағына қарады. Денесін белсенді қозғалтады, аузындағы эндотрахеалды түтікті сорады. Бұл белгілер ағзасы өмірге қайта орала бастады дегенді білдіреді. Жасанды тыныс алу аппаратына тәуелді болмай, өздігінен тыныс ала бастады. Гемодинамикасы да реттелді, жүректі ынталандыратын дәрілерден толықтай арылдық. Жүрек­­ті ультрадыбысты зерттеу кезінде тромб көлемінің нүкте секілді жоқ бол­ға­нына көз жеткіздік. Шлактардың, электро­литтердің, ақуыздардың, басқа да маңызды көрсеткіштердің қалыпқа келгенін көргенде ерекше қуандық.

Жансақтау бөліміндегі 12 күннен соң бала жағдайын ескеріп, оны неонатология бөліміне ауыстырдық. Бұл бөлімде бала тағы бес күн бақылауда болды. Сәбидің ата-анасы дәрігерлерге алғысын жаудырып, тілек-лебіздерін жеткізді. Олардың жылы жүздерін көріп, біздің мойнымыздан ауыр жүк түскендей болды. Шын қуандық, бірақ көңіл босата алмадық. Себебі сол сәт дәрігер келіп, кезекті тағы бір операцияға кіретін уақыт таяғанын хабарлаған еді.

 

Нұрсұлтан ҚҰРБАНБЕКОВ,

№2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасы Анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі

 

Астана