Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2022

Саңлақтың соңғы самғауы

457 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алды сайран, арты ойран опасыз дүние-ай десеңші...
Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов жалғанның жарығымен қоштасты. Ел-жұртын әлемге әйгілеген есіл ердің қазасы қабырғамызды қайыстырып-ақ жіберді. Ұлтымыздың ұлықтауға лайық ұлдарының бірі еді. Амал қанша, көзі тірісінде қадіріне көп жете қоймадық. Алаштан ат оздырған айтулы тұлғамызды өз дәрежесінде ардақтай алмағанымыз арқаны аяздай қариды.

Саңлақтың соңғы самғауы

Осындайда ойға оралады. Анау бір жылы мұнаралы Мәскеудегі абзал ағаны арнайы іздеп бардым. Содан екеуіміз өзіміздің елшіліктің қонақ үйінде емін-еркін сұхбат құрғанымыз естен кетер ме?! Ағыл-тегіл әңгіме үстінде «артықтау кетсем айыпқа бұйырмаңыз, кейбір бауырларыңыз сіздің қазақ екендігіңізге күмән келтіреді» деп көкейімізді тескен қолайсыздау сұрақты қойып кеп қалдық. Сабазың саспады. Төбеден түскендей сауалымызға төтелей жауап қайтарды: «Қайдан білейін, қарағым. Шешесі орыс дейтін шығар... Әйтпесе, әкем таза қазақ. Кешегі кеңестік паспортымда ұлтымның қазақ екендігі көрсетілген-тұғын. Әскери билетімде ондай жазу әлі бар. Мен бір­деңе білсем, біздің қазақ туыстық тамырларын әке жағынан таратады емес пе? Ата-тегін анасы жағынан анықтайтын еврей емеспіз ғой...».

Осы «тойғанымызбен» қоймай, тағы да қиялай тарттық: «ақыры бас жақ­қа барыстық қой, оның үстіне сүйек сұраспасақ отыра алмайтын халықпыз. Ендеше сүйегіңізді айтыңызшы?». Қай­ран ағам қасқайып тұрып «Қазаққа талай батыр сыйлаған жаппаспын! Әкем марқұм мұны ұмытпастай қылып құлағыма құйған», деді дауысы саңқ етіп.

Бүйректен сирақ шығаруға құмар базбір ағайындар «Ол Қазақстанға еңбек сіңірген жоқ. Өзбекстан мен Ресейдің атын шығарды» деген сыңайдағы сыңар­жақ пікірді әлі күнге дейін айтады. Ал сол шіркіндер Әлекеңнің Отанына оралу­ға талай рет талпынып, одан ештеңе шық­паған соң іштен тынып, өмір бойы өкінуімен өткенін білсе ғой...

Бұл өзі келтесінен қайыруға келмейтін ұзақ әңгіме.

Осы кісі маған кейде әу бастан басқа жұрттың бағына туғандай көрінетіні бар. Неге дейсіздер ғой. Айтайық. Ол туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын кезінде КОКП көсемі Хрущев Өзбекстанға қосып жіберді. Ондағы қандастарымыз ойламаған жерден ала тақиялы ағайындардың арасына сіңді де кетті. Баскетбол добын он жеті жасында қолына алған Әлжан асқан талантының ар­қасында осы ойын­ның әліппесімен әлдеқайда ертерек танысқан әріптестерін басып озып, Ташкенттің таңдаулы клубтарында өнер көрсетті. Көп кешікпей КСРО құрама командасының сапына ілікті. Сол-ақ екен атақты Гомельский оның соңына түсті. Талайды көрген тарланбоз бапкер баскетбол аспанында жаңа туып келе жатқан жарық жұлдызды жазбай таныды. Басқалар «қағып» әкетпей тұрғанда бұрынырақ қимылдауды дұрыс көріп, өзі жаттықтыратын әйгілі ЦСКА-ға шақырды. Басқа біреулер болса көктен іздегені жерден табылғандай, қуана-қуана келісер еді. Әкем-ау, атынан ат үріккендей Александр Яковлевичтің өзі аттай қалап шақырып тұрса... Сайдың тасындай сайыпқыран ойыншылардың бәрі соның төңірегінде топтасса... Бұдан артық не керек енді?!

Бірақ біздің «қырсық» қазақ қиям­пұрыс мінез көрсетіп ұтымды ұсы­ныстан үзілді-кесілді бас тартты. Айт­қанына көніп, айдауына жүрмеген асау Жармұхамедовті «жуасытпақ» пиғылмен Гомельский бетін теріске бұрды... «Әлжан, әлі өкінетін боласың. Сан саңлақ ЦСКА-ның есігінен сығалай алмай жүр. Сен болсаң, басыңа қонған бақты тептің...» деп шытынап, тісін шықырлатты. Онымен қоймай Мексика Олимпиадасына аттанып бара жатқан ел құрамасының тізімінен мұның аты-жөнін сызып тастады. Басқа да беделді жарыстардың маңайын бастырмады.

Гомельскийдің қуғын-сүргіні одан соң да тоқтамады. ЦСКА-ға алу үшін әскер қатарына шақыртты. Әбден зәрезап болған Әлжан Алматыға қашты. Өкінішке қарай, мұндағылар «жаны қысылып, жақынын іздеген» жампозды паналата алмады. Одақтың ортақ заңдарына сүйенген өзбектер бізден тартып әкетті.

«Айналдырған ауру алмай қоймайды» екен. ЦСКА ақыры Ә.Жармұхамедовті алып тынды. Қорғаныс министрлігінің орынбасары, маршал Соколовскийдің пәрменімен... Бұлжымай орындалатын әскери бұйрық бұл қанша бұлқынғанмен бұлтартпады. Сөйтіп 1969 жылдың күзінде әлгі Гомельский әзіл-шынын ара­ластырып айтқандай, «Жармұхамедов Ташкенттен жалаң аяғына кебісін киіп, Мәскеуді бағындыруға келді».

ап

Былай қарағанда, Мәскеу бұған бәрін берді. Атақ-даңқы аспандады. Одақтың, Еуропаның, әлемнің дүбірлі додаларында топ жарды. 1972 жылы Мюнхен Олимпиадасында командаластарымен бірге аты шулы Американы финалда жеңіп, айды аспанға шығаратындары өз алдына бөлек тарих. Оның бәрін тізіп шығу үшін әжептәуір уақыт керек. Мерейтойларында президент пен премьер құттықтады. Өз мектебін ашты.

Ағам бәрібір ана жаққа көңіліндегі көксеулі арманын арқалай кетті...

Ол бірде оңаша отырғанда маған «Сен білесің бе, Мәскеуде қырық жыл тұрсам да сіңбедім. Бір түрлі бөтен... Адам жасы ұлғайған сайын өзінің алтын бастауларын іздейді екен. Әйтеуір күн жылып, қары ери бастаған шақта көкірек сыздап, әлдене жетпегендей әрі-сәрі күйге түсемін. Түсімде ылғи Табақсайымды көремін. Сосын мәселенің мәнісін түсіне қоямын да, Ташкенттің пойызына отырып тартып кетемін. Содан ағайын-туғанның, Шыршықтың суына бірге шомылған бала күнгі достарымның ортасында алаңсыз аунап-қунаймын. Сөйтіп Мәскеудің мезі қылар у-шуынан бір демаламын».

Ұмытпасам, үш ұмтылып, Алматыға жете алмады. Тіпті Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежанов та бұл мәселемен бел шешіп айналысса да ретін келтіре ал­мады. «Қайтейін, айналып табар қа­зығымды қаға алмай кеткенім өзегімді өртейді» деп ағынан жарыла ақтарылғаны жадымда жиі жаңғырады.

Ал, енді бар ма, марқұмның қазақтығы керемет болатын. Ілгеріде іссапармен Ас­­танаға келген әдебиеттану білгірі Мұ­­ха­медрақым Жармұхамедовпен әң­гі­мелескеніміз есте. Айтуынша, Әл­жандармен Табақсайда көрші тұрыпты. Бірде бұл кісі екі ұлын өзбек молдасын шақырып, сүндетке отырғызыпты. Содан шаруасын бітіріп үйіне қайтуға беттеген молдекеңнің шалғайына Әлжан жатып жармасып, өзін мұсылман жасап кетуін өтініпті. Алайда заң-зәкүннен қорыққан, оның үстіне әке-шешесінің рұқсатын алмағандықтан молдекең тартына беріпті. Соны байқаған Мұқаңның анасы айқай салыпты. «Ау, молдеке, ана баланың меселін неге қайтардың? Әлде бәрің орыс келіннен қорқып тұрсыңдар ма? Жауабын өзім берем. Кәне, екі немеремнің жанына жатқызыңдар...». Дәл осы кезде Әлжанның шешесі ауруханада емделіп жатса керек.

– Тағы бір қызығын айтайын бұл Әлжанның, – деп Мұхамедрақым көкеміз екінші бір әңгіменің шет жағасын шығарған еді сол жолы. – Бірде Мәскеуге бардым. Содан Әлжанның пәтеріне телефон соқтым. Баяғы бала күнінен білемін ғой. Таксилетіп мені бірден үйіне апарды. Обалы нешік, Лариса келінім келістіріп ет асты. Етке тойған соң інім екеуіміз өткен-кеткенді еске алыстық. Мүсірбек әкесі жоқты жонып тапқандай шебер болатын. Біздің үйді сол ағамыз салып берген. Мен онда ауылдағы мектептің директорымын. Сөз арасында, «Әй, осы сенің жүлделерің көп деп естиміз. Көрсетші» дедім бойымды әлдебір әуестік билеп. Көрсетті. Өлшенсе өзімен кетсін, тура жарты қап темір-терсекті алдыма тастағанда таңданыстан басымды шайқай беріппін ғой. Түн ортасы ауа жастыққа бас қойғанымыз сол еді, кіші ұлын көтеріп әкеп, менің қойныма жатқызды. Онысы бейтаныс қонақты жатырқап, қарсылық білдіргендей сыңай танытып еді, баласын басынан сипап отырып, менің өздеріне жақындығым барын, кешегі атасы мен әжесінің көзін көрген адам екенімді түсіндіріп еді, әлгі айналайын кішкентай Жармұхамедовтің көне кеткені... Солай...

Ал енді Әлжанның қазақтығына мін тағып көр, бұдан кейін...

Жаманат хабарды естігелі бері екі күнде еңсегей бойлы (2 метр 7 сантиметр) ер мінез ағаммен болған төрт-бес кез­десудің сәулелі сәттері көз алдымда қайта тірілгендей күй кештім. Жарықтық, өте сауатты һәм мәдениетті жан еді. Оқыған-тоқығаны өте көп. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» аузынан тастамайтын. Астанаға келгенде мен оған Олжас Сүлейменовтің таңдамалысын сыйға тарттым. Сөйтсем ол Олжекеңді білетін болып шықты. Спорттың үлкен жанашыры Мүсілім Дайырбековтің мерейтойында танысыпты. «Қазақшасы менен сәл нашарлау екен» деп қағытқанын қайтерсің.

Ол Отанын сүйді. Өзінің қазақ екенін мақтан тұтатын. «Тұңғыш па, әлде тоқсан тоғызыншы Олимпиада чемпионымын ба, маңызды емес. Ең бастысы, қазақ екенімді ұмытпасаңдар болғаны» дегенде көңілім босап, көзім жасаурағанын қайтіп ұмытайын.

Айтпақшы ағаның ауырып қалғанын естіп, жазда телефон шалғанымда дауысы әдеттегіден бәсеңдеу естілді. «Еш­теңе етпес, күресіп бағамын» деді. Ең соңғы сөйлескеніміз сол. Құнтсыздықты қой­саңшы бұл. Кеше ғана көрдім. Қалай бай­қамай қалғам. Маған WhatsApp арқ­ылы Қазақстан баскетболының қазіргі ахуалы, оны жақсарту жолдары туралы пікірін жазып жіберіпті. Жерлестерінің осынау спорт саласындағы аяқ-алыстарын үнемі назарда ұстайтынын, көп нәрсеге көңілі толмайтынын, жасөспірімдер құрамасының қайдағы бір орта қолдан төмен елдердің командаларынан ойсырай ұтылатыны жанына қатты бататынын ашына жазыпты, жарықтық.

Саңлақтың соңғы самғауы еді бұл.

Көрдіңіз бе, қайран ағам екі дүниенің ортасында жатып та, артындағы қалың елі қазағының қамын қалай жейді? Қазақтың қаны бойында тулап жатпаса, өстер ме еді?!

...Жұлдызы жат жұртта жанған жақсы ағамның жатқан жері жайлы болғай...