Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2022

Қатайған жүректі жібітетін еріктілер

313 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан бірнеше жыл бұрын өмірдің түрлі қиындықтарына кезіккен жандарға көмек қолын созуды бастаған волонтерлік топтар бүгінде қоғамдағы белсенді күшке айналды. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұсынысымен волонтерлер жылы болып бекітілгеннен кейін елімізде еріктілер қозғалысының тынысы ашылды. Оған дейін қайырымды жастардың алдынан үнемі кедергілер кездесіп, көпшілік жұрт еріктілердің іс-әрекетін түсінбей де жүретін.

Қатайған жүректі жібітетін еріктілер

Ақтөбе облысында құрыла бас­таған волонтерлік топтар құ­ра­мына кәмелет жасынан асқан колледж және жоғары оқу орындары студенттері мен жұмыс іс­тейтін жастар қосыла берді. Қа­зіргі уақытта еріктілер ұйым­да­ры үкіметтік емес ұйым­дар­мен және мемлекеттік мекемелермен бірлесе маңызды істерді атқарып жүр.

Солардың бірі – құрамына 27 еріктілер ұйымын біріктірген облыстық волонтерлер кеңесі. Кеңес құрамындағы волонтерлік орта­лықтардың көпшілігі өз жұ­мыстарын 2016 жылдан бас­тады. Алты жылдың ішінде олар өңірдегі әлеуметтік осал топ­тардың, аз қамтылған отбасы­лар­дың қамқоршысына айналды. Ерікті жастар да қоғамдық жұмыста әбден шыңдалды.

Алайда жастық жалындарын қайырымды істерге бағыттап жүр­ген жастардың шешілмеген мәсе­­лелері әлі де көп екендігі волон­терлер кеңесінің жылдық қорытындысында айтылды. Кеңес төрағасы, Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік уни­вер­ситетінің экономика фа­куль­тетінің студенті Нұрбек Жа­л­ға­с­баевтың айтуынша, соңғы бір жылдың ішінде тұр­ғын­дар­дан 2,5 мың өтініш түскен. Еріктілердің есігін қақ­қан әлеу­мет азық-түлікке, ем алуға қаржы сұрайды, баспана алып бер дейді. Өкініштісі, жастардан азық-түлік жеткізіп беруді талап ететіндердің ара­сында шын мұқтаж емес жатып­ішер масылдар да көбейіп кеткен.

Өңірдегі белсенді топтардың бірі – «Ақтөбе қайырымды жандары» волонтерлік ұйымы. Өн­ді­ріс­те жұмыс істейтін жас­­тар­дың басын біріктірген осы топ­тың 50 мүшесі корона­ви­рус пандемиясы кезінде ауру­ха­наларға күндіз-түні оттегі бал­лондарын тасып, медицина қызметкерлеріне ыстық ас жеткізді, қоғамдық орындарда бетперде мен вирустан сақтану туралы нұсқаулықтар таратты. Топ жетекшісі Еламан Байғозин өзін нағыз ұйымдастырушы ре­тін­де көрсетіп жүр.

«Стимул+» мүмкіндігі шек­теулі жастар клубы да алты жыл­­дан бері мүмкіндігі шек­теу­­лі жастардың арасында түр­лі бай­қаулар ұйымдастырып ке­ле­ді. Жыл сайын «Х фактор», «Екі жұлдыз» шығармашылық бай­қауын өткізу арқылы төрт қа­бырғаға таңылған жастарды сахнаға шығарып, көбінің өмірдегі орындарын табуына жәр­демдесті. Алдағы жылы топ же­текшісі Ақтоты Нетулина шал­­ғай елдімекендерде тұратын мүм­кіндігі шектеулі жастарға барып, оларды әлеуметтендіру жұмыс­та­ры­мен айналысқысы келеді.

Ал М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік ме­­ди­­цина институтының «Ме­дик волонтер» ұйымында 250-ге жуық студент бар. Олар­дың бәрі де болашақ дәрі­гер­лер. Сту­денттер биылғы көктемдегі су тас­қыны кезінде үйлері суға кетіп, мектептерге уақытша орна­лас­тырылған тұрғындарға азық-түлік жеткізіп, медици­на­лық кө­мек көрсетті. Олар қалалық ем­­ханалардың қызмет­кер­леріне көмектесіп, қан қысы­мы, қант диабетімен есепте тұрған нау­қастардың үйлеріне дәрі жет­кі­зеді, қан қысымын өлшейді. Сондай-ақ аутизмге шал­­дыққан бала­ларды қолдау ор­та­лығымен тығыз жұмыс іс­ейді.

«Соңғы жылдары жарық дү­ние­ге келген сәбилер арасын­да аутизмге шалдыққан бала­лар өте көп. Өкініштісі, ата-аналар балаларының аутист екенін мек­тепке барғанда ғана біліп жатады. Егер сәби бойындағы дерт неғұрлым ерте анықталып, жүйелі медициналық көмек алса, соғұрлым баланың ортаға тезірек сіңісуіне жол ашылады. Біз ата-аналарға осы жағын түсін­ді­ре­міз», дейді ұйым жетекшісі Бахтияр Баймахан. Ол «Ақтөбеде жедел жәрдем орталығы жұмысы жақсы ұйым­дастырылса да, кептеліс уа­қы­тында шұғыл көмек күтіп жатқан науқасқа тез жете алмайды. Шақырту түскеннен кейін 10 минут ішінде жеткенде науқастың өмірін құтқарып қалу мүмкіндігі жоғары болады. Ал көлік кептелісі кезінде жедел жәрдем қызметі 15-20 минут ішінде жетсе, адамды құтқаруға кешігуі мүмкін. Осындай жағ­дайда медициналық мопед өте тиімді. Тізіліп тұрған кө­лік­тердің арасынан оп-оңай өте­тіндіктен, шетелдерде ме­ди­циналық мопедтер қолданыла бастады. Алғашқы көмек жаб­дықтары бар мопедті во­лонтерлер шетелдерде осы іс­ке тартылып жүр», деп ұсыныс көтерді.

«Рахым» волонтерлік ұйы­мы­ның жетекшісі Айзада Балма­ғам­бе­това Ақтөбе қала­сын­­дағы кейбір оқу орындары, әсіресе колледж басшыларының волонтерлік ұйымдарға есік ашпайтынына наразы. Еріктілер спорттық жарыс, концерттер ұйымдастырып, байқаулар өткі­зер кезде орын таппай қиналып қалады. Ересектер арасында еріктілерді еріккендер деп қа­был­дайтындар жетерлік. Сон­дық­тан да волонтерлік қыз­мет туралы көпшілік арасында ақ­па­раттандыру жұмысы жүр­гізілуі керек деді жиынға қаты­сушылар.

Еріктілердің тұрақты түрде жиналып, басқосулар өткізуі үшін коворкинг орталы­ғы керек. Облыстық ішкі саясат басқармасы келесі жылы жер­гі­лікті бюджеттен волон­тер­лік фронт кеңсе ашуға қаржы бө­лінгенін атап өтті. Әзірге ерік­тілер басқосуларын қалалық жас­тар ресурстық орталығы залында өткізіп жүр. Бірақ ауқымды іс-шара өткі­зуге бұл жер тарлық етеді. Сондай-ақ облыстық жас­тар ресурстық орталығы ғи­ма­ра­ты­нан да волонтерлерге бөлме, техникалық жабдықтар бе­ріл­ген. Волонтерлер жеке-дара ғимарат сұраған соң өңір басшы­сының тапсырмасымен келесі жылдың басында қаладағы Өнер орталығынан коворкинг орта­лы­ғы ашылатын болды. Оның ішінде кітапхана мен ша­ғын оқу бұрышы қарас­ты­рылған.

Нұрбек Жалғасбаев қиын­дыққа тап болған жандарға қар­­жы жинауға қайырым­ды­лық концертін өткізетін орын сұрағанда, кей мекеме бас­шы­ла­рының волонтерлер­ден ақы сұ­рай­тынына ренжіді. «Біз мұқ­таж отбасын қолдау үшін осындай іс-шара ұйымдас­ты­ра­мыз. Соны біле тұра студенттерден ақша сұрай­ды. Бұл қалай?» деді ол.

«More Life» қоғамдық қо­рының директоры Бибігүл Жулина елімізде екі-үш жылдың ішінде тұрмыстық зорлық-зом­былық көбейіп кеткеніне назар аударды. Өткен жылы елімізде 440 әйел отбасылық зорлық-зомбылықтың кесірінен өліп кетсе, жас қыздардың да қорлық көруі жиілеген. Барар жері болмай жүрген қыз-келін­шек­тер қаладағы екі дағдарыс орталығына орналаса алады. Көп нәзік жандылар осы жағын білмейді. Олар үшін Ақтө­беде бір мемлекеттік және жекеменшік «Малика» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Тағ­дырдан таяқ жеген аналар орта­лықта сәбиімен бірге алты ай тегін тұрып, пси­хо­ло­гиялық көмек алып, маман­дық меңгеріп шығады.

«Егер 3-4 жыл бұрын дағ­дарыс орталықтарына Ақтөбе қаласынан түсетін әйел­дер көп болса, бүгінде елдімекендерден қа­шып келетіндер көбейген. Өткен аптада Ақтөбедегі «Анаға тағзым» ғимаратында отба­сылық қолдау орталығы ашылды. Бұл жерде заңгер, медиатор және психологтар әйелдерге ғана емес, жеткіншектер мен ер адамдарға да тегін көмек береді», деді Б.Жулина.

Еріктілерге көбінесе тағдыр­дан таяқ жеген жандар мен әлеу­­­меттік осал топ тағы отбасылар және жақындарынан қолдау тап­пай, өмірден өгейленген жастар жүгінеді. Жағдайы жоқ, өмірде орнын таппаған жандар ерікті жастар арқылы қоғамға өз үнін жет­кізгісі келеді. Осы жағынан қара­ғанда жастар кей жағдайда психологтың рөлін де атқарып кетеді. Ізгі­лік­ті істердің басы-қа­сын­да жүр­ген жастардың волон­тер­лік ұйым­дары әлеуметтің үнін мем­лекеттік органдарға жеткізу­ші­ге айналды. Еріктілік жас тал­ға­майды десек те, әлеуметтің мың сан шаруасының қайнаған ор­тасында жүрген 100-ден астам во­лонтерлік топтың жұмысын сүзгіден өткізіп, нақты іспен айна­лысып жүргендерге мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілгені дұрыс. Бұлардың ішінде аты бар да, заты жоқ ұйымдар бар. Адамдарға нақ­ты көмек көр­сетпей, қағаз­бас­тылықпен айналы­са­тын­дар да кездеседі. Қо­ғам­дағы әл­сіз топтардың мұ­ңын мұң­дап, жоғын түгендеп жүр­ген ерік­тілердің арасынан іскер де білімді, қайырымды, ұйым­дас­тыр­ғыш қабілеті жо­ғары, елін өрге сүйрейтін жақ­сы азаматтар шығатынына сенім мол.

 

Ақтөбе облысы