Жақында еліміздегі қоғамдық ұйымның құрылтайы өтеді. Оған дайындық шаралары да өрістетілуде. Ал жалпы қоғам дамуына байланысты адамдардың да өмірге деген көзқарасы, әлеуметтік сұранысы өсетіні анық. Сондықтан да ұйым жұмысындағы үрдістерді қолданыстағы заң аясында жүргізу қажет. Оның үстіне Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше назар аударып отыр. Мәселен, биылғы жылдың мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевты қабылдап, еліміздегі қазіргі кәсіподақтар қозғалысы, елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешудегі қоғамдық ұйымдардың бірлесе атқарған жұмыстары және алда тұрған міндеттер жайлы әңгімелесті.
Жезқазған қаласында 2008 жылы өткен республикалық бизнес-форумда Елбасы бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешудегі жауапкершілігін атап көрсетіп, “Ұйымдық келісім жасаңдар” акциясын бастап берген еді. Содан бері Жетісу өңірінде Алматы кәсіподақтары одағы мен оның құрамындағы 285 мың мүшесі бар 23 салалық кәсіподақтардағы 249 ұйым мен 40 бөлімшеде 1476 ұжымдық келісім жасалды. Қазіргі кезде сол құжат негізінде жұмыс жүргізілуде. Елбасының аталған форумда айтқан қазіргі кәсіподақтар әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілуін қоғамдық ұйым ретінде бақылауды өз міндетіне алуы керек деген тапсырмасы жұмысымыздың негізіне айналған.
Жұмыс берушілер мен өндірісшілер одағы, қала мен облыс әкімі және Алматы кәсіподақтары одағы арасындағы үш жақты ұжымдық келісім 20 жылдан бері әр екі жыл сайын жасалып, онда тараптар алдына қойылған міндеттердің орындалуын үнемі бақылауда ұстауда. Нәтижесінде жұмыс берушілер мен оны орындаушылар арасындағы түсіністік жақсарып, екі арадағы келісім шешімін тапты деуімізге негіз бар.
Еңбек адамының денсаулығын жақсарту, ұйымдастыру жайы да оң шешілуде. Кәсіподақтар қарапайым жұмысшылар мен олардың балаларының демалысын ұйымдастыруға, тұрмысы төмен отбасыларына, мүгедектер мен соғыс және еңбек ардагерлеріне әлеуметтік жәрдемдер жасауға, ана мен бала құқының қорғалуына, жұмыс орындарындағы еңбек және техникалық қауіпсіздікті сақтап, еңбек заңдылықтарының бұзылмауын қамтамасыз етуге белсене атсалысып отырғанын атап айтқан жөн.
Алматы қаласы мен облыс бойынша қоғамдық негізде жұмыс істейтін 1488 техникалық-инспектор өткен бір жыл ішінде ғана құрылыс саласы мен өндіріс орындарында түрлі мекемелерде 430 дүркін тексеру өткізіп, кейбір орын алған кемшіліктердің бетін ашты. Тиісті орындарға, мекеме басшыларына жазбаша және ауызша ескертулер жасалды. Жіберген кемшіліктері үшін еңбек ұжымдарының кейбір басшыларына қатаң шаралар қолданған деректер де бар.
Қазір Алматы қаласы мен аталған облыста тікелей кәсіподақтардың араласуымен жұмысшы-қызметшілер мен оқушылардың жазғы демалысын ойдағыдай ұйымдастыру шарасы қолға алынып, соңғы әзірліктер тексерілуде.
Қызметтік мақсаты ең алдымен қарапайым еңбек адамдары мен жұмысшы-қызметшілердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды ойлаудан басталатын қоғамдық ұйымға Елбасының өзі назар аударып, қолдау көрсетіп отырғанда ісімізді ширатқан үстіне ширата түсуіміз керек екенін анық сезінеміз. Бұл жолғы құрылтайда тындырылатын істермен қатар алда атқаратын ауқымды міндеттер де айқындалатын болады. Әрине, құрылтай жұмысы бүгінгі өркениетке беттеген тұстағы еңбек адамдарының құқықтарын қорғаудағы жаңа қырынан көрінеді деген сенімдеміз.
Мырзағали МОЛДАХМЕТ, Алматы облыстық кәсіподақтар одағының төрағасы.