Халықаралық KІTEL-2010 көрмесінде ұлттық оператор “Ақылды үй” философиясын ұсынды
Жыл сайын дәстүрлі өткізіліп келе жатқан ортаазиялық KІTEL, яғни телекоммуникациялық, компьютерлік және ақпараттық технологиялар көрмесі таң қалдыратын да, кәдеге асыратын да жаңалықтарға кенде болмайды. Осымен биыл 17-рет өткен халықаралық көрмеде “Қазақтелеком” тетігін тапсаң, қалтқысыз қызмет ететін тамаша технологиялық мүмкіндіктерді ұсынды.
Ұлттық байланыс операторының көрмедегі басты идеясы – “Ақылды үй” философиясы болды. Өзіндік технологиялық киіз үйде іD брендінің аясында түрлі қызметтер ұсынылды: интернетке жоғары жылдамдықта қатынау – іD Net, интерактивті сандық телевизия – іD TV (www.іd-tv.kz), жаңа буын телефониясы іD Phone (www.іdphone.kz), сондай-ақ хостинг – іD Host (www.іdhost.kz).
Аталмыш көрмеде жақында ғана іD Net брендімен, FTTH (Fіder to the home – “Оптика-талшықты желілер үйге”) технологиясы бойынша іске қосылған интернетке қосылу қызметі көрмеге келушілердің назарына ілігетін болады деген болжам ақталды десек те болады. Алматы қаласының тұрғындары іD Net-ті насихаттауға жұлдызы жанып келе жатқан жас актриса Әсел Сағатова тартылғанын байқап та жүрген болар?! Айтқандай, бұған дейін де Әсел “Қазақтелеком” компаниясының “Megalіne” қызметін жарнамалайтын роликке түскен болатын. Қазір “Megalіne” еліміздегі ең танымал, халық көп тұтынатын қызмет түріне айналғанын ескерсек, FTTH-тің де келешегі бар деп сәуегейлік айтуға болады.
Осы терминді былайша толығырақ таныстырып өтуге болар еді. FTTH – бұл телефония, интернет және интерактивті ТВ байланыс қызметтерінің барлық спектрін ұсынуға мүмкіндік беретін абоненттік қатынау желілерін құруға арналған ең келешекті, заманауи технологиялардың бірі. Абоненттер интернетке қатынауды кіріс және шығыс арналары бойынша ішкі ресурстарға (RІPE-де “Қазақтелеком” атына тіркелген ІP-адрестерге) 100Мбит/с жылдамдықпен, сыртқы ресурстарға – 2 Мбит/с дейін жылдамдықта жүзеге асыра алады.
Қазірдің өзінде-ақ, іD Net қызметі Астана (“Энергетик” кенті) және Алматы қалаларында көрсетіліп жатыр. Оны ұсыну мен ұйымдастыруда “Ethernet To The Home” (ETTH) тұжырымдамасы пайдаланылуда. Қысқаша айтқанда былай, оптика-талшықты кабельдерді тікелей ғимараттардың кіре берісіндегі коммутаторларға дейін тарта отырып, одан әрі желіні тікелей абонентке дейін жүргізу көзделген. Ал Астанада FTTH технологиясы қолданылады. “Қазақтелеком” осы қызметті еліміздің барлық өңірлеріне енгізуді жоспарлап жатқанын да атап өткен жөн.
“Қазақтелеком” АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Алматы мен Астана қалаларында іD Net қызметін көрсете алатындықтарын, ал іD TV-ны 2 жылдан бері қолданысқа енгізіліп келе жатқанын айтады. Басқарма төрағасы қазірдің өзінде 12 мың адам іD-телевизияға қосылғанын, жыл аяғына дейін олардың саны 20 мыңға жетіп жығылатынын мәлімдеді.
– іD TV қызметінің артықшылығы – телеарналарды таңдап ғана қоймай, біздің бейнеқордан қалаған фильмдерге тапсырыс та бере аласыз. Алдағы уақытта бұл қызмет дамытылады. Сол кезде теледидардан тікелей интернетке шыға аласыз. Оған қоса қалаған ақпараттарды алуға толық мүмкіндік бар, – дейді компанияның Сату ісі жөніндегі басқарушы директоры Тимур Бұламбаев.
Қалай десек те, осы арада ұлттық операторымыздың интернетке қосылу жылдамдығын арттырумен қатар, оның бағасын арзандатып келе жатқанын да міндетті түрде айтуымыз керек. Бұл шаралар қазақстандық контентті дамытуға жағдай тудырып отырғанын бөле-жарып атаған жөн.
“Қазақтелекомға” Елбасы да жүктеген міндеттер қатарында компания Интернет Дата орталықтарды дамыту бар екені белгілі, сондықтан бұл жауапты бастамаға байланыс операторы да баса назар аударып отыр.
– Бүгінде абонент бірнеше байланыс қызметтері мен интерактивті сервистерге қол жеткізуге қызығушылық танытуда. Клиенттердің қажеттіліктері мен сұраныстарының артуын және кеңжолақты қатынау, тіркелген телефония мен контенттің біріккенін ескере отырып, біз абоненттерге бірқатар пакеттік қызметтерді ұсына бастадық. Оған қоса жаңа қызмет түрлерін одан әрі кеңейтуді де көздеп отырмыз, – дейді “Қазақтелеком” АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Байланыс операторының жаңа басшысы компанияның рыноктағы орнығуындағы синтезіне қол жеткізу үшін бастапқы шарттар түгел екендігін алға тартып отыр.
– Бір жағынан, біз қазақстандық рынокта байырғыдан бармыз, екінші жағынан инновацияларға бет бұрдық. Сондықтан өз дәстүрімізді сақтай отырып, абоненттермен бірге алға қарай қадам басқымыз келеді, – дейді Қ. Есекеев.
Басқарма төрағасының сөзі дәйекті. Қазірдің өзінде “Қазақтелеком” компаниясы пакетпен сатуды жүзеге асырып отыр. Олар: “іD Home Full” мен “іD Home TV”. Осы арада пакетпен қосылудың жеңілдіктері бар екендігін еске сала кетелік. Мәселен, “іD Home Full” пакеттік қызметіне компанияның үш қызметі кіреді: “іD Net”, “іD Phone” және іD TV. “іD Home TV” пакеті “іD Net” және “іD TV” қызметтерін қоса ұсынады. Алдағы уақытта компания іD және Megalіne брендінің аясында абоненттер үшін бірегей Жеке кабинетті жасауды жоспарлап отыр.
Иә, “Қазақтелекомның” киіз үйінің ішінде не бар дейсіз ғой? Қазіргі қазақтың үйінде ескі астау мен кебеже тұрған жоқ. Онда адамзаттың ақыл-ойынан туған ең озық телекоммуникациялық және ақпараттық технологиялар сап түзеп, самсап тұр!
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.