Қоғам • 12 Желтоқсан, 2022

Талаптың мініп тұлпарын...

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында өнерде дарынды балаларға арналған мектептің ашылғанына 25 жыл толды. Оған күміс көмей әнші, КСРО халық әртісі, жерлесіміз Ермек Серкебаевтың есімі берілген.

Талаптың мініп тұлпарын...

 

Өткен аптаның аяғында осы оқу орнының ұжымы мектептің ширек ғасырлық то­йын тамаша концерттік бағдарламамен атап өтті. Оған Алматыдан, Астанадан елімізге танымал өнер қайраткерлері келді. Соның ішінде атақты скрипкашы, Монте-Карлодағы халықаралық фестивальдің жеңімпазы, Ермек Серкебаевтың інісі, дирижер Мұрат Серкебаевтың қызы Жәмилә Серкебаева, опера әншісі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Қанат Омарбаев, опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзев және осы оқу орнының атақты түлектері қатысты. 

Өнер ұжымын жергілікті билік орган­дарының өкілдері, келген қонақтар, мәдениет және оқу орындарының өкілдері құттықтап болған соң, мектеп оқушылары тамаша қойылым көрсетті. Соның ішінде Ермек Серкебаевтың өміріне арналған қызықты көріністер, әншінің балалық шағындағы әкесі Бекмұхамед пен анасы Зылиханың қара шаңырағындағы өскен ортасы, үлгі алған өнегелері көрермендерге тарту етілді. Әншінің балалық шағын Ж.Болат, ересек шағын Б.Бірімжанов ойнады.  

Кезінде атағы жер жарған «Наш милый доктор» фильміндегі «Надо мной небо синее» сияқты әншінің орындауындағы әндер шырқалып, олар оқушылардың қойылымдарымен әрлендіріліп отырды. Балалар хоры орындаған «Өз елім», «Нарисуй этот мир», «Аллилуйя» секілді әндер де көрермендерді бейжай қалдырмады.   Басқа өнерпаз жастар да өнердің өріне аяқ басып тұрғандарын көрсетті. Бұл шаңырақтың өнер жолындағы алар асулары биік екені көрініп тұр.

Сонымен қатар өнер ұжымын бейне­көрініс арқылы Әлібек Дінішев, Айман Мұсақожаева сияқты өнер жұлдыздары да құттықтады.

 

ПЕТРОПАВЛ