Сарыөзектегі шабуылдаушылар құрамасының батальон сержанты Ербол 2019-2020 жылдары БҰҰ Ливандағы уақытша күштерінің шығыс секторында бітімгерлік қызмет атқарған екен.
Жалпы, қазақ бітімгерлері 2018 жылғы қазан айынан бері Израил мен Оңтүстік Ливан шекарасында орналасқан UNIFIL миссиясына қатысып келеді. Атап айтқанда, онда біздің жігіттер үнді бітімгерлерімен бірлесіп, жергілікті жерді жаяу және мобильді патрульдеуді, тосқауыл бекеттерінің жұмысын ұйымдастыруды, базаларды күзету мен түрлі операцияны жүргізуді жүзеге асырады.
Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаушы қазақстандық «көгілдір каскалардың» Ливандағы үшінші құрамы сапында қызмет еткен Ербол бауырымыздың жергілікті әскерилерге жасаған ерекше тартуы жайлы миссияға қатысушылар ризашылықпен айтады.
– Көпұлтты күштер қолбасшылығынан бітімгерлер тұратын казарма қабырғасына мурал салу туралы ұсыныс түсті. Бұл жауапты тапсырманы қуана қабылдадым, – дейді ІІ сыныпты сержант Ербол Рабатов. – Миссиядағы негізгі міндеттерімді атқарудан қолым босаған кезде жұмысқа бар ынта-жігермен кірістім.
Екі аптада дайын болған бітімгерлердің бірлескен қимылы бейнеленген мурал көп-ұлтты күштердің көңілінен шықты. Сонадайдан ерекше көз тартатын туынды, тіпті БҰҰ басшылығының да қызығушылығын туғызған. Ерболдың құрметіне Ливанда шағын сурет көрмесі ұйымдастырылып, миссия қолбасшылығы жерлесімізге Алғысхат тапсырып, бағалы сыйлықпен марапаттаған.
Үндістандық бөлімше командирі полковник Нараян Синх Амит «суреттің көшірмесін салып беріңіз» деп қолқалапты. Бұл өтінішті де құп алған жерлесімізге тағы екі апта уақытын шығармашылыққа арнауға тура келген. Кенепке майлы бояумен салынған картинаны полковник еліне жеткен соң Үндістан Қарулы күштерінің әскери мұражайына өткізіпті. Қазақ сарбазы салған суреттің музейден табылу тарихы осындай.
Ербол бала күнінен сурет салуға бейім болып өскен. Тіпті үйдің қабырғаларын қиялындағы кейіпкерлерімен толтырып тастайтын күндері көп болатын. Баласының өнерге құштарлықтан туған бұл қылығына анасы да қабақ шытқан емес. Мектепте оқып жүргенінде сурет пәнінен сабақ беретін мұғалімі Аманжол Бексұлтанов оны көркемсурет үйірмесіне қабылдап, талантын ашуға сеп болды. Жетінші сыныпта жас суретшілер арасында өткен байқауда бірінші орын алып, жақындарын қуантқаны бар. Сол жолы жеңімпаз балаға әсем Алматыны көру бақыты бұйырды.
Бүгінде әскери өтілі 20 жылдан асатын Ербол Рабатов қолы қалт еткенде шеберханасынан табылады. Туған жерінің табиғатын қалай сүйсе, қылқаламын да солай қастерлей білген суретшінің тақырыбы әр алуан. Картиналары ұлттық бояуға қанық.
Ербол – спорт шеберіне кандидат. Кезінде Жаркенттегі Дәулет Тұрлыханов атындағы грек-рим күресі клубында жаттығып, бірқатар додада топ жарғаны бар.
Спорт пен өнерді жанына серік еткен сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретіні байқалады. Олай болса, мақсаты айқын Ерболдың болашағы да жарқын боларына біз де сенімдіміз.
Мұхарбек МАХАМБЕТ,
әскери журналист