Қоғам • 05 Желтоқсан, 2022

Республикалық маңызы бар тасжолдар ашық - ИИДМ

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні республикалық маңызы бар күре жолдарда қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын атқару мақсатында 535 қызметкер мен 333 бірлік арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикалық маңызы бар тасжолдар ашық - ИИДМ

Өткен демалыс күндері жолшылар республикалық автожолдарды өңдеуге 400 м3 астам құм-тұз қоспасын жұмсады. Сондай-ақ демалыс күндері ҚазАвтоЖол қызметкерлері республикалық трассаларды пайдаланушыларға көмек көрсетті.

Мәселен 5 желтоқсан түнгі сағат 01:00 шамасында «Алматы-Екатеринбург» автожолының 1365 шақырымында Татарстаннан Саран қаласына сапар шеккен көлік бұзылып, жолда тұрып қалған. Учаскені тікелей қадағалайтын кезекшіліктегі жолшы маман 15 минут ішінде көлік тұрып қалған жол учаскесіне келіп, үш жолаушыны базаға эвакуациялады. 

Сондай-ақ 5 желтоқсан түнгі сағат 02:00 шамасында «Ақтөбе-Ақтау» бағытында жол жүрген жүргізушіге көмек көрсетілді. Дизельді қозғалтқышта жанармайы таусылған жүргізуші тоңып, ҚазАвтоЖолдың тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығына жүгінген. Жолшылар оған жанармай апарып, көмек қолын созыпты.

Айта кетсек, егер штаттан тыс жағдай туындаса жүргізушілер мен жолаушыларға 1403 қысқа нөмірі бойынша ҚазАвтоЖолдың тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталығына хабарласуға кеңес беріледі.

Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар тасжолдар ашық.