Қоғам • 12 Желтоқсан, 2022

Электронды темекі несімен қауіпті?

4450 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жас­тарымен кездесуде электронды темекіге әуестеніп бара жатқан оқушылар туралы сөз қозғады. «Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай», деді Президент.

Электронды темекі несімен қауіпті?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Айтылған сөздің жаны бар. Мұны еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы төрт жылда шылым шегу бойынша жүргізген мониторингтік есебі дәлелдейді. Дерекке сүйенсек, жалпы бір реттік шылымды сатып алатын 12 мен 15 жас ара­лығындағы жеткіншектер саны үш есеге артқан. Бұл дегені­ңіз әрбір мектептегі 15% ұл, 6% қыз электронды темекінің түтінін будақтатып көрді деген сөз.

Аты-жөнін жарияламауды өтінген 16 жастағы елордалық кейіпкеріміз бір реттік шылымды әуелде оқушылар арасында сән болғандықтан шегіп көргенін жасырмады. Ол түрлі түсті фломастер секілді кішкентай құтысы бар вейп кәдімгі шылымға қарағанда иіс шығармайды әрі зиянсыз деп есептейді.

– Электронды темекіге ал­ғаш рет сыныптастарыммен көшеде жүргенімізде қызық­тық. Дүкендегі сатушы ағайдан сұрас­тырып, неше түрі барын білдік. Никотині аз, иіс шығармайды «Түтін емес, бу жұтасың» деп вейпті мақтағаннан кейін ақша қосып, сол жерден сатып алдық. Басында қорқыныш сезімі болды. Ата-аналарымыз, мұғалім кө­ріп қойса, не істейміз деп ойла­дық. Кейін кезектесіп үйге алып ке­тетінді шығардық. Анама бір рет ұсталып қала жаздадым. Содан соң үйге әкелуді доғардым. Қазір жолдастарымның біразы шегуін тоқтатты. Бірақ менде әуестік бар сияқты. Іздеп тұратынды шығар­дым, – дейді 10-сынып оқушысы.

Тренд пен бренд қуған заманда жер-жерде қолдарына түтікше ұстап, аппақ буын будақ­татқанға әуестенген оқушы­лар электронды темекінің зиянына аса үңіле қоймайды. Ғалым­дардың ай­туынша, бұл шылым­дардың зияны аздау. Өйткені көміртегі тотығы токсиндер, шайыр және басқа да қосымша қоспалар жоқ көрінеді. Бұған қоса, электронды мен жай темекі­нің буын салыстырсақ, оның айна­ла­сын­дағы тыныстау­шыларға қаупі төмендеу. Ал «Темекі түтіні­нен азат Қазақстан» ұлт­тық коали­ция­сы­ның жетек­шісі Жәмилә Са­дықова, мұны таза «миф» деп санайды.

– Қыздырылатын табак aikos, glo және вейптің кәдім­гі темекіге қарағанда нико­ти­ні аз деген тұжырым жал­ған. Біріншіден, біз вейптің қа­п­­та­масында көрсетілгеніне қара­ғанда әлдеқайда көп никотин анық­тадық. Сұйық түрдегі хи­мия­лық қоспа ауыз ұртында тез сорылып, қан жүйесіне бірден түседі. Бұл миды никотинмен у­­лау деген сөз. Тіпті вейпті қол­­да­натын балалар есінен танып құлауы мүмкін. Екіншіден, вейпті шегетін ересектерде никотинге деген тәуелділік одан әрі артады. Орташа есеппен әрбір вейпте 6-62 мг дейін никотин бар. Сондықтан табак өнімдерімен айналысатындардың «электронды темекіде никотин аз» деген сөзіне сенудің қажеті жоқ.

Ал aikos пен glo – қыздырыл­ған табак өнімі. Оның ішінде никотин 6 мг дейін болуы мүмкін. Мұның енді кәдімгі темекіге қарағанда никотині аз деп айтып жатады. Солай жарнамаланып та жүр. Бірақ күні бүгінге дейін жасалған зерттеулер электронды темекінің зиянсыз емес екенін көрсетті. Өйткені олардың құрамында қандай мөлшерде болса да никотин бар. Ал кез келген формадағы никотинді қолдану – зиян. Оның үстіне бұл өнімдер электронды шылымды шегушінің ғана емес, оның айналасындағы адамдарға да зиянын тигізеді. Әсіресе балалар темекі түтінінен тез уланып, түрлі ауруға шалдығуы әбден мүмкін. Сондықтан ДСҰ электронды темекілер зиянсыз деген тұжырыммен келіспейді. Темекінің қай түрі болмасын өте қауіпті екенін естен шығармаған жөн, – дейді Ж.Садықова.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының ақпаратына сүйенсек, шылым шегу салдарынан жыл сайын жаһанда 8 мил­­лион­нан астам адам қайтыс болады. Ал елімізде шылымның кесірінен жыл са­йын 18 мыңға жуық адам көз жұмады екен. Өйткені темекі өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің созыл­малы обструк­тивті ауруы, демікпе, қан айналым жүйесі ауруларын: жүректің ишимия­лық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларын тудырады. Бұған қоса ағзаның ин­фек­ция­мен күресу қабілетін төмен­детіп, иммундық жүйеге кері әсер етеді. Десе де әлеуметтік желіде де әлеуеттің әлегіне айналып, әб­ден жарнамаланған вейп, айкос­тар қолжетімді бағада сатылады. Мәселен, әрбір бөлшек сауда дүкенінде бір вейптің баға­сы 2 мың теңгеден аспайды.  «Республикалық психи­ка­лық денсаулық ғылыми-прак­тика­лық орталығы» ШЖҚ РМК Пав­ло­дар­дағы филиалының аға дәрі­гері Мәди Тоқанов вейптер қол­жетімді болғандықтан тұтына­тындар қатары да көбейді дейді.

– Жастар және ересек адамдар арасында электронды темекі шегу белең алуы қауіп болып тұр. Сұранысқа сай темекінің де түрі көп. Олардың құрамында не бар екенін ешкім біле бермейді. Мәселен, Қазақстанда вейптің құрамын зерттейтін зертханалар жоқ. «Ешқандай залалы жоқ, тек түтін шығарады» деген шындыққа жанаспайды. Бірақ сол түтіннің ішінде көптеген консергендер бар. Ол ағзаға өте зиян. Әрине оның зияндылығы ең соңында ғана байқалады. Тіпті уақыт өте келе зияндылық әсері күшейе түседі. Ғылыми деректер бойынша 70-80 пайызы осы электронды темекіні қолданатын адамдар қатерлі ісікке, онколо­гия­лық ауруларға шалдығады. Бұған қоса синтетикалық заттар­дың оқушылардың әуестенуіне әсер ететін бірден-бір фактор қоғамдық орындарда, көліктерде шылым шегетін жандарды көп көруі. Олардың психологиясында шылым шеккен адам сондай бір мықты болып көрінеді. Одан бөлек бейнежазбалар, кино, сериалдарда кейіпкерлердің түтін шығарғаны оларды еліктірмей қоймайды. Әрі тағы бір парадокс, оқушыларда «Жоқ, болмайды» деген дүниені олар қызы­ғып істейді. Негізі заң бойын­ша оны сатуға тыйым салын­ған. Дегенмен де оны белгілі бір сауда-саттық орындары­нан алады. Қоғамнан бөлек жасөс­пі­рім­дердің әуестігіне үй­дегі ата-аналардың балаларына уа­қытында көңіл бөлмеуі де сеп. Бүгінде аурулардың халық­ара­лық жіктемесі бойынша F17 деген (Темекі шегуден туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары) диагноз бар. Ауру болғаннан кейін физикалық-псхикалық көріністері болады. Көбінесе қобалжу, ренжу, көңіл күйінің тұрақсыздығы, ашушаңдық, бас ауруы, тәбеттің жоғалуы, егер адам сол темекіні бел­­гілі бір уақытқа тоқтатса, кәдім­гі есірткі қолданатын адам сияқ­ты тәуелділігін сезінеді.

«Темекі түтінінен азат Қазақ­стан» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмилә Садықова электронды темекілерді немесе вейптерді қолдануы салдарынан өкпенің зақымдалғанын білдіретін арнайы эвейли (evali) ауруы бар екенін айтады. Бұл диагноздан емделу де қымбат. Жасанды тыныс алу аппаратын қосу арқылы ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Өйткені оның белгілері тұмауға немесе пневмонияға ұқсас болуы мүмкін. Бірақ бұл ретте антибиотиктер көмектеспейді. Өткен жылы АҚШ дәрігерлері осындай дертпен үш мыңға жуық 40 жасқа дейінгі азаматты тіркеген. Ал 68 адам ажал құшқан.

Сондықтан қазір электронды темекі айналымына тыйым салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл проблема негізінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілері­не денсаулық сақтау мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірленген-ді. Бұл осыдан екі ай бұрын «Ашық НҚА» сайтында жарияланған еді. Айта кетейік, әлемде Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Бразилия, Мексика, Канада, Таиланд, Үндістан, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Ливан, Қатар сияқты 32 ел вейпті сатуға тыйым салған.

 

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»