Үкімет • 12 Желтоқсан, 2022

Бюджет-салық саясаты Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа жеткізеді

444 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкіметтің жаңа бюджет-салық саясаты Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бюджет-салық саясаты Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа жеткізеді

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Үкімет қабылдаған шаралар алдағы жылдары Ұлттық қорға қаражат түсімдерінің көлемін ұлғайтуға және бюджет шығыстарының өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Қазір Қазақстан Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру басталды. Оның шеңберінде 2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тұжырымдамасы қағидаттарын енгізу жүзеге асырылып жатыр. 2023 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді 1,4 трлн теңгеге қысқартуға және бюджет шығыстарының өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін контрциклдік бюджеттік қағидалар бекітілді.

«Бюджеттің теңгерімділігі өзінің кіріс базасын ұлғайту және шығыстарды неғұрлым басым бағыттарға шоғырландыру есебінен қамтамасыз етіледі», деп атап өтті Премьер-Министр.

Бюджет процесі мен салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, осы бағыттарға жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу басталды.

«Жалпы алғанда, бюджет-салық саясаты 2030 жылға қарай мұнайға қатысты емес тапшылықты 5%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа дейін өсіруге бағытталады», деді Әлихан Смайылов.