Қоғам • 12 Желтоқсан, 2022

Әділетті қаланы халық жасайды

301 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақтөбеде еліміздің және ТМД елдерінің урбанистика саласындағы сарапшылары, сәулетшілер, мемлекеттік компаниялар мен қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен «Urbathon Aktobe – әділетті қалалар» урбанистер форумы өтті. Жайлы қала ортасын қалыптастырудың заманауи трендтері, әр қаланың өзіндік мәдени кодын жасау мәселелері талқыланған жиынды Q-88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы, QazUrban қала құрылысын дамытуға жәрдемдесу қауымдастығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігі ұйымдастырды.

Әділетті қаланы халық жасайды

 

Елімізде қала тұрғындарының саны өсіп келе жатқан қазіргі кезеңде қала сәу­леті, экологиялық қауіпсіздігі, көлік қа­тынасы, әлеуметтік нысандар құры­лысын жоспарлауда көптеген күрделі мәсе­ле туындап жатыр. Осы ретте Ақтөбе қаласының дамуына байланысты көп­теген мәселе пайда болды. Көп сұрақ­тың негізгі түйіні қала құрылысын жос­пар­лау­дан басталады. Осы жағдайды өңір басшысы Ералы Тоғжанов былай деп бағалады: «Соңғы бес жыл ішінде Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны 20%-ға өсіп, бүгінде 552 мың адамға жетті.  Басқаша айтқанда, бүгінде облыстағы он адамның алтауы Ақтөбе қаласында тұрады. Тағы бір ерекшелігі – шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 90%-ы, өңдеу өндірісінің 80%-ы  облыс орталығында шоғырланған. Сол се­бепті таяу уақытта Ақтөбені жан-жақ­ты дамыған жайлы қала ретінде қалып­тасыру күн тәртібіне көтерілді», деді.

Жаңа жылдан бастап агломерация туралы заң жобасы депутаттардың талқылауына түседі. Осы заң жобасында Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Шымкент қалалары еліміздің агломерациялқ орталықтарына айналады. Жаңа заң бойынша осы қалалар төңірегіндегі елді мекендерімен қоса  агло­мерация орталығы ретінде қарасты­рылып, бюджетті бөлу, қала ішіндегі көлік маршруты, тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, мәдени нысандар құрылысын тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып жоспарлау қарастырылады.

Ақтөбе қаласын көлік хабы ретінде дамыту – сапалы жолдар, жақсы жолға қойылған әуе және темір жол байланысы инвестицияның келуіне жол ашады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі арқылы жыл сайын жүк тасымалы 10%-ға ұлғайып келеді. Оған қоса «Қазақстан теміржолы» АҚ-мен бірлесе Ақтөбе қаласында жылына 1 млн тонна жүк айналымы өтетін көлік кластері құрылмақ. Биыл Ақтөбеден Дубай, Тайландқа тікелей әуе рейсі ашылды. Енді Ташкент, Самара, Прага және еліміздің Көкшетау, Шымкент, Өскемен қалаларына әуе  рейсін ашу көзделген. «Сырттан келетін инвестор ең бірінші кезекте өңірдің  логистикасына назар аударады. Әуе жолаушылар тасымалы 8%-ға ұлғайған жағдайда жергілікті туризмнің дамуына, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының өсуіне және инвестиция көлемінің артуына жол ашылады», деді өңір басшысы.

Ақтөбе – еліміздегі ауа сапасы нашар қалалардың бірі. Қала экологиясын бүлдіріп келе жатқан Ақтөбе ферро­­қортыпа зауыты мен Хром қосын­ды­лары зауытынан шығатын «тарихи» зиянды қалдықтар. Алдағы жылы «Қазхром» ТҰК» АҚ-ы «Ақтөбе­ферро­қорытпа» зауытының 14 пешін қайта жарақтандырып, 2025 жылға дейін кәсіп­орын ферроқорытпа газының улы қал­дықтарына тұтқыштар орнатады. Сондай-ақ Хромтау қаласының іргесі­нен ферроқорытпа газынан 100 мВт электр қуатын өндіретін станса құрылы­сын бастады.  Компанияның эколо­гиялық сауықтыру жобасына жылдамдата кірісуінің негізгі себебі – 2026 жылдың 1 қаңтарынан АҚШ, Еуроодақ, Жапония көміртегіне салық енгізбекші. Бұл дегеніңіз, өндірісте экологиялық талаптарды сақтамайтын, «жасыл эконо­микаға» бет бұрмаған компаниялар халықаралық нарыққа кіре алмайды.

Урбандану жобасының авторлары облыс орталығындағы кітапханалар, «Өнер орталығы» мен басқа да мәдениет үйлерін жастардың  коворкинг және креативті шығармашылық орталығына айналдыруды көздейді. Яғни мәдениет ошақтарын  жастардың пайдалы іспен айналысатын орталықтары ретінде құру өзекті. Бүгінде қаладағы музей, мәдениет үйлері мен кітапханалар есіктерін тек концерттер мен бұқаралық іс-шаралар кезінде ғана ашатыны жасырын емес.

Қала іргесіндегі елді мекендердегі шағын жинақты мектептердің білім сапасын қадағалау да күн тәртібіндегі мәселе. Өйткені алыс елді мекендер­дегі шағын жинақты мектептерде бір мұғалімнің 5-6 пәнді оқытуы қалыпты жағдайға айналған. Бұл келеңсіздіктің кесірінен ауыл балаларының білім сапасы төмендеп, Ақтөбе облысындағы қала және ауыл мектептері оқушыларының арасындағы білім алшақтығы қазіргі уақытта 15%-ға жетті. Оған әсер етуші негізгі фактор – Интернет байланысының әлсізді­гінен мұғалімдер мен оқушылар­дың қо­сымша білім ресурстарына қолже­тім­сіздігі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бір ай бұрын Ақтөбе облысында шағын жинақты мектептерде онлайн форматта сабақ беретін мұғалімдерге конкурс жарияланды. Нәтижесінде Интернетте жоғары сапалы жарияланымдары бар 35 мұғалім  таңдап алынып, олар шағын жинақты мектептерде онлайн сабақ беруді бастап кетті.

Алдағы жылы Ақтөбе қаласының қиын жол учаскелерінің қиылысына, мектеп, балабақшаларға 2 мың бейнекамера орнатылады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов алдағы жеті жылда елімізде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланғанын айта келіп, қала құрылысын жоспарлау және урбандау еліміздегі өзекті мәселеге айналғанын жасырмады. Қазіргі уақытта қала кеңістігі тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес келмейді, құрылыс жүргізу қағидалары ескірді, нормативтік құжаттарда сәйкессіздіктер көп. Сол үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа Құрылыс кодексін әзірлеп жатыр. Ендігі жерде құрылыс-жобалау жұмыстары еліміздің климаттық-географиялық жағдайларын ескере отырып, бірыңғай  стандарт негізінде іске асырылады. Бұл бойынша салынатын  нысан ең алдымен цифрландыру бойынша сараптамадан өтеді. Инфрақұрылымдар базасы бойынша геопортал құрылып, құрылысты жоспарлаған кезде жолдар, коммуналдық инфрақұрылымдар назарға алынады.

Соңғы жылдары тұрғын үй құрылы­сында айрықша өсім бар. 2000 жылмен салыстырғанда елімізде тұрғын үй салу көлемі 15 есе ұлғайды. Индустрия және инф­ра­құрылымдық даму министрлігінің дере­гіне қарағанда, соңғы отыз жылда елімізде 186 млн шаршы метр тұрғын үй салынған.

Урбанистер жиынында Қазақстанның халықаралық автокөлік тасымалын ұл­ғай­ту үшін қабылданатын шаралар туралы да айтылды. Қазіргі кезде әлемде орнаған геосаяси ахуалға сәйкес Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері халықаралық көлік тасымалын тиімді ұйымдастыру жолдарын ойластырып жатыр. Бүгінде Қазақстан аумағынан 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның бесеуі – темір жол қатынасы, сегізі – автокөлік тасымалы. Соңғы он екі жылда еліміздің көлік саласына 35 млрд доллар көлемінде инвестиция құйылып, ел аумағында 2 500 шақырым темір жол, 13 мың шақырым автокөлік жолы салынды.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан, жан-жаққа тармақталған көлік дәліз­дерімен ерекшеленетін Ақтөбе өңірі Қазақ­станның ғана емес, Орталық Азия мен Ресей Федерциясының шекаралас облыстары арасындағы көлік-логистиалық хаб бола алады. Жалпы, еліміздің батыс облыстары Каспий теңізі аймағы арқылы солтүстік-оңтүстік көлік дәлізін байланыстыруға қауқарлы. Еліміздің батыс облыстарын орталықпен байла­ныс­­тырушы «Ақтөбе –Қандыағаш – Мақат» автокөлік жолы аяқталуға жа­қын. 2023 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің маңызды учас­кесі «Ақтөбе – Ұлғайсын» тасжолы төрт­жо­лақты болып кеңейіледі. Одан кейінгі жыл­дары тасжолды  Ұлғайсыннан Қызыл­ордаға дейін ұлғайту жоспарда бар. Ел эко­но­микасы дамуының ең негізгі көр­­сет­кіші – сапалы жолдар. Сол үшін елі­міз­дің тасжолдарын халықаралық стан­­дарт­тарға сай етіп қалыптастыру үшін жол құрылысына беделді компания­ларды тарту, компаниялардың жауапкершілігін қатаң­дату, дұрыс жос­парлау және  жем­қор­лыққа қатысты заңды күшейту қажет.

 

Ақтөбе облысы