Фото: Ақорда
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елдеріміз арасында достық қарым-қатынас орнады. Израиль Мемлекеті Қазақстанның егемендігін алғашқылардың бірі болып мойындады. 1993 жылы дипломатиялық өкілдіктерімізді аштық. Содан бері белсенді саяси диалог қалыптасты. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықта елеулі жетістіктерге қол жеткіздік», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Ибраһим келісімдері өңірлік тұрақтылыққа, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға берік негіз қалайды.
«Өзіңізге мәлім, Қазақстан бұған дейін қабылдаған шешімін ұстанады. Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімін таяу келешекте Астанада ұйымдастыруға болады деп есептейміз. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін», деді Мемлекет басшысы.
Ақордада Израиль Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
Ицхак Герцог Қазақстан мен Израиль арасындағы әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын айтты
«Президент мырза, Қазақстан толеранттылық пен конфессияаралық диалогтың бірегей үлгісін көрсетіп отыр. Сол үшін Сізге алғыс айтамын. Сонымен қатар екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен тауар айналымын арттыруға мүмкіндік мол екеніне назар аударғым келеді. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдай аламыз. Атап айтқанда, біз тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделіміз. Ол іскерлік және сауда қатынастарына оң ықпал етеді. Бұдан бөлек, екіжақты құқықтық-келісімшарт базасын кеңейтуге ниеттіміз. Қазіргі кезде бірқатар келісім, соның ішінде қосарланған салықты алып тастау туралы уағдаластық пысықталып жатыр», деді Израиль Президенті.
Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, барлық деңгейдегі ықпалдастықты жандандыруға, сондай-ақ бірлесе күш жұмылдыра отырып серіктестікті жаңа әрі сапалы кезеңге шығаруға келісті.
Мемлекет басшысы мен Израиль Президенті шағын құрамда келіссөз жүргізді