Конституцияға сәйкес, ел Президентінің ұсынымымен Жоғарғы сот төрағасын сайлау, қызметтен босату және оның антын қабылдау Сенаттың ерекше қарауына жатады. Сенаторлар басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жақып Асановты қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Асламбек Мерғалиевті Жоғарғы сот төрағасы қызметіне сайлады.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Жоғарғы сот төрағасы ретінде еліміздің сот жүйесін нығайту және дамыту жолында еселі еңбек еткен Жақып Асановқа алғыс айтты.
Сонымен қатар Палата депутаттары таяуда Мемлекет басшысының Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Нариман Төреғалиевтің сенатор ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қарады. Сенат төрағасы Палатаның заң шығару қызметіне елеулі үлес қосқаны үшін Нариман Төреғалиевке ризашылығын білдірді.
Отырыс барысында депутат Нұртөре Жүсіп Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болып сайланды.
Палата отырысында сенаторлар «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы» заң жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын қарады.
Құжаттар елдің заңнамасына қосарлы және әскери мақсаттағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспорты кезіндегі тәуекелдерді бағалау критерийлерін және осы саладағы өзге де ерекшеліктерді енгізуді қарастырады. Бұл нормалар нақты тауарларды бақылаудың және осы тәуекелдерді жоюдың тиімді тетігін құруды көздейді.
«Осы арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қару-жарақтың заңсыз саудасына жол бермеу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтау көзделіп отыр. Аталған реформа тәуекелдерді бағалаудың өлшемшарттарын, мемлекеттік органдардың арасындағы өзара ақпараттық іс-қимылды енгізуге, жеке және заңды тұлғалардың ерекше тауарларды бақылау саласындағы делдалдық қызметтер көрсетуін қадағалауды күшейтуге септігін тигізеді», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев
Одан бөлек, заң жобаларында мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылау, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен ақпараттық өзара іс-қимыл жасау тәртібі, заңнаманы және басқа да нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы ережелер де бар.
Сенат депутаттары құжатта белгіленген жаңашылдықтарды концептуалды түрде қолдай отырып, оларға толықтыру енгізді. Соған байланысты заң жобаларын Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылдады.
Отырыс кезінде депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.
Құжат жөнінде баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, заң жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, жұмыспен қамтамасыз етуге, жастардың дамуына қажетті мүмкіндіктер жасауға негізделген.
«Заң жобасында мынадай ұғымдарды заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады: жастардың даму индексі, уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар), жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақтары.
Сондай-ақ заң жобасы шеңберінде «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайту жөнінде түзету енгізілді. Бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға әсер береді. Жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейтуге негізделген түзетулер көзделген.
Айта кету керек, мемлекеттік органдардың мемлекеттік стратегиялық жоспарлау құжаттарына, оның ішінде аймақтарды дамыту бағдарламаларына жастармен жұмыс бойынша нақты индикаторлар, бағалау критерийлері және күтілетін нәтижелер енгізіледі», деді Д.Қыдырәлі.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын іске асыру үшін заң жобасы шеңберінде әлеуметтік блокты шешетін бірқатар түзету енгізілген. Мәселен, бала күтіміне байланысты жәрдемақы бала 1,5 жасқа дейін жеткенше төленеді. Ең төмен базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен – 70 пайызға дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшері 120 пайызға дейін жеткізіледі. Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деп бекітілмек. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегі 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылады.
«Жастарымыздың білім алуы, жұмысқа орналасуы, денсаулығы, өзін-өзі дамытуы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне толыққанды қатысуы үшін тең мүмкіндік пен қолайлы жағдай жасау кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе екені белгілі. Заң жобасы сарапшылар мен қоғам белсенділері тарапынан талқыланды. Аталған заң жобасын қабылдау жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», деді Д.Қыдырәлі.
Сенат төрағасы атап өткендей, бұл заң жастарды кешенді қолдау және осы бағыттағы мемлекет саясатын одан әрі жетілдіру мақсатымен қабылданып отыр.
«Осы заң арқылы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген жекелеген тапсырмаларын іске асыру көзделген. Құжатта уақытша бос жүрген жастарды қолдау және жастар ресурстық орталықтарының қызметін кеңейту мәселелері қамтылған. Сондай-ақ заңда бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер кезеңін 1,5 жасқа дейін ұлғайтуға және 1 мен 6 жас аралығындағы әр балаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға қатысты нормалар бар. Алдағы уақытта осы заң жастар саясаты бойынша қажетті шаралар кешенін жүзеге асыруға және бірқатар әлеуметтік мәселені оң шешуге мүмкіндік береді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен бірге отырыста сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Ғалиаскар Сарыбаев елдегі цифрландырудың жай-күйін сынға алып, бақылауды күшейтуді және сапасыз интернет үшін айыппұлдарды ұлғайтуды ұсынды.
Бауыржан Қаниев теміржол саласындағы өзекті проблемаларға назар аударып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-да түбегейлі реформалар жүргізу керектігін, оның ішінде вагондар паркін жаңарту, билет тапшылығына және олардың жоғары бағасына қатысты мәселелерді шешу қажеттігін айтты.
Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрам паркінде 2 228 вагон бар, олардың 35%-ының пайдалануға берілгеніне 28 жылдан асып кеткен. Тальго вагондарын есептемегенде жолаушылар вагондары орташа есеппен 63%-ға, ал локомотивтер 67%-ға тозған.
«Темір жол тасымалының әлеуметтік-экономикалық маңызы мен транзиттік әлеуетін ескере келгенде «Қазақстан темір жолы» АҚ түбегейлі реформаларды қажет етеді. Осы мәселелерді шешуді, ең алдымен, саланың тәжірибелі мамандарын басшылық лауазымдарға тағайындаудан бастаған жөн деп санаймыз. Елімізде мемлекеттік активтерді жекешелендіру салдарынан болған жағымсыз жағдайларды ескере отырып, жекешелендірілген тұйықтарды, багаж бөлімшелерін «Қазақстан темір жолы» АҚ меншігіне қайтару қажет», деді депутат.
Амангелді Толамисов медициналық ұйымдардың жеткіліксіз қаржыландырылуына және ауруханалардың кредиторлық берешегінің өсуіне қатысты мәселелерді жедел шешу қажеттігін атап өтті.
Нұртөре Жүсіп Төтенше жағдайлар министрлігінің негізгі функцияларының бірі төтенше жағдайлардың алдын алу және ескерту екенін атап өтті. Осы ретте сенатор аса маңызды нысандардың кешенді қауіпсіздік жүйесін және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін енгізуді ұсынды.
Сенатор, сондай-ақ апатты ахуал туындаған кезде Үкімет өз міндеттерін орындап, тез әрекет етудің орнына Президенттің нұсқауын күтіп қалатыны, сөйтіп, проблемаларды шешу процесін кешіктіретінін түсіне алмайтынын айтты. Сенатор Үкімет басшысының атына айтқан ұсыныстардың ішінде аса маңызды нысандарға қауіпсіздіктің кешенді жүйесін енгізудің маңызын атап өтті.
Әлімжан Құртаев Түркістан облысының Кентау қаласындағы, сондай-ақ оған іргелес жатқан Ащысай, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ, Құсшы-ата, Шаштөбе, Бүргем елді мекендеріндегі экологиялық проблемаға алаңдаушылық білдірді.