Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2022

Мұхтар Тілеуберді Германияның Федералды канцлерімен кездесті

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Германия Федеративтік Республикасына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Egemen.kz

Мұхтар Тілеуберді Германияның Федералды канцлерімен кездесті

Сапардың бірінші күні Министр Германия экономикасы шығыс комитетінің (ГЭШК) құрылғанына 70 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысты.

Іс-шараға ГФР Федералды канцлері Олаф Шольц, Вице-канцлер - Федералды экономика және климатты қорғау министрі Роберт Хабек, ГФР мемлекеттік органдарының басшылары, жетекші неміс компаниялары мен бизнес қауымдастықтарының топ-менеджерлері қатысты.

ГЭШК - Шығыс Еуропа және Орталық Азияның 29 мемлекетінде неміс капиталы бар инвестициялық жобаларды ілгерілететін ірі және көне бизнес-қауымдастықтардың бірі. Комитет іс жүзінде барлық бизнес салаларының мүдделерін білдіретін Германияның ірі негізгі іскерлік бірлестіктерін біріктіреді.

Іс-шара аясында министр М.Тілеуберді Германияның Федералды канцлері О.Шольцпен кездесіп, сондай-ақ ГЭШК Басқарма төрағасының орынбасары Ганс-Ульрих Энгель және атқарушы директор Майкл Хармспен келіссөздер жүргізді.

ГЭШК басшылығына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жолдауы табыс етілді. Онда Шығыс комитетінің Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан баға жетпес үлесі ерекше аталған.