Саясат • 04 Желтоқсан, 2022

Ұлт саулығы – ұлы байлық

347 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында «Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі» тақырыбына арналған үкімет сағаты өтті. Отырыс Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында қолға алынған.

Ұлт саулығы – ұлы байлық

Палата Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина әр азаматқа денсаулық сақтау құқығын іске асыруға мүмкіндік беретін жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін атап өтті. Саладағы проблемалар өзекті болып қала беретіні және оған сенаторлар өңірлерге сапарлары барысында бірнеше рет көз жеткізгені айтылды. Ольга Перепечина Мемлекет басшысы ұлт денсаулығын қамтамасыз етудің бас­ты шарты ретінде қоғамның үйлесімді дамуы екенін айтқанын еске салды.

«Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыс атқарылғанына қарамастан, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсау­лық сақтау» ұлттық жобасын іске асы­рудың екінші жылы өтіп жатса да қа­былданып жатқан шаралар мен бө­лінген қаржы, денсаулық сақтау жүйе­сіндегі проблемалар, өкінішке қарай, әлі де өткір қалпында қалып отыр. Ол – емханалардағы кезектер, сирек сала мамандарының тапшылығы, ағым­дағы тарифтер нақты шығындарды жабу­ға мүмкіндік бермейді. Осыған байла­нысты медициналық ұйымдарда, әсіре­се, ауылдық жерлерде бюджет тап­шы­лығы мен несие берешегі өсіп бара­ды, кірікпеген ақпарат жүйесі жұмы­сы­ның қиындығы шешілген жоқ, ол көрсе­ті­летін қызметтердің сапасына, шығын­дардың ашықтығы мен тиімділігіне кері әсер етеді», деді Ольга Перепечина.

Сенатор Ақмарал Әлназарова да саладағы жағдайдың көңілден шықпай тұрғанын айтып, денсаулық сақтау сала­сындағы нақты проблемаларға Үкі­меттің назарын аударды. Сенатордың айтуын­ша, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданған Орнықты дамудың жаһандық 17 мақсатына қол жеткізу жөніндегі міндеттеме алған. Қазақстан Орнықты даму саласындағы күн тәртібі қабылданған сәттен бастап оны іске асыруда нақты нәтижеге қол жеткізді, алайда денсаулық сақтау саласындағы мақсаттар көрсеткішінің жартысына – 14-тің 7-еуіне қол жеткен жоқ. Елімізде шешіл­меген проблемалар бар, атап айтқанда, сақтандырылмаған халық медициналық қызметтерге әлі де қол жеткізе алмай отыр. Сонымен қатар сақтандырылғандар да медициналық қызметтердің тиісті көлемін ала алмайды. Елімізде ауруларды ерте білуге арналған скринингтер сапасының төмендігі, сондай-ақ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сапасында проблемалар әлі жойылған жоқ.

«Сенатты ана мен бала өлімінің жоғары деңгейі де алаңдатып отыр. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген сәттен бастап сақтандыру жүйесіне енбеген репродуктивті жастағы әйелдерге жүктілікке жоспарлы түрде дайындық пен медициналық емделу шаралары қолжетімсіз болып қалды. Жүктіліктің 10-шы аптасынан кейін ғана әйел мемлекет тарапынан жеңілдік сана­тындағы азаматтарының қатарына қосы­лып, сақтандырылған мәртебеге ие болады. Еліміздегі ана өлімі жөніндегі ауыр жағ­дайды ескерсек, міндетті әлеуметтік меди­цина­лық сақтандыру жүйесінде репро­дук­тивті жастағы әйелдерге көрсетілетін медици­налық қызмет көлемдерін қайта қарау қажет екені сөзсіз. Шыны керек, әр әйел, яғни болашақ ананың өз қаража­ты­нан емделуге мүмкіндігі бар деп айтуға кел­мейді», деді сенатор Ақмарал Әлназарова.

Үкімет сағаты барысында республи­каның Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният талқыланған мәселеге қатысты жан-жақты баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, өткен жылға қарағанда биыл халықтың жалпы өлім-жітімі 28 пайызға төмендеген.

«Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткішінің шамамен 32, обырдан – 9, жарақаттан – 4, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім-жітім – 33, туберкулезден болатын өлім-жітімнің 17 пайызға төмендегені байқалады. Биыл ана өлім-жітімі 3,5 есеге төмендеді. Нәресте өлім-жітімінің абсолюттік саны 200-ден астам балаға төмендеп отыр. Жалпы, зерттеудің арқасында аурушаңдықтың алдын алу және ковидтің салдарын жою жүргізіліп жатыр», деді А.Ғиният.

Министрдің айтуынша, алғашқы меди­циналық көмек саласында емха­на­лардың аздығы, материалдық-техникалық жарақтандырудың әлсіздігі, ғима­рат­тардың қатты тозуы және кадр­лардың жетіспеуі үлкен мәселе туындап отыр.

«Ұлттық жобаны іске асыру шең­берін­де медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін барынша мобильділік пен халықтың кең ауқымына қолжетімділік жағына қарай жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіттік және іске асырып жатырмыз. Қазіргі уақытта елде 5 мыңнан астам медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымы жұмыс істейді. 2021 жылы қосымша 30 медициналық объекті  пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 92 объектіні ашу жоспарланған. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының кадрлық әлеуеті шамамен 90 мың медицина қызмет­кер. Қазіргі уақытта бір жалпы практи­ка дәрі­геріне жүктеме орташа есеппен 1 830 адамды құрайды», деді А.Ғиният.

Ведомство басшысы ауылдық жер­лер­дегі денсаулық сақтау саласына ерекше тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, пандемия кезіндегі шектеу шараларына байланысты ауыл мен қала халқының арасында медициналық көмек көрсету айырмашылығы бар. Бүгінде ауылдарда халықты ерте диагностикалау және консультациялық-диагностикалық қыз­мет­терге қолы жетпейді. Осыған байла­ныс­­ты, биыл ауыл тұрғындары үшін про­фи­лактикалық қарап-тексерулер енгізілді.

«Бұрын скринингтерде тек жүрек-қан тамырлары аурулары, глаукома, қант диабеті, онкологиялық аурулар, мінез-құлықтық қауіп факторлары сияқты бес нозологияны анықтайтын едік. Биыл ауыл тұрғындары денсаулығының тал­дауын ескере отырып, зерттеп-қарау тізбесін кеңейттік. Асқазан-ішек жол­дарының, несеп шығару жүйесінің, егде жас тобындағы адамдардың тыныс алу ағзаларының ауруларын және қуық асты безінің обырын ерте анықтау бойынша профилактикалық қарап-тексерулер іске асырылады. Сондай-ақ 18 бен 29 жас аралығындағы жастар зерттеп-қараумен қамтылды», деді министр.

А.Ғинияттың келтірген деректеріне сай, ауылдарда медициналық ұйымдар­дың базасында 72 дәріхана пункті және 161 жеке дәріхана ашылған. Сондай-ақ биыл «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» 2 медициналық пойызының жұмысы қайта жанданды. 2021 жылы санитарлық авиация 2500-ден астам мәрте қызмет көрсеткен.

«Ел халқына, оның ішінде ауыл тұрғын­дарына медициналық-санитар­лық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нор­мативі қайта қаралды. Осылайша, 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті мейіргер ғимаратсыз жүзеге асырады. Ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайып, фельдшер-акушерлік пункттер ашылып жатыр. Сондай-ақ аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен қамтамасыз ету жүргізіледі. Медициналық техникамен жарақтандыру деңгейі 84 пайызға дейін жеткізілді», деді А.Ғиният.

Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрі ана мен бала денсаулығын сақтауға қатысты деректермен бөлісті. Мәсе­лен, биыл балалар мен жүкті әйелдер­ді, оның ішінде қауіп тобындағы бала­ларды зерттеп-қарау және оларға консуль­тация беру үшін пренаталдық ультра­ды­быстық скрининг жүргізуді ұйым­дас­тырудың жаңа стандарты бекітіл­ген екен. 18 ұрық сақтау орталығы ұйымдас­тырылған. Сондай-ақ дамуында кемістігі және олардың туындау қаупі бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған 2 ерте араласу орталығы ашылған. 2023 жылдың соңына дейін 10 мыңнан астам баланы қамтитын 13 орталық ашу жоспарланып отыр.

«Жүргізіліп жатқан профилактикалық зерттеулердің ағымдағы көлемін ескере отырып, балалар популяциясын профилактикалық қарап-тексеру пакеттері кеңейтілді. Медициналық оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 7 есеге, оның ішінде балалар үшін 27 пайызға ұлғайды. 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Оған 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Бағдарламаны іске асыру барысында 3 мыңнан астам әйел жүкті болып, көптен күткен 2 мың 431 бала туды. Жүкті әйелдер мен балаларға кешенді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін әлемдік стандарттарға сәйкес келетін 11 заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарланған», деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуында, кадр мәселесі де күн тәртібінде тұр. Өйткені елде маман жетіспейді. 2021 жылы 3050 жас түлек жұмысқа орналастыруға жіберілді, оның 630-ы ауылды елді мекендерде. Ал биыл 1872 жас түлектің 444-і ауылдарға жіберілді.

«2023 жылы жоспарланған оқу біті­ретін түлек 11 мыңнан асады. 2022 жы­лы жалақы келесідей ұлғайды. Дәрі­гер­лерге орташа есеппен – 30, орташа ме­дицина персоналына 20 пайызға өсті. Ал 2023 жылы дәрігерлерге жалақы­ны орта есеппен 531 мың теңгеге дейін, орта медицина персоналына 250 мың теңге­ге дейін көтеру жоспарланды. Меди­цина қызметкерлерінің кәсіптік жауап­керші­лігін және медицина қызмет­кер­лерінің мәртебесін сақтандыру жүйесін ен­гізу­ді қамтамасыз ету үшін тиісті заң жо­­басы әзірленді. Құжат қазіргі уақыт­та Мәжілісте қаралып жатыр», деді А.Ғиният.

Сондай-ақ үкімет сағатында «University Medical Center» корпора­тивтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пя баян­дама жасады. Мәселелерді талқылауға сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы, Шым­кент қалалары әкімдерінің орынбасар­лары, денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз мамандар және Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері қатысты.

Үкімет сағаты барысында денсаулық сақтау саласындағы проблемалардың шешілуі өңірлерді одан әрі дамытуда маңызы зор екені атап өтілді. Сондықтан еліміз өңірлерінің атынан сайланған Палата ретінде Сенат денсаулық сақтау жүйесінде бар мәселелерді шешуге әрқашан атсалысатын болады.

Үкімет сағатының қорытындысы бо­йынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленеді.

Соңғы жаңалықтар