Іс-шараға ҚФФ бас хатшысының міндетін атқарушы Александр Кеплин, лицензиялау департаментінің директоры Ержан Мұсабеков, кәсіби клубтар жарыстарын ұйымдастыру дирекциясының спорт менеджері Айжан Кенжина, әйелдер футболы бөлімінің менеджері Наталья Горенко және Қазақстан WU-17 қыздар құрамасының аға бапкері Юлия Мамонова қатысты.
Жиын барысында Александр Кеплин өткен маусымдағы өзгерістер мен әйелдер футболындағы өсімді атап өтті.
«Былтыр Қазақстан футбол федерациясы әйелдер арасындағы ел чемпионатын жаңартып, 14 командадан тұратын толыққанды лиганы іске қосты. Биыл қатысушылар саны 19 клубқа дейін артты. Бұл – елдегі әйелдер футболының дамып келе жатқанын және чемпионатқа деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді», деді ол.

Оның айтуынша, өткен маусымда көрермендер рекорды да тіркелген.
«Өткен маусымда «Ақтөбе» мен «БИІК-Шымкент» арасындағы матч Қазақстан әйелдер футболы тарихындағы көрермен саны бойынша рекорд орнатты. «Қобыланды батыр» атындағы стадионға шамамен 8,5 мың жанкүйер жиналды. Жаңа маусымда біз бұл көрсеткішті кем дегенде қайталап, тіпті жаңартуды жоспарлап отырмыз», деді Александр Кеплин.
«Тоттенхэмнің» бұрынғы директоры Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы болып тағайындалды
Сондай-ақ ол УЕФА-ның Қазақстандағы әйелдер футболына деген қолдауын ерекше атап өтті.
«Сондай-ақ Қазақстан әйелдер футболына УЕФА тарапынан көрсетіліп отырған назарды ерекше атап өткім келеді. Еуропалық футбол ұйымы Қазақстанға әйелдер арасындағы халықаралық турнирлерді тұрақты түрде өткізуді сеніп тапсырып келеді. Олардың қатарында жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңдері мен УЕФА Даму турнирі сияқты жолдастық жарыстар бар. Осындай кезекті турнир 2026 жылғы 3-8 мамыр аралығында Талғарда өтеді. Онда WU-16 құрамасы Эстония, Өзбекстан және Израиль құрамаларына қарсы ойнайды», деді федерация өкілі.
Жиында өткен маусым қорытындылары талданып, алдағы даму бағыттары қаралды. Сонымен бірге клубтарды лицензиялау талаптары мен әйелдер және жасөспірімдер футболын жүйелі дамыту мәселелеріне назар аударылды.
«Қазақстан футбол федерациясы атынан бүгін Әйелдер лигасында маусымды бастайтын барлық командаға сәттілік тілейміз», деп түйіндеді Александр Кеплин.
Жаңа маусымға 19 клуб қатысады. Командалар екі конференцияға бөлініп, тұрақты кезеңнен кейін әр конференцияның үздік екі ұжымы плей-офф кезеңіне шығып, чемпион анықталады.
Қазіргі ел чемпионы – «Ақтөбе» клубы. Ол 2026-2027 жылғы УЕФА әйелдер Чемпиондар лигасында Қазақстан атынан өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Әйелдер лигасының 2026 жылғы алғашқы туры 27 сәуірде басталады. Барлық матчтар KFF League YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.