Медицина • 09 Желтоқсан, 2022

Онкологиядағы озық операция

354 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел медицинасында онкологиялық ауруларды ерте анықтау, диагноз қою, сондай-ақ қатерлі ісігі бар науқастарға заманауи үлгідегі медициналық көмек көрсету деңгейі жақсарып келеді. Бұл жетістік мемлекетіміздің медицина саласына жіті назар аударуы және дамыған елдермен тәжірибе алмасуға кең жол ашуының нәтижесі екені анық.

Онкологиядағы озық операция

Жалпы, «онкология» дегенде адамды бірден үрей билейді. Көбінің дер кезінде емделуге дәті бармай, дерті асқынған соң дәрігерге жүгініп жатады. Бұл аурудан айығудың жолы емес. Әркім өз денсаулығына жанашырлықпен қарамаса, кеселден құтылу оңайға соқпайды.

Елордадағы Онкология орталығына биыл – 70 жыл. Осыған орай жуырда Астана қаласы әкімдігінің «Көпсалалы медици­на орта­лығы» және «Онкологтер мен радио­логтер альянсы» қоғамдық бірлес­тігінің ұйым­дастыруымен «Онкологияға инно­вациялық технологияларды енгізудің тәжі­рибесі мен болашағы» атты ғылыми-тәжіри­белік конференция өтті. Іс-шараға 400-ден астам отандық, шетелдік ғалымдар мен дәрігерлер, онко­логия саласында әлемге әйгілі 47 спикер қа­тысты. Мақсат – онкология саласындағы тың жаңалықтармен бөлісу, тәжірибе алмасу.  

Жалпы, дәрігерлердің айтуынша, онколо­гиялық ауруларды емдеудің үш тәсілі бар. Атап айтқанда, ең алдымен операция арқылы ауру ошағын толық жою, алып тастау әдісі, одан кейін радиоактивті заттардың сәулесімен ісіктің кейбір түрлерін толығымен емдеп, жазуға болады. Ал үшінші әдіс – химия терапиясы көмегімен ғана емдеуге болатын ісік түрлері. Бұдан бөлек, тереңде орналасқан тү­йін­дерді тек сәуле арқылы емдеу әдісі де қол­да­нылады. Әйтсе де қандай ауруға болсын опе­ра­ция жасау оңай емес. Операция сәтті шығу үшін дәрі­герлерге де ұдайы тәжірибе алмасу қажет.

Осы орайда елдегі онколог ма­ман­дардың кәсібилігін арттыру мақ­­сатында аталған орта­лықта бұ­рын тәжі­рибеде қолданылмаған 5 онко­­хирур­­гиялық операция жасалды. Астана қаласы әкімдігі көпсалалы меди­цина орта­лығы­ның директоры Мұх­тар Төлеутаев күр­делі операция­дан кейін науқастар өзін жеңіл сезініп, белсенділігі артып, жүріп-тұруының тез қалыптасуына мүмкіндік алғанын айтады. Сондай-ақ адамның іш құрылысы ашылып жасалған операциялар лопароскопиялық тәсілмен сәтті жасалғанын жеткізді.

Ал №62 Мәскеу қалалық онколо­гиялық ауруха­насының бөлім меңге­рушісі, медицина ғылым­дарының кан­дидаты Илья Черников­ский: «Қазақ­стандық дәрігерлер бізден, біз­дің олардан үйренеріміз көп. Себебі кез келген шеберлік сыныбы тәжірибе алмасуға бағыт­талғандықтан, мұнда біліктілігі жоғары, әрқайсысының өз ерекшелігі бар кәсіби мамандар жиналған», деді.

Онкология орталығының 70 жыл­дығы шынында тарихи сәт. Осыншама уақыт ішін­де миллиондаған адам дертінен айықты, қуанышқа бөлен­ді. Бұл – адам жанының арашасы – онколог-дәрігерлердің ересен еңбегі. Астана қаласының қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов барлық қызметкерді орталықтың осы мерейтойымен құттықтап, жұмысына берілген ақ желеңді абзал жандардың зор тәжірибесі мен кәсібилігін ерекше атап өтті.

«Халық денсаулығы – өмір сапа­сының көрсеткіші. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміздің басты құндылығы – адам. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Осы жерде жиналған бәрімізді біріктіретін ең үлкен құндылық – адам денсаулығы мен өмірі. Медицина ғылы­мының үнемі жаңарып отыратын деректер дәуірінде әр дәрігер өзінің білімі мен дағдыларын үздіксіз жетілдіруі керек», деді ол.

Сондай-ақ конференциядағы жетек­ші мамандардың қатысуымен лапа­роскопия­лық колоректальды қатерлі ісік хирургиясы, кеуде қуысының хирургиясы бойынша үш шеберлік сыныбы және бас пен мойын, сүт безі ісіктеріне сәулелік терапия бойынша екі шеберлік сыныбы өтті. Қазақстан, АҚШ, Үндістан және Ресей онкохирургтері бұдан бөлек 2 хирургиялы, 2 радиологиялы емдеу әдісін жүргізді. Науқастардың қатерлі ісігін емдеген онкохирургтердің шеберлігі операция барысында тікелей эфир арқылы отандық басқа да дәрігерлерге көрсетілді. Бұл тәжірибе медицина техникаларын жақсартып, дәрігерлердің тың жаңалықты игерулеріне сеп болды. Жаңа технологияларды енгізіп, нәтижелі жұмыс істеу үшін мұндай тәжірибе алмасу аса маңызды. Отандық және шетелдік білікті дәрігерлер бір-бірінен тәжірибенің озығын алуға тырысты.

Иә, денсаулыққа бейжай қарауға болмайды. Дер кезінде дәрігерге қаралып, саламатты өмір салтын сақ­тау әр адамның игілікті ісіне айнал­ғаны дұрыс. Өйткені ауру асқынбай, дәрі­герге дер уағында көрінген науқас­тардың 95 па­йызын емдеп жазуға болады дейді мамандар.