Көрмеге Еуропа, Азия, араб әлемі, АҚШ, Ресей, Молдова, Армения және Өзбекстан елдерінен 70-тен астам суретші қатысып отыр. Олар бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, фотография, сән дизайны, видеоарт және материалдық тәжірибелер бағытындағы туындыларын Қазақстанда алғаш рет көпшілік назарына ұсынды.
Жоба инклюзивті халықаралық платформа ретінде ұйымдастырылған. Оның басты мақсаты – әртүрлі мәдениеттер мен көркемдік көзқарастарды бір кеңістікте тоғыстырып, шығармашылық арқылы өзара түсіністік пен үйлесімділікті насихаттау. Көрме адамзаттың ортақ құндылықтарын алға шығарып, айырмашылықтарды емес, бірлікті дәріптейтін идеяға негізделген.
Көрменің арнайы бөлімі заманауи араб өнеріне арналған. Бұл бөлімде Парсы шығанағы елдері – Бахрейн, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Оман, сондай-ақ Иордания мен Ирак суретшілерінің жұмыстары қойылған. Авторлар дәстүр мен заманауилықтың арасындағы байланысты зерттеп, мәдени мұра мен қазіргі көркемдік ізденістерді ұштастырған.

Жоба аясында Сауд Арабиясының танымал суретшісі Ахмед Әл Маглуттың жеке экспозициясы да ұсынылды. Оның шығармалары қоғамдық қатынастарды, дәстүрлі өмір салтын және әйелдердің қоғамдағы өзгеріп жатқан рөлін терең әрі шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді. Сонымен қатар суретші қайырымдылық бағытындағы бастамаларымен де танымал.
Көрмеге қатысушылар қатарында БАӘ-ден Калсам Белселах, Катардан Фархан Әл Шейх Әл Сайед, Сауд Арабиясынан Джамела Әлхерз, Ирактан Моханнад Әл-Дауд, Ливан/БАӘ өкілі Кристин Эль Ожейл, сондай-ақ Сара Альбаннай, Али Ахмади, Марам Хасан сынды шеберлер бар. Олардың туындылары ұлттық болмыс, мәдени жады, символика мен заманауи эстетиканы түрлі қырынан көрсетеді.
Жапон өнерінен шабыт алған kawaii эстетикасы да көрмеде ерекше орын алған. Бұл бағыт нәзік сюрреализм мен эмоционалдық көпқабаттылық арқылы ішкі әлем мен психологиялық тереңдікті бейнелеуге негізделген.
Еуропалық суретшілер – Ұлыбритания, Испания, Италия, Польша және Австрия өкілдері заманауи өнердегі эксперимент пен субъективті көзқарастарды ұсынады. Ал Ресей мен Армения авторлары сәндік-қолданбалы өнердегі авторлық жұмыстарымен ерекшеленеді.
Қазақстан суретшілері де көрмеге белсенді қатысып жатыр. Олар ұлттық дәстүр мен мәдени бірегейлікті ою-өрнек, символика және түстер арқылы бейнелеген. Қатысушылар қатарында Гүлнар Сүйінбаева, Серік Тайнов, Қабыл Халықов, Гүлнара Табанова, Елена Фурса, Маржан Бақытбекова, Айгүл Сапарбекова және Бибігүл Смақова бар.
Жобаның тең кураторы әрі ұйымдастырушысы – суретші, педагог, Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының мүшесі Бибігүл Смақова.
Көрменің ашылу салтанатында суретшілер мен серіктестерге Лондоннан шыққан Britrise брендінің BritAlma сыйлығы табысталды.
«Бір аспан астында» көрмесі – мәдениеттер диалогын дамытып, өнер арқылы адамзатты біріктіруге бағытталған маңызды халықаралық жоба.