Әдебиет • 13 Желтоқсан, 2022

Білгенге – маржан

676 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жазу туралы...

Жазушы үшін жазудан қиын һәм жазудан оңай дүние жоқ секілді. Әр ақын өзінің әйтеуір бір жақсы өлең жазатынына сенеді, әр жазушы қаламынан алда бір тәуір шығарма туатынын күтеді. Жазудың иесі жазушы болғандықтан, көркемсөз дегеніңіз ақ қағазға судай құйылмай ма дерсіз. Жазу – мехнат, жазу – азап, тіпті «тәтті тамұқ». Дегенмен автордың шығармашылық тынысына тек көркем туындысы ғана әсер ете ме? Олжас Сүлейменовтің ұстазы, атақты ақын Борис Слуцкий жас шәкіртіне: «Міне, көрдіңіз бе, мен мынандай шағын мүсіндер жинауға кірістім. Ақын адам жыр шумақтарын ғана жинастырумен шектелмей, дүниедегі барлық құбы­лысқа қызығушылық танытуы керек. Сіздің бір кезең қаламды суыт­қаныңыздан әлемдік поэзия қоңыл­тақсып қалмайды. Қайта, қолыңыз өлеңге сондай үзілістерден кейін жүре бастамақшы. Ал тек жазу-жазу деп бір нүктеге қадалып алсаңыз, шабытты тіксінтесіз. Ол зорлықты көтермейді», дейді. Сөз-ақ.

Білгенге – маржан

  

 Балықшы Қажығали

Жазушы Қажығали Мұқанбет­қалиұлы бір сұхбатында жазушы болмасам, аңшы немесе орман, тоғайды қорғайтын қорықшы болар ма едім дейді. Қызық. Жапан түзде, қия-жота, тауларда жалғыз өзі отырып, аң күзеткеннің несі жақсы дейсің. Әйтсе де тағдырдың аңкөс тұлғаны қорықшы қылмай, қолына қалам ұстатқаны қаншалықты дұрыс болғанын қазақ әдебиеті сөзсіз растай алады. Енді бір жағынан, әрине, шығармашыл жанның табиғаттың қырық алуан түсіне, тыныштығына, үйлесіміне ынтық болуы заңды. Өзі де: «Табиғатты жақсы көремін. Қо­лым қалт етсе, серуендеуге, балық аулауға шығып кетемін. Айна­лаң тым-тырыс, ойың тұнық. Өзің­мен-өзің отырып, қармақтың суға түскенін, оған балық ілінгенін бақы­лау – бір ғанибет. Жаның рақаттанады», деп толғанады. Қаламгерді қармаққа құмартқан, бәлки, сонау Қызылбұлақты жанап аққан Жем, Сағыздың гүрілі болар.

«Жиырма жылдай «жоғалған» жазушы» балықшылықты сенбі-жексенбіде бір шығатын ермек қылып қана қойған жоқ. Бұл салаға кәсіби тұрғыдан келді, көп ізденді, індете зерттеді, қызығушылығын жазуымен ұштастыра білді. Сөйтіп, 2008 жылы «Алабұға, аққайран...» (Еліміздің өзен-көлдеріндегі балықтар жөнінде не білесіз?) деген кітап жазды. Сол кітаптың алғысөзінде автор осы тақы­рыпқа қалай келгенін баяндайды.

«Жақында республикалық баспа­сөз беттерінде Қазақстандағы «аққай­ранның» уылдырығын дүниежүзілік рынокқа шығаруды шектеу туралы хабар жарық көрді... Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. Біз қашаннан бері «аққайранның» уылдырығын шетелдерге шығарып келіп едік? Неғып олар «аққайранның» уылдырығына зар болып қалған?! Сөйтсем... орыс тіліндегі газеттерде бұл «белуганың» уылдырығы туралы әңгіме екені нақ­ты айтылған екен. Сонда, біздің рес­пуб­ликамыздағы өзен-көлдерде тіршілік ететін балықтардың атауларын балалар түгілі ересектер де нашар білетін болғаны-ау деген ой еріксіз оралды».

Сонымен, саусақпен санарлық бес-алты «қызыл балықтың» ата­уын білмейтін қоғамға налыған қа­лам­гер: «Қой, ең болмаса, кейінгі ұр­пақ зердесіне тоқи жүрсін» деп, білгенімізше, Қазақстанның өзен-көлдеріндегі балықтар туралы оқырмандарға мағлұмат беруді жөн көрдік. Біздің кемшілігіміз бен қатемізді бізден гөрі жақсырақ біле­тіндер түзетер деп үміттенеміз», деп балықтардың әлеміне шомып отырып, ғылыми тақырыпқа дендейді.

Бұдан бөлек ол шахмат, бильярд, картадан преферанс ойнайтын. Бәрінде де жанын салып, беріліп ойнайтын. Шахмат ойнап отырғанда, фигуралардың біріне қолың тиіп кетсе, «болды, қолың тиді, енді соны жүресің» деп бәле қылады деседі. Ат жарысқа да есі кететін. Бәйге аттарын ылғи қадағалап жүреді екен. Домбыраны да әп-әдемі тартатын. Сезімтал, әсершіл жанның домбырадан алыс болуы да мүмкін емес қой.

 

Галстук таққан Дидахмет

Дидахмет Әшімханұлы эписто­лярлық жанрға аса мұқият қараған. Тіпті бала кезден жазысқан хат­та­рын жинап отырған. Орал­хан Бөкеймен, Қалихан Ысқақ­пен, Жайық Бектұ­ровпен, Жуан­хан Тоқ­санбаевпен, Қайым Мұхамед­хановпен, Тұрсын Жұртбай­мен, Талап­­тан Ахметжанмен, бас­қа да заман­дас қаламгерлермен алмасқан хаттарын ылғи көшіріп жазып, сақтаған.

Жазушының ендігі бір ермегі – галстук. Ол 1972-1974 жылдардан бері галстук жинаған. Қаламгердің ұлы Дәулет Әшімханның айтуынша, қазір үйінде 100-ге тарта галс­тук сақталып тұр. Бұдан бөлек, жалпы автордың жазуында да жиі кездесетін елеусіз детальдың бірі – галстук. Әсіресе образды суреттегенде осы галстук арқылы кейіпкердің болмысын, мінезін бейнелейді.

 

«Шап, жануар!»

Тәкен Әлімқұлов: «Егер мен қолымнан келсе, күй шығарар едім. Себебі өнер атаулының ішінде мәңгі жасайтын күй ғана», дейді. Ал күйдің құдіретін көркемсөзбен шебер бедерлеген жазушының өзі домбыраны тәуір тартқан ба, әл­де жай тыңқылдатып отырған ба – белгісіз. Сол Тәкеннің домбы­расы қазір Ықылас атындағы респуб­ликалық халық музыкалық аспаптар мұражайында сақтаулы тұр.

Жазушы Құлтөлеу Мұқаш бір­шама жылдан бері классик тұл­ға­лардың әуестігін зерттеп, газет-журналдарда жазып жүргенін білеміз. Автор өмір бойы тұлпарлар тағдырына қызыққан Тәкен Әлім­құловтың әуестігі көп болған дейді. Мәселен, жиырма жеті жыл ғұмыры Мәскеуде өткен жазушы әр сенбі сайын ипподромға барудан жаңылмапты.

«Тәкенмен жиырма екі жылға жуық отасқан мен жылқы десе, жанын үзетін жолдасымның жанында жүріп, өзімнің де атқұмар болып кеткенімді байқамаппын», дейді жеңгей. – Жұма күндері қалың кезекке тұрып, ат жарыс бағдарламаларын әкелу менің міндетіме кіріп кеткен еді. Сол бір жылдары Тәкеннің Мәскеудегі Әдебиет институтында оқитын Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Бек Тоғысбай секілді інілерін де қояр да қоймай ипподромға ертіп апарып жүретіні есімде», дейді Құлтөлеу Мұқаш «Тәкеннің тарланбозы» атты мақаласында.

Одан бөлек жазушының мәскеу­лік «Спартактың» жанкүйері екені, ақшаға шахмат ойнайтыны, преферанстан да тартынбайтыны ел арасында аңыз болып айтылады.

Тәкен Әлімқұлов қақаған аязда желең жүрген деседі. Үйден жалаңбас шыға­тын болыпты. Мұның сырын ол қан қысымын төмендетуге көмегі тие­тіндіктен дейді екен.