Руханият • 12 Желтоқсан, 2022

Тілге қызметтің бел-белесі

256 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында Қуат Бораштың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ақ піл синдромы» атты мақаласы оқыр­мандар арасында қызы­ғушылық туғызды. Қазақ оқыр­манын піл несімен қызық­тыруы мүмкін дейсіз ғой. Мәселе сол «пілді» қазақ ұғымы­на үйлестіре білуде ғой.

Тілге қызметтің бел-белесі

Сөйтсе, ағылшындарда «ақ піл» (white elephant) деген идиома бар көрінеді. Оның бастау тарихы Таи­­ланд, Бирма сияқты Оң­түстік Азия елдерінде монархтардың қол астын­дағы қызметшілеріне мол­шылықтың белгісі саналатын ақ піл сыйлау дәстүрімен сабақтасып жатыр екен. Яғни қо­жайын өзінің көңілі құ­лаған адамына ақ піл сыйлап, құрмет көрсетеді. Бірақ әміршісі сыйлаған әлгі пілді не сатуға, не атуға немесе басқа біреуге сыйлап жіберуге тыйым салынады. Аталған елдер үшін киелі саналатын бұл хайуанды күтіп-баптау дегеніңіз қыруар шығын. Қысқасы, ақ піл молшылықтың бастауы емес, жаңа иесін тақырға отырғызатын «сыйлық».

Қуат «ақ пілді» алға тарта отырып, елордада салынған зәулім сарай­ларды ұстап тұру қы­руар қаржыны талап ете­тінін, сол себепті бұл ғи­мараттарды уа­қыт сұ­­ранысына сай инно­ва­циялық, ақпараттық технологиялар, білім беру орталықтары ретінде пай­­да­лануға үндейді. Сон­дай-ақ журналист мерейтой иелеріне сыйға тартылатын сансыз шапан «азиялық ақ пілдің» күйін кешпес үшін оларды заманауи дизайн үлгісімен күнделікті киетін сәнді пальто, күртеше түрінде дайындаса, бір жағы ұлт­тық киім жаңаша жаңғырар еді әрі тұрмыста игілікке жарар еді деген ой айтады. Түсінген жанға «ақ пілден» туындаған ойдың айтары көп. Қуат­тың әрбір жазған дү­ниесінде осындай тосын ой менмұндалайды.

Ол талайғы Тараздан таяқ тастам жер демесе де, қалаға жақын орна­ласқан ауылдың баласы. Қала іргесіндегі ауылға әуежай жақын орна­лас­қандықтан «аэро­порт­тағы Амангелді» атанып кеткен әйгілі ауыл. Әйгілі ауыл демекші, Аман­­гелді ауы­лы­ның ба­ла­­лары тоқырау жыл­да­рында басқаларға есесін жібермейтін «ерекше ерлігімен» аты бір дүр­кіреген. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген ма­қал­ды Қуат өз басынан өткізген. Құлын-тай­дай тебісіп өскен бө­лесі Алтаймен ауылдағы бөлініс кезінде екеуі екі жақта шайқасуға тура кел­ген. Бір-екі ай үлкендігі бар Алтай Қуаттан туыс болып қалғысы келсе, шайқас алаңын тастап кетуді сұраған. «Май­дан­дастарын» тастап кету деген масқара ғой, ал Қуат қақтығыс алаңын тас­тап кетуді ар санаған. Ол бала кезінен-ақ намыс қайра­ғында шыңдалған-ды.

Бір ерекшелігі, Қуат кішкен­тайынан сола­қайлардың сапына енген. Ол мектеп табалдырығын аттаған кеңестік кезеңде құдай ұрған бір ғадет бар-тұғын: сола­қай баланы қалайда оң қолымен жа­зуға мәжбүрлейтін. Бәл­кім, бұл араб әліпбиінің ырғағына түсіп кетпесін дегені ме, әйтеуір мектеп босағасынан аттаған сола­қай балдырғандардың жазуымен мұғалім біткен алысып жүретін.

Задында солақай­лар­дан талантты жандар көп шық­қаны белгілі. Жаһанға танымал сола­қайлар ара­сын­да Аль­берт Эйнштейн, Исаак Ньютоннан бастап әлемнің талай тұлғалары бар. Алаштың солақай ұлы тұлғалары да алдың­ғыларынан әсте кем түс­пейді. Сол қолындағы ди­ри­­жерлік таяқшасымен тұтас оркестрдің ырғағы мен иірі­мін бір арнада түйістірген Нұр­ғиса Ті­лендиев, сан түрлі бояу­мен ұлттық дәстүрді суретте таңбалаған Гул­файрус Исмай­лова, кеңес­тік кезеңнің өзінде ұлттық жур­­на­лис­тиканың ме­рейін асырған редактор Сей­­дах­мет Бердіқұлов, Бейжің Олим­пиадасының қаһарманы боксшы Ба­қыт Сәрсекбаев төрт­күл дүниенің тұл­ғаларымен иық тірестіре алады.

Қуат та бірінші сы­нып­қа бар­ған сәттен мек­тепте мұға­лімнің, үйде әкесі­нің оң қолмен жазу машығын меңгеруге кірісті. Қатаң қадағалаудың ар­қа­сында оң қолы «икемделіп» дегеніне бағына бас­тады. Әйтсе де, «кеңестік» жазуға көн­дік­кенімен, кейде сол қолы бар болғыр туа­бітті әдетіне басып, «төте жазуға» жүйтки жөне­­­­летін-ді...

Амангелді орта мекте­бінде оқып жүргенде Қа­һарманның баласы қос қолымен де қаламды се­нім­ді ұстап, журналис­тика ауылына бет бұра баста­ған. Сегізінші сыныпта оқып жүр­ге­нін­де Жамбыл облыстық «Ең­бек туы» («Ақ жол») га­зетіне «Жалған баға жар­ға жығады» деген та­қы­­рыпта жаз­ған мақа­ласы­мен облысқа та­ныл­­ды. Мақаласы га­зет­­тің бі­рінші бетінде «мен­мұн­далап» тұр. Бір мұ­ға­­лім апайымен пікір талас­тырдың деп, мұғалім ағай­лары Қуаттың бағасын қасақана төмендеткен. Қуат Бораш мұн­дай әді­летсіздікке төзбеген. Тас­қа басылған дүниенің қал­тарыста қалмай­тын кезі ғой. Журналист жазса да, оқушы жазса да. Анық-қанығы тексерілуге тиіс. Содан ауылға күн са­йын комиссия ағылады. Бір күні ауданнан, келесі кү­ні облыс­тан дегендей. Әйтеуір алқалы жиынның ақыры бейбіт түрде аяқ­талды, мектеп директоры Айша Бердешқызы «бүкіл жұртқа жария салмай-ақ, өзіміз шешетін мәселе еді ғой» деп көрегендік танытып, ушыққан мәсе­леге нүкте қойылды. Әді­лет­сіздік атаулыға қа­лам арқылы көрсеткен ал­ғашқы қарсылығы еді бұл Қуаттың.

Кездейсоқтық па, заң­дылық па, әдетте өмірде болатын кейбір жайттарды ажырату қиынға соғады. Әйтсе де, кездейсоқ еш­теңе болмайды ғой. Адам баласының талғамы, таң­дауы, дүниетанымы, керек десеңіз мамандығы да сол саладағы озық ой­лы тұлғалармен кезде­сіп, әңгіме-дүкен құруға дәнекер болуы заңдылық емес пе. Қуаттың «адам­заттың Айт­матовымен» кездесуі де осындай заң­дылықтың санаты­на қо­суға тұрарлық. Оқи­ға­ның ұзын-ырғасы төмен­дегідей. Атақты жазушы Шыңғыс Айтматов 80 жылдығы қарсаңында Астанаға ат басын ті­реп, Мемлекет басшы­сы­ның қабылдауында бол­ғаны бар. Сол сапар­да Әйгілі тұлғаны күтіп алушылар қатарынан Қ.Бораш та болды.

Мемлекет бас­шы­сы­ның қабыл­дауынан шық­қаннан кейін қадірлі қо­нақ­­тың құрметіне дас­тарқан жайылған. Дас­тарқан басындағы емен-жарқын әңгіме барысында Қуат­тың Жамбыл облысынан екендігі (Шың­ғыс Айтматов Жам­был­да техникумда оқы­ған), оған қоса оның Шы­ң­ғыс аға­сы сияқты 12 жел­тоқсанда дү­ниеге кел­ген­­дігі де сөз болады. Күтушінің кішілігіне риза болған жазушы жас азаматқа батасын беріпті. Біздің білетініміз, Қуат Қаһарманұлы өскен, ара­ласқан, қызмет еткен ор­та­сы арқылы рухани дүниетанымы өсіп, шы­­­ғар­­­­машылығында да ел­дік мақ­саттағы көптеген туын­­дыны дү­ниеге әкелді.

ҚазМУ-дың журналис­тика факуль­тетін тәмам­даған Қуат еңбек жолын Тараздағы «Рай­хан» теле­ар­насынан бастап, Мұса Рахман­­бердиевтің арнайы шақыртуы­мен Жамбыл об­лыс­тық телеком­­пания­­сында жалғастырды. Күн сайын қала өміріне ар­нал­ған екі сағат­тық эфирге шығып отырды. Ақ­па­раттық-музыка­лық, публи­цистикалық бағдар­­ла­маға «Ақ­нұр» атауы беріл­ді. Осы хабар барысында түрлі тақы­­­рып қоз­­ғалып, көрер­менмен тіке­лей бай­­ла­ныс, вик­ториналық сұ­­рақ­тар қою сынды көрер­меннің қы­зығу­шы­­­лы­ғын туғызатын озық идея­лар жүзеге ас­ты. Қуат Бо­раштың жур­на­­лис­ти­кадағы алғаш­қы ізде­ністері алда­ғы шығар­машылық табы­сының ірге­та­сын қалады. Ал оның журна­листік ше­берлігін жан-жақты танытқан ортасы – «Еге­мен Қазақстан» газеті.

Өйткені ол осы газетке «тарыдай болып келіп, таудай болып» шықты. Үздіксіз ізденісінің, ал­ғыр­лығының арқасында. Газет­ тілшісі ретін­де Мемлекет басшының шетелге сапарларынан ел-жұртты хабарландырып, егемендік жылнамасын жасауға үлкен үлес қосты. «Са­ла­матсың ба, Сакура елі», «Ар­мысың, Америка, есенбісің, еңселі ел», «Ежел­гі көрші, етене ел» (Қы­тай мемлекеті туралы), «Түбірі ортақ түрікмен елінде» деп тақырыптары айтып тұрғандай, жолсапар очерк­терінде оқыр­манды баурап алатын талай дерек қамтылды. Тал­ғамы биік санаткер-жур­налист Сауытбек Аб­драх­манов ағамыздың: «Қуат Бораш қала­мы­на кең құлаштылық, нені болса да әлемдік ауқым­да қарастыруға тыры­су­шылық тән» деп баға беруі осы­ның айқын дәлелі.

Қуат Бораштың қала­мынан шыққан «Ұлттық сана тәуел­сіздігі», «Жұ­мыр жердің жұма­ғы», «Барыстар бауыр­лас­ты­­ғы», «Жаңалық жа­рат­қан­ның сыйы» сынды та­қырыбының өзі ай­қын­­­дап тұрған оқы­лым­ды мақалалар да «Еге­мен­нің» еншісіне тиді. Қаһар­манның баласы «Егемен Қазақстан» га­зе­тінің тіл­шілігінен басы­лымның бас редакторы лауазымына дейінгі жолды абыройлы еңсерді. Соңғы кездері мемлекеттік қызметте, ұлттық идеология саласында еңбек етіп жүрсе де, ұшқан ұясын ерек­ше ілтипатпен еске алады.

«Қазір ел арасында есіміміз жақсы жағынан естіліп қалып жүрсе, оған «Егемен Қазақ­стандағы» ұлттың ұлы қасиет­терін бойына сіңірген ағалар дәстүрінен алған тәлім-тәрбиенің қосқан үлесі өлшеусіз деп білемін» дейді бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі Архив ісі және құжатта­маны басқару ко­митетінің төрағасы Қуат Бораш.

Қуаттың журналистика саласында еңбек еткен кезеңде түйген өзіндік қағидасы да бар. «Айтар ойың, кесімді байламың болмаса, сусаған сөздер тізбегі ешқашан рухқа қуат, ойға нәр бере алмайтынына да көзіміз жетті» дейді ол. Қуат Бораштың қуатты қаламынан туған «Жұ­мыр жердің жұмағы», «Өз елім – өркениетім» ат­ты кітаптары рухқа қуат, ой­ға нәр беретін шығар­ма­лар қатарында екені айқын.

Ұлт руханиятына мемлекет­­­тік қыз­мет­те жүріп те үлес қосу­ға бо­лады. Қазіргі әдебиет, мәде­ниет са­ла­­сында елі­мізде оң өзгеріс­тер, жаңа­­­шыл идея­лар жүзеге асып жатса, онда Қуат Қа­һар­­манұлының да қол­­таң­­басы бар. Біз оны қай уақытта да ұлт­тық жур­налистиканың сапын­дағы сардар деп білеміз.