Қоғам • 07 Желтоқсан, 2022

Астанада «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

308 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары мен еңбек ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Аталған конкурс жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, еңбек адамдарының жұмысын насихаттау мақсатында «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» атты номинациялары бойынша марапатталады.

Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, мемлекеттік органның, «Атамекен» ҰКП-ның, республикалық жұмысшылар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің, жергілікті мемлекеттік органдардың, әлеуметтік серіктестердің өкілдері, еңбек ардагерлері мен конкурс жеңімпаздары қатысты. 

Марапаттау рәсімі алдында ашық талқылау сессиясы өтіп, шара барысында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері Серік Ақшулаков, Аякүл Миразова мен Рышат Амреновтар еліміздің әр өңірінен келген жастарға еңбек тәжірибелерімен бөлісіп, сұрақтарына жауап берді.

Тамара Дүйсенова салтанатты шараның ашылуында еңбек адамдарының мемлекет пен қоғамның дамуына қосып жатқан үлестерін ерекше атап өтті.

«Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, еңбекқор азаматтар, өз ісінің нағыз кәсіпқойлары біздің мемлекетімізді нығайтады. Сондықтан біздің қоғамда кәсіпқойлық пен еңбекқорлықтың жоғары бағалануы маңызды.

Биыл 500-ден астам қызметкер «Еңбек жолы» республикалық байқауына қатысты, ол үш номинациядан тұрады: «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы».

Еңбек әулеттері – бұл мамандыққа деген адалдықтың, жоғары жұмыс шеберлігінің, ұрпақтардың отбасылық еңбек ерлігінің символы. Еңбек әулеттері  компанияның берік іргетасын қалайды, корпоративтік рухты нығайтады.

Тәлімгерлердің арқасында жас қызметкерлер көмек пен кеңес алады, сонымен қатар олардың дағдыларын жетілдіруде ғана емес, әлеуметтену мен өсуде де қажетті қолдау алады.

Жастар және сұранысқа ие мамандар – Қазақстанның дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің кілті. Біз өз тарапымыздан жастарға барынша қолдау көрсетуіміз керек.

Ардагерлерімізге ерекше құрмет білдіргім келіп тұр. Ол кісілер нағыз тәлімгерлік институтының рухын көтеруде және бүгін де сіздер кәсіби және адамгершілік тәжірибелеріңізді жас мамандармен бөлісіп, оларды еңбекке, жұмысшы мамандықтарға деген сүйіспеншілікті оятып, Отанға деген жоғары патриотизмді тәрбиелеудесіздер.

Бүгін марапатталған еңбек ардагері мен «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары осы атақтарын мақтан тұтып жүреді деп ойлаймын», деді Тамара Дүйсенова.

Министр «Еңбек ардагері» медальдарын еңбек ардагерлері Жанаргүл Магуловаға, Кабдулман Имамбековке және Күнімбала Баяхметбаеваға тапсырды.

Биыл «Еңбек жолы» конкурсына үміткерлерден өтінімдерді қабылдау 1 сәуірден басталды. «Үздік еңбек әулеті» номинациясына 163 өтінім, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясына 179 өтінім, ал «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясына 180 өтінім келіп түсті. 

Конкурстың лауреаттары республикалық комиссияның отырысында жарыстың аймақтық кезеңінде жеңімпаз атанғандардан іріктелді. Комиссия құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, әлеуметтік серіктестер, «Атамекен» ҰҚП мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері кірді.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Абай облысының Тукубаевтар әулеті жеңімпаз атанды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының Ковалевтар әулеті, ал үшінші орынды Ұлытаулық Бекмағанбетовтар әулеті қанжығасына байлады.

Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері атағын Алматыдан келген Людмила Хвостова иеленсе, екінші және үшінші орынды Ерғазы Тұрлыбеков (Қарағанды облысы) пен Жұмабай Абдулов (Атырау облысы) алды.

Өндірістің үздік жас мамандары атағын: Наурызбек Дакен Павлодар облысы (1 орын), Сұлтан Әукен Алматы  облысы (2 орын) және Нұрқасым Байшуақов Ақмола облысы (3 орын) иеленді.

Конкурс жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табысталды: 1 орынға – 1 млн теңге, 2 орынға – 500 мың теңге және 3 орынға – 300 мың теңге.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылдан бері еңбек әулеттері мен өндіріс жұмысшыларының арасында «Еңбек Жолы» республикалық конкурсын ұйымдастырып келеді. Оның басты міндеті – еңбек адамдары жайлы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және кәсіпорындар мен мекемелерде жаңа еңбек әулеттерінің қалыптасуына жағдай жасау.