04 Маусым, 2014

«Менің бақытты балалық шағым»

4076 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау мұнайшылары балалар шығармашылығына қолдау білдірді

_AMT5962

Әр бала ашылмаған бір әлем секілді. Олардың әрқайсысының өзіндік таланты бар. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегенді халқымыз талантты балаларды қолдауға байланысты айтқан-ау, сірә. Атыраудағы отандық мұнай-газ өнеркәсібінің қарашаңырағы – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы биыл алғаш рет мұнайшылар балалары арасын­да «Менің бақытты балалық ша­ғым» атты шығармашылық бай­қау­ ұйымдастырды. Бұл бай­­қауға же­ті мен он жас аралы­ғын­дағы 36 бал­ғын қатысып, әрқай­сысы өзде­рінің талантын әр қырынан көрсетті. «Ембімұнайгаз» АҚ бас ди­рек­торының өндіріс жөнін­дегі орынбасары Сүлеймен Шотық­баевтың айтуынша, балалардың шығармашылық байқауын ұйым­дастырудағы басты мақсат – жас таланттарды тауып, олардың тау­дай талабын ұштауға қолдау білдіру. Осы игі мақсатты көзде­ген кәсіпорын басшылығы тара­пынан құрылған қазылар алқасы­на балалар өз еңбектерін «Менің туған жерім», «Менің досым», «Мен тұратын көше» тақырыптарында көркем шығарма, өлең және фотоөнер жанры түрінде ұсыныпты. Мәселен, Исатай ауданының Аққыстау ауылындағы Абай орта мектебінің бірінші сыныбын үздік аяқтаған Аманер Арон «Туған жерім мен елім, достық туралы ойымды үш шумақ өлеңге сыйғыздым. Бұл менің тырнақалды шығармам болса да қазылар алқасы жоғары бағалады. Бәлкім, болашақта осы талабымды әрі жалғастыратын шығармын», дейді. Аманердің әкесі де, анасы мұнай саласында еңбек етеді. Өзі де болашақта мұнайшы мамандығын игеріп, елдің өркендеуіне үлес қосуды мақсат тұтады екен. Аманердің ауылдасы Жанерке Күншығар да ел экономикасына «қара алтындай» табиғи байлықты игерумен лайықты үлес қосып жүрген мұнайшы әулетінде дүниеге келгенін мақтан етеді. Атасының мұнайшылық жолын жалғастырған әкесі мен шешесінің еңбекқорлығын үлгі тұтатын Жанерке өз шығармасына қазақтың ұлан-ғайыр даласын ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған бабалар аманатына адалдық танытып, табиғи байлықты ел игілігіне жаратудың маңызын ашып көрсеткен. Тағы бір талапты өрен Жадыра Қуандық өзінің Мөлдір есімді досы туралы ойын мөлдіретіп қағазға түсіріпті. Бала күннен шынайы достықтың қадірін түсінген Жадыра Мөлдірдей құрбысының биязы мінезіне, қиналған жанға қолұшын созуға ұмтылып тұратын мейірбандығын көпке үлгі еткісі келеді. Ал Ақерке Әбішқызы өзі тұратын ауылдың жасыл желекке көмкерілгенін қалайды. Ол бұл арманын көпшілікке ортақ проблема ретінде көтеріп, табиғатты аялауға, қорғауға шақырады. Байқауға қатысқан балалардың бір тобы жас ерекшеліктеріне қарамастан, мұнайлы Атырау­дың күнделікті тыныс-тіршілігі мен табиғатын қылқаламынан туындаған еңбектеріне арқау етіпті. Мұнайлы өңірдің бүгінгі келбетін қас-қағым сәтте фотоаппарат объективіне ілген балалар және бар. Мұның бәрі әрине, қазылар алқасының назарынан тыс қалған жоқ. Балалардың шы­ғармаларын саралаған қазылар алқасы «Үздік туынды» номинациясын балалардың жас ерекшеліктеріне орай үш топта анықтады. Нәтижесінде «Үз­дік туындының» бірінші жүл­десі Жадыра Қуандықова, Ду­ман Ерназарұлы мен Айдын Кітап­қалиға беріліп, оларға ноутбук сыйға тартылды. Ал екінші жүлдеге ие болған Аян Рахметқали, Ақерке Әбішқызы мен Нұрсұлтан Мұсаға фотоаппарат берілді. Үшінші жүлденің иелері Аманер Арон мен Динара Мүсілім және Мейірбек Төреғалиевтар планшеттің иесі атанды. Бұлардан бөлек Жанерке Күншығар, Әсем Әнуарова, Ал­тынбек Жайнарбеков, Диназ Жа­қанова және Жұлдыз Әсемованың шығармашылық қабілеттері «Жақ­сы жұмыс» номинациясында арнайы жүлдемен аталып өтті. Балалардың еркін шығар­ма­шылыққа талпынысына кәсіпорын басшылары бейжай қараған жоқ. Сол себептен болар, «Ем­бі­мұнайгаз» бұл байқауды енді жыл сайын өткізуге ұйғарым жасап отыр. Сөйтіп, алдағы жыл­дан бастап, шығармашылық бай­қауға тек мұнайшылардың ғана емес, өзге кәсіп иелерінің талант­ты балаларын қатыстыру да қарас­тырылмақ. Кәсіпорын бас дирек­торының орынбасары Рысты Тасмағамбетова шығармашыл балалардың таудай талабын «Ба­лалардың өз ойларын еркін білдіруі, жан-жағында болып жатқан құбылыстарға баға беруге талпынуы, отансүйгіштік, достық пен ынтымақты шығармаларына арқау етуі қуантады. Кейбірі өңірдегі өткір проблемаларға көпшілік назарын аударуға тырысты. Бұл – біздің ортамызда отаншыл, белсенді буын өсіп келе жатқанының айғағы», деп бағалады. Отандық мұнай өндіруші кәсіпорын жыл сайын балалар­дың жазғы демалысын ұйым­дастыруға қолдау білдіріп келеді. Мәселен, жақын арада мұнай­шы отбасыларының 1000-нан астам баласын Алматы және Көк­шетау өңірлеріндегі жазғы лагерьлерде демалдыру көзделіп отыр. Со­нымен қатар, 1200 баланы көр­­ші­лес Ресей мен Түркиядағы сауық­­тыру орындарына жіберуді ой­лас­­тырған «Ембімұнайгаздың» бұл қадамынан өзге кәсіпорындар үлгі алса дейміз. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.