Спорт • 12 Желтоқсан, 2022

Алан – әлем чемпионы!

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тунисте жас­өс­­пірімдер ара­сын­­дағы әлем бі­рін­шілігі аяқ­тал­ды. Бұл жарыс­та 15 жастағы қа­зақ­стан­дық спорт­шы Алан Құр­ма­н­ғалиев та бақ сынады. Мы­­сырлық Хана Го­дамен бір­ге ол аралас жұп сайысында бас жүлдені олжалады.

Алан – әлем чемпионы!

Жерорта теңізі жағалауында жалауы желбіреген жарысқа Алан Құрманғалиев пен Хана Годаның өте жақсы даярлықпен келгені бірден байқалды. Екеуі де біраз жылдан бері өз елдерінің ұлттық құрама командасы сапында өнер көрсетіп жүр. Мәселен, Алан биыл Лаоста өткен Азия біріншілігінде қола медаль еншіледі. Бұл – Қазақстанның осындай деңгейдегі жарыстағы алғашқы жүлдесі. 14 жастағы Хана да Африка құрлығындағы ең үздік жас ойыншылар санатына еркін еніп отыр. Бұл спортшылардың басқа да аса ірі халықаралық турнирде елеулі табыстарға қол жеткізіп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Тунисте Құрманғалиев пен Года жұбы барлық қарсыласын сыпыра ұтып, финалда Пиреней түбегінен келген Тьяго Абиодана мен Мария Берзостан басым түсті.

– Бұл – Қазақстан үстел теннисі үшін тарихи сәт! Бұған дейін осы спорт түрін серік еткен ешбір жерлесіміз дәл осындай зор табысқа қол жеткізген жоқ еді. Алан өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында бүгінгідей дәрежеге жетті. Ол жыл басынан бері нәтижелі өнер көрсетіп, түрлі халықаралық жарыста барлығы 19 медаль жеңіп алды. Міне, енді әлем чемпионы атанып отыр. Осылайша, Қазақстан бұл өнерде жаңа деңгейге көтерілді. Сөз орайы келгенде, осындай мықты спортшыны тәрбиелеген жеке жаттықтырушысы Елмира Әлиеваға зор ризашылығымды білдіремін. Ал Аланның өзін осы жарқын жеңісімен құтттықтаймын, – дейді республикалық үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абылғазин.