Руханият • 07 Желтоқсан, 2022

Сұлулық сапары

312 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Нешеме жылдар өтсе де, жадыңда жаңғырып, көңiлiңнен кетпей жүретiн көркем кiсiлер бар. Соның бiрi де бiрегейi академик Зейнолла Қабдолов едi. Дана адамның дидары кейбiр тұнжыр күндерде есiңе түссе, тiптi еңсеңдi тiктеп жiбередi. Сол аяулы ұстаздың асыл жары Сәуле апаймен арагiдiк хабарласып тұру дағдыға айналған талай күндер де өттi. Арадағы дәнекер, әрине, ұлы ұстаз рухы.

Сұлулық сапары

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Жә, қарағым, мен қай жерде отырсам, сол жер – төр»

Ғажайып педагог апайымыз көп сөйлеп уақытыңды алмай, көңiл күйiн жарты беттiк жазбамен бiлдiрiп, өзiнiң де, сiздiң де уақытыңызды бағалап, сол баяғы ұстаздан қалған мәдениеттi, эстет­тiк қалыпты аңғартып отыратын. Апайдың бiрнеше запискасының бiрi мынау:

«Қарағым Қали! Мына «Дана дидар» Зекең қаламының соңғы қимылы, тiптi соңғы арманы мен ақырғы тынысы да осында.

Дүниеден өткенде жазу үстелінде ашулы дәптерi мен қимылсыз қаламы қалды ғой.

Бәрi де аяқталмаған. Соны өзiң сияқты шәкiрттерi жинақтап шығарып бердi. Өзiңдi әр кез Зекең рухы қолдасын!

Сәуле апа. 11.10.2011 ж.»

Сол «Дана дидарды» қолға алғанда өн бойымды бiр дiрiл қуалап, ерекше күй кешкен күн де есте. Апай айтқандай, «Зекең қаламының соңғы қимылы, тiптi соңғы арманы мен ақырғы тынысы да осында» екенiн сезсек те, бұл дүниелердi оқыған сайын, соншалықты тартымдылығынан ба екен, аяқталған тәрiздi көрiндi де тұрды. Абайдың «Мә­се­ле iстiң қалай аяқталғанында емес, басталғанында» деуi де көңiлiңдi жайландырады.

«Зекең жарық дүниеден озғаннан кейiн күйзелiп отырып, жазу үстелінің тартпаларын, қағаздарын көрмекшi болып кабинетiне бардым. Қасымда Аты­рау университетiнен келген Қадыр Жүсiп бар. Екеулеп қағазды ақтарып отырмыз. Менiң ойым: қайғымды жеңiл­дету үшiн сылтау iздегендей... Осын­ша шұрайлы тiлiмен, терең оймен, келбе­тiмен қыз-қырқынға жазғанын тауып алсам, қайғым жеңiлдер ме едi... Оны, әрине, Қадырға бiлдiрмедiм. Екеулеп қағаз ақтарып отырмыз. Қолжазбалар, пiкiрлер, жеке тұлғалар туралы жазылған жайлар, университет мәжiлiсi қағаздары, тағы басқалар. Мен қалжырап жатып қалдым. Қадыр бiр кезде: «Апа, таптым», дедi. Ұшып тұрдым. Қарасам, осы хат. Шамамен 70-жылдар аяғында жазылған. Бiрақ аяқталмаған».

Ұстаздың «Сәулеме хат» деген эссе­сiн айтып отыр (Зейнолла Қабдо­лов тағылымы. Алматы: «Қазақ универ­ситетi», 2007. 408-б.). Сол хатында Зекең «Қалам иесiмiн. Бiлемiн: бас борышым – бас кiтабымды жазу. Ал осының өзi де ертеңге қала берген» дептi.

Ұстаз сол бас кiтабын жазып та кеткендей ой қалдырады. Мына сұм жалған кiмнiң тiлегiн тап-тұйнақтай етiп орындап, ер-тұрманын түгендеп кетуiне мүмкiндiк жасап, күтiп тұрады дейсiз. Ол кешегi бәрiмiздi қанаттандырып, ұлы өнерге дайындаған «Сөз өнерiн» былай қойғанда, соның бiр үздiк жалғасындай «Менiң Әуезовiм» ұстаздың бас кiтабы десек, қателеспеймiз. Бiрыңғай сыр мен жырға, кiсiлiк пен iзгiлiкке, даналық пен даралыққа құрылған бұл кiтапта, Зекең әлгi хатында жазғанындай, «Ғұмыр бойы ғашық болу, адамдарды жақсы көру, еңбек ету» деген секiлдi өмiрiнiң үш пара мағынасын тайға таңба басқандай етiп қалдырады.

«Менiң Әуезовiм» ұлт үшiн аса қажет құнды деректер мен дәйектерге ден қойғызады. Ұлы тұлға арқылы көркем тарих жасайды. Әркiм көңiл қошына қарай әрқалай айтатын әңгiмелердi бiр iзге салады.

Ел iшiнде Әуезовтiң «Мен отырған жердiң бәрi төр ғой» деген атақты сөзi көп айтылады. Ал ендi шын мәнiнде осы сөз қай уақытта, қашан, қандай жағдайда айтылған?! Роман-эсседе бұл сөзге нақты жауап бар. Оқиық.

«...Сол Рашидов – Тәшкент құ­рыл­­тайының тұсында Өзбекстан жазу­шы­ларының жетекшiсi ғана емес, Рес­публика Жоғарғы Кеңесiнiң төраға­сы. Дәл қазiр әлемдiк үлкен құрылтайды ұйымдастыру комитетiнiң тұтқасы. Конференция төралқасында отыз сегiз елден келген отыз сегiз делегация басшыларымен бiрге күллi кеңес елiнен тек қана Рашидов отыруға тиiс. Басқалардың бәрi залда болуы шарт. Соған қарамастан Рашидов Әуезовтi көргенде құрақ ұшып, өзiн-өзi ұмыта бердi.

– Мұхтар Омарханович, төрге шы­ғыңызшы деймiн, төрге!

Шараф қайта-қайта жалынып қойма­ған соң, алдыңғы қатарда отырған Симо­нов пен Сурков, Айбек пен Тоқамбаев – бәрi Мұхаңа бұрылып, оның төрге өрлеуiн қалады. Мұхаң бiртүрлi ыңғай­сызданып орнынан тұрды да, аз ойланып:

– Шарафжан, сыйлағаныңа рахмет, бiрақ, ол жер – менiң емес, сенiң орның, – дей берiп едi, Рашидов:

– Төрге шығыңыз! – деп тағы қайта­лады.

Мұхаң ендiгiсiн ерсiлеу көрiп:

– Жә, қарағым, мен қай жерде отырсам, сол жер – төр! – дедi де, қайтадан орнына орнығыңқырап отырды.

Борис Полевой сүйсiне таңданып, рақаттана күлдi:

– Ой, Мұхтар Омарханович, қандай тауып айттыңыз, аһ! Ой-ой-ой!..».

Рашидов басқарған жылдар өзбек халқының өмiрiндегi қайта дәуiрлеу, өрлеу жылдары болғанын ғажап сурет­тей­тiн Қабдолов сол тұлғаның Мұқаңның алдында соншалықты кiшiк болғанын керемет келбеттейдi. Сүйсiнiп отырып жазады. Өмiр деген сол. Көзi тiрiсiнде Мұқаң отырған жердiң бәрi төр болса, жылдар өте келе сол төрге Қабдоловтың шығуы да ғажап сәйкестік едi.

 

«Ұлы қазақ халқы!»

«Менiң Әуезовiмдегi» ендiгi бiр әсерлi тұс – Мұқаң бастаған жазушы­лардың Шолоховты күтiп алуы. Роман-эсседен тағы үзiндi келтiрейiк.

«Не айта беретiнi бар, самаладай жайнаған Алматы әуежайында ұшақтан түскен Шолоховты бiр көрудiң өзi жиналған жұрт үшiн өздерi жатқа бiлетiн «Тынық Донның» жан тебiрентер мың суретiнiң бiр сәт елестей қалған бiр ғана көрiнiсiндей соншалық сүйкiмдi едi.

Бiрақ онша сүйкiмдi емес бiр жерi – Шолохов удай мас.

Траптан еңгезердей Сафроновтың қолтығында шайқалақтап әрең түстi де, кiрпiгi кiрпiгiне жабысып жатқан қызғылт көзiн әрең ашып, өзiн аңсай күткен қарсы алушыларға ұйқылы-ояу манаурай қарады, бiрақ ешкiмдi жыға таныған жоқ. Жалғыз-ақ өзiне «Ау, Миша, қымбаттым!» деп омы-раулай ұмтылған Сәбит Мұқановтың иығына қалжыраған қолын салды. Сафронов ағасын қолтығына қыса құшақтап, Ғабиден Мұстафиннiң сол кезде шарбастықтар ғана мiнетiн қайқы бел қара Зимiне қарай басты. Өзiне жаппай, жабыла ұмтылған өзге әрiптестерiне көз тоқтатып қарай алмады. Көбiмен қол алысқан да жоқ, үнсiз барып машинаға отырды да, диванға қисайды.

Әуезовтiң Шолоховтан тұңғыш көңiлi қалған жерi осы едi. Мүсiреповке қарап өкiнiп тұрды:

– Бәлi, бiлместiк қана емес, бiлiмсiздiк қой мынау. Бiлiмсiз кiсiде мәдениет қайдан болсын. Ой-бо-о-ай! Бұл қайда, Толстой қайда?.. Жә, тауға, демалыс үйiне сен үшеуiң апарыңдар. Мен шаршадым, ертең съезде жолығармыз.

Ертеңiне сәскеде Шолохов съезд төралқасында отырды. Сап-сау. Дым көрмегендей. Кеңес классикасының үлгiсi болған, әлем әдебиетiнде теңдесi жоқ мәңгiлiк кiтаптың авторы да перiште емес, кәдiмгi өзiмiз секiлдi жер басып жүрген адам екенiне таңдана тамсанып, қуана, құлшына қол соққан залға қайта-қайта орнынан тұрып бас изедi. Съезде Мұстафин жасаған бас баяндаманы да зейiн қоя тыңдады.

Бұл пiкiр Шолоховқа ұнамады. Өзiне қонақ ретiнде құттықтау сөз берiлгенде бұл Мұстафинге тиiстi:

– Менiң Мұстафин жолдасқа берер кеңесiм – «Мөлдiр махаббатты» қысқартам дегенше, өзiнiң ұзақ-сонар баяндамасының жартысын қысқартқаны жөн. Өйткенi романнан гөрi баяндаманы қысқарту әлдеқайда оңай!

Тыңдаушылар ду-ду қол соқты.

Залды бұдан да гөрi риза ғып қатты тебiренткен сөз – Шолоховтың қазақ жазушыларымен етене сырласа келiп, кешегi Отан соғысы кезiнде өзiнiң үй iшi-отбасына пана болған, соғыстан кейiнгi отыз жыл бойы үзбестен жаз бен күзде жағасында әрi демалып, аң аулап, әрi шатыр тiгiп шығармаларын жазған Жайық жағасы, Орал қаласы, қасиеттi қазақ даласы өзiнiң екiншi Отаны болып кеткенiн, өзiн «Донда казак, Оралда қазақ» секiлдi сезiнетiнiн айтып толғанғаны болды және тарихта тұңғыш рет «Ұлы қазақ халқы!» дегенi едi. Жеңiс жылғы Сталиннiң «ұлы орыс халқы» деген сөзiнен кейiн бұл атауды Шолохов екiншi рет сұрапыл соғыс жылдарында басына пана болған қазақ халқына сыйлағаны Әуезовтi де қатты тебiрентiп, ол кешегi ренiшiнен тап-таза арылып шықты».

Әрине, қазақтың мәдениетi мен өнерi, айрықша жаратылған халық екенi туралы талай ғұламалар айтқан биiк сөз аз емес. Алайда мына сөздiң жөнi бөлек. Орыс аға халық болып, қазақты екiншi сорт халық ретiндегi бағаның, көзқарастың әбден шырқау шыңға шыққан тұсында Шолоховтың жұрт арасында емес, мәртебелi мiнберден «Ұлы қазақ халқы!» деуi және оның тұңғыш рет айтылуы шын мәнiнде ұлы оқиға едi. Осы сөзден кейiн ұлы Мұқаңның көңiлiнде қылау қалмауын айтсаңшы. Садағаң кетейiн, ұлт үшiн айтқан жылы сөз үшiн кешегi надан көрiнiстi әп-сәтте кешiрiп жiберген кемеңгерлiгiн айтсаңшы. Бәлкiм, Шолохов Мұқаңнан ыққан болар. Қалай болғанда да осы сөздiң Әуезовтiң арқасында тарихта қалғанына дау бар ма?!

 

«Қазақтың күнi», «ұлы жазушы»

Ендi романдағы үшiншi көрiнiс туралы.

М.Әуезовтiң 1949 жылы 10 сәуiрде бiрiншi дәрежелi Сталиндiк сыйлықты алғаны белгiлi. Арада аттай он жыл өткенде 1959 жылы 24 сәуiрде Лениндiк сыйлықты алады. Мiне, осы күндi Әуе­зовтiң үйiне жиналған жүз шақты кiсi атап өтедi. Осы күнi небiр тiлектер ақта­рылады. Сәтбаев, Мұқанов, Мүсiрепов, Мәуленов сөйлейдi. Қысқасы, таң қылаң бере Ә.Нұрпейiсов пен З.Қабдоловқа сөз тиедi. Осы сәттi, әсiресе Ә.Нұрпейiсовтi суреттеуi өз алдына, ең бастысы, ол кiсiнiң айтқан тiлегiн келтiре кетейiк: «Менiң ойымша, Мұқаң – қазақтың жыртық үйiнiң жабығынан түскен күн ғой, күн! Қазақтың күнi» дейдi Әбекең. Ал Зекең «Ұлы жазушы» дейдi.

* * *

«Тойшылар таң бiлiне тарап, мен де үйiме келiп шырт ұйқыда жатыр едiм, телефон сылдыры оятты:

– Сiздi Жандилдин шақырады, тоғызда Орталық партия комитетiне келiңiз.

Трубканы орнына қойып едiм, дереу қайта сылдырлады:

– Мен ғой, Әбдiжәмiл. Сенi Орталық Комитетке шақырды ма?

– Шақырды.

– Барамыз ба?

– Барайық.

Орталық Комитетке келсем, хатшы­ның қабылдау бөлмесiнде Әбдiжәмiл отыр. Аң-таң:

– Таң атпай не шақыру бұл?!

Қабылдау бөлмесiнде отыратын Тося деген келiншек хатшыға кiрiп шығып, маған қарады:

– Кiрiңiз.

Кiрдiм. Ұзын кабинеттiң сонау көз ұшындағы төрiнде хатшы отыр. Менi көрiп, орнынан тұрды. Әншейiнде өрт сөндiргендей сұп-суық түсi ашуға бу­лы­ғып, тiптi түнерiп кеткен. Түнерсе, бар түгi бетiне шығып, тұнжырап, қар­сы­­сын­дағы кiсiнi көзiмен атып зәре­сiн алады. Бiрақ бұл менi сыйлаушы едi, сә­лемдеспегенмен, даусын онша көтер­мей, алдындағы креслоны иегiмен нұсқады:

– Отыр!

Отырдым. Сол-ақ мұң екен, Нұрекең шыдамады, зiркiлдей жөнелдi және сөзiн салған жерден орысша бастап:

– Я не узнаю тебя, Зейнулла! – дедi де қазақшаға әрең көштi. – Кеше ғана өзiң осы арадан кеткен жоқ па едiң, не боп жүр саған? Нұрпейiсовтiкi не? Әуезовтi бiрiң – «ұлы», бiрiң – «қазақтың күнi» дейсiңдер. Мұндай сөздер бiздiң елде көзi тiрiлерден кезiнде Сталиннен басқа кiмге айтылып едi?

Айтылмайтыны рас. Қарсы бола алмадым.

– Кешiрiңiз, ендi айтпайық! – дедiм.

Баланың сөзi секiлдi болды-ау дей­мiн. Хатшы амалсыз күлiп жiбердi. Ұзын кабинет iшiн ұзақ-ұзақ үнсiз кезiп жүрдi де маған:

– Барыңыз! – дедi.

Мен:

– Әбдiжәмiл де келген, ол менен бетер үрейленiп отыр. Әлгi ақылыңызды сiз үшiн мен айтайын, қабылдамай-ақ қайтарсаңыз қайтедi, – дедiм.

Ол тағы да бiраз үнсiз жүрiп-жүрiп:

– Жарайды, бара берсiн! – деп, менiң бағана келгенде алмаған қолымды кетерде алғанда мұп-мұздай саусағының ұшын ұсынды.

Әбдiжәмiл бәледен құтылғандай қуанып кеттi. Жалғыз-ақ маған қарап:

– Ойпырмай, бiздiң сөйлегенiмiз әлгiде, таң алдында ғана емес пе едi, сол екi арада хатшыға қалай тез жетiп қалған және кiм жеткiзген? – деп таңырқады».

«Мынау «недоросльдерiң» кiм, қарағым?»

Бұл жағдайға қалай жағаңды ұстамай­сың. Қазақтың өзiне-өзi жау болған заман да болды ғой. Бертiнiректе осыған ұқсас бiр жайдың  куәсi болып едiм. «Жас Алашта» «Менiң Әуезовiмнiң» бiрiншi кiтабына ұқыпсыздықтың кесi­рiнен бiр сауатсыз пiкiр жарияланып кеттi. Мен онда кiшiгiрiм бастық едiм. Ұстаздан қарадай қысылып, кiрерге тесiк таппай жүрдiк. Өзiмдi-өзiм дайындап, әбден қисынды деген сөздiң қиюын ендi келтiрiп, ендi әне-мiне хабарласамын деп, онда да хабарласуға жүрек дауаламай жүргенде, академик таңғы төртте жазып бітірген «Редакцияға хат» (6.07.1999) деген шағын сөзін алып келіп, бұл сұмдықтан құтқарған да өзi едi. Оның мәтінін кезінде «Жас алаш­қа» жариялағанбыз.  Бiр күнi редакцияны жап-жарық етiп өзi кiрiп келмесi бар ма? Сол баяғы сұлу пiшiн, сұлу сөз, зипа қалпымен «Мынау «недоросльдерiң» кiм, қарағым?» дедi. Iле-шала осы тақы­рыппен ұстаздан кешiрiм сұрап, өзiм мақала жаздым. Бұл да болса, ешқашан өлмейтiн «Менiң Әуезовiмнен» туын­дап жатқан ой ғой. Аяқталмаса да аяқтал­мағанға бергiсiз, өзi айтқандай, мұндай «бүтiн бiтiмдi» туындылар әлi де талай ұрпаққа ой салары сөзсiз. Сондықтан ұстаздың өзi асыл жарына сыр ғып жазған хатында айтқанындай, «бас борышы – бас кiтабын» ендiгi жерде ешкiмнiң қорлауға хақы жоқ және олай болмасына кәмiл сенесiң.

Сондағы бiр сурет (суретшiсi табыл­­са) менiң көз алдымнан әлi күнге кетпейдi. Әрине, әдетте мұндай жағдай­дағы адамды ашу үстiнде күтесiң ғой. Оның үстiне «Менiң Әуезовiме» қия­н­ат жасалып отырса. Жоқ, ұстаздың ұстам­дылығына, парасат-пайымына қайран қалдым. Сол жолы мен Қабдо­ловтың көзiндегiдей мейiрiмдi ешқандай ұстаздың көзiнен әлi күнге көргенiм жоқ. Мен сөздiң сәу­лесiне жылынып тұрдым. Адамды жақсы көрудiң өзi де әркiмнiң емес, осындай айрықша жаралған адамдардың ғана қолынан келетiнiне тұңғыш көзiм жеттi. Кей-кейде есiңе түссе, елжiреп сағы­натын сол қамқор көңiл, мейiрiмдi ұстап қалғанда Сәуле апай болып көрiнедi. 

Бұл кісінің академик Манаш Қозыбаев туралы «тарихшылардың ішіндегі ақы­ны, көсемсөздің көкжалы» немесе «Шер­хан ұлттың ұяты және өмірлік тайталас­тың тарланы», «Қалтаймен жау болудың өзі бір бақыт»,  «Амантай қажы бірде үрей, бірде мерей», «Кірпігінде кірбің бар Имаштың», «Торғай ұлттың ұшқан ұясы болса, Сыр қонатын қиясы» деген атақты сөз байламдары, теңеулері, «кірпігінде кірбің бар Имаштың» деген  ауызекі сөзін былай қойғанда, жазған хаты­ның өзінде көркем тілдің  үлгілері ұшқындап тұратын. Бір ғана «Сәулеге  хатының» өзі де тұнып тұрған сөз емес, саз ғой.

Расында, не жазса да, қай жанрда жазса да әбден иiн қандырып, саз жазатын ұстаздың жолжазбаларының өзiнде кейбiр қалың романдардан таба алмайтын суреттер өрiп жүредi. Бұл ретте 1958 жылы жазған «Жолжазбаларындағы» тұнып тұрған адамтану, елтану, табиғат суреттерiн айтар болсақ, одан да бас ала алмай қаласыз.    

«...Сәуле екеумiз суға түсе қалдық. Алдымызда көкжиек жоқ. Аспантүстес теңiз алыс қиырдан барып, аспанға ұштасып, торғындай толқып кеткен. Бiз суға түскен сияқты емеспiз. Аспанды алыстан бүктеп әкелiп, шетiн (етегiн) аяғымызбен басып тұрған тәрiздiмiз.

Керемет!».

*  *  *

...Мейрамханаға Тәкен Әлiмқұлов келдi. Өзiн сағынып жүр едiм, жақсы кездестi. Арғымақ ит өзi, жақсы көре­мiн. Бұл жүрген жерде көңiлдiлiк бар. Мен серпiлiп, жайнап кеттiм.

*  *  *

Харьковте маған қатты әсер еткен Тарастың ескерткiшi: ұлы ақын биiкте, теңiздей терең ой үстiнде тұр; маңын қоршаған өзiнiң әйгiлi Катеринасынан бастап, бүкiл өзi жасаған геройлар... ғажап.

Менiң көз алдыма итарқа күркедегi қыңырайған Сұлтанмахмұттың моласы, тымағы жылтыраған (өзiнен аты сұлу) Амангелдiнiң ескерткiшi келдi...

Сорлылық емес пе?»

Бұдан кейiн Чеховтың мұражайынан жылап шыққан ұстаздың сөзiн оқып, қосыла жылауға шақ қаласыз.

Бiр заманда осынау Ялтаға келiп, оның тіл жетпес кереметін көрiп тұрып Чеховқа ағыл-тегiл хат жазған суретшi Исаак Левитан есiме түстi. Қабдолов көзi­ме Левитан болып елестеп кеттi. Одан әрi Бақшасарай хикаясына тәнтi боласыз.

Қысқасы, «теңiздiң дәмi тамшысынан бiлiнедi», осынау мөлтек дүниелердiң өзi де сiзге ой арқалатуға, адамтануға, елтануға жетiп жатыр.

Соншалықты түгесiлмейтiн, құйы­лып келе беретiн не деген сезiм, сыр деймiн-ау. Жай сөзiнiң өзi жалындап тұрады. Шынында, бұл кiсi «сөзбен ғана демалатын секiлдi» (Медетбек).

Мына бiр тәмсiлдi ұнататыным сонша, кейде ретiн тауып пайдаланып та отырамын. Ұстаз туралы ойлағанда да есiме түсiп отыр. Бiр ғұлама өмiрден көшерiнiң алдында қаумалап отырған ағайыны «ненi қимайсыз?» деген сауал қойса керек. Сонда әлгi данышпан «бәрiн де қимаймын, әсiресе әндi қимаймын» дептi. Ұлы Қабдоловтан бұл жайында ешкiм сұрамаған болар-ау, бәлкiм, сұрай қалса, өзi әр сөзiн әнге айналдырып жiберетiн сөздi қимаған болар-ау. Ол өмiрден көшкелi жатқанда деймiн-ау, сұлулық та сәл мұңайып көркемдiктiң де қабағын кiрбiң шалған болар-ау.

Шота Уәлихановтың жары Зинаида Кәрімқызы айтқандай, «Зекең ағамыздың сөзі түгіл, жүрісін, бітімін көргенде, өмір сүргің келеді» (5.02.2000ж.).

«Көрген түстей, сағымдай...» атты кітабына  жазған қолтаңбасында Сәуле апай: «Қарағым Қали! ...сұлулықтың өзі де  сығып алған шығар көз жасын», – деп жазғаның есімде. Қабырғаң қайысып еді-ау, қарағым.

Ал мынау менің көз жасым, зарым. Әрдайым Зекеңнің рухы қолдасын! 12.12.2009 ж.» деп жазған еді.

Бүгінде бізден қашып бара жатқан «қарағым» сөзіне елжіреп, осы қолтаң­баға тағы бір мәрте үңіліп, ойлап қарасам, бұл күнделіктің әр жолы шынында да сүйген жардың көз жасының бір-бір тамшысындай мөлдіреген, сұлулыққа қойылған ескерткіш екен ғой.

Егер Қабдолов әлеміне қайта еніп сұлулықтан сыр тартсақ, композитор болсақ, Тілендиевтің «Махамбетіне» жетеғабыл «Сұлулық симфониясын» жазған болар едік. Ал мықты мүсіншісі табылса, ендігі ұстазымызға қояр еңселі ескерткішке «Сұлулық» деген бір ғана сөз жазылса жетіп жатыр. Оның бар болмысы, өзі айтқандай «бүтін бітімі» осы сөзге сыйып тұрған жоқ па!?

Апайдың өзі жазғандай, Иманғалидың «Сұлулыққа айналған «Құлпытас» деген кітабында «Сұлулыққа айналған қасірет, сұлулыққа айналған нәрсе ешқашан өлімге бас имейді».

Ұстаз есіңе алған сайын сұлу сөз бен сұлу саз сені қоса арбайды. Біздің бақытымыз да сонда, өзіңді осынау кемелдік кемесіне мініп алған сұлулық сапарының бір жолаушысындай сезінесің.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ