Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2022

Студенттердің стипендиясы көбейеді

350 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында Ғылым және жоғары білім министрлігінде 7 іс-шара қарастырылған. Бұл іс-шаралардың қандай бағыттарда жүзеге асырылатыны туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Саясат Нұрбек айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Студенттердің стипендиясы көбейеді

Озық қолданбалы ғылым бағыты бойынша ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жеке инвесторлар үшін бірлесіп қаржыландыру тетігін және қосымша салық және инвестициялық преференцияларды көздейтін ғылым мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы жоба әзірленді. Нәтижесінде 2029 жылға қарай коммерцияландыру жобаларын жеке қаржыландырудың үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Жыл сайын ғылымның 10 басым бағыты бойынша коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру бойынша конкурстар өткізіледі. Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ғылыми-технологиялық бастамалар орталығының қаражаты шеңберінде ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды енгізу көзделген.

Келесі шара жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтар мен ғылыми-технологиялық парктер құруға қатысты болады.

«ЖОО инфрақұрылымын дамытуға ықпал ететін эндаумент-қорларды құрудың халықаралық практикасы кезең-кезеңімен енгізілуде. 2029 жылға қарай 20 академиялық шеберлік орталығы мен ғылыми-зерттеу хабын құру жоспарлануда», деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, ғылыми-технологиялық жабдықтарды сатып алу және жаңа зертханалар құру бағдарламалы-нысаналы қаржыландырудың жаңартылған тетігі шеңберінде жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылады. Ғылым мен технологияларды дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттерін үндестіру үшін «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңның тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары басталды. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінен жұмыс тобы құрылады.

Қолжетімді және  сапалы білім бағыты бойынша ЖОО студенттерінің стипендиясы 2 есеге ұлғайтылады. Стипендияны 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен арттыру қолданыстағы жол карта шеңберінде іске асырылады. 2026-2030 жылдар аралығындағы жұмыс осы тапсырма шеңберінде жалғасын табады.

Барлық студенттерге білім алу үшін қажетті әлемдік цифрлық ресурстарға қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Соның ішінде Coursera, «EdX» және т. б.

«Жоғары оқу орындарының оқу-әдістемелік бірлестіктері оларды білім беру бағдарламаларына енгізу үшін өзекті курстарды іріктеу бойынша талдау жүргізді.  Бұл курстарға академиялық кредиттер көзделеді», деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Өткізілген жұмыс қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларына енгізу үшін өзекті курстар іріктелді. 654 Coursera курсы мен 650 білім беру бағдарламаларының тізімі жасалды және ол 1500 пәнге қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ «әлемдік цифрлық кітапханаларға» жазылу және «Coursera», «EdX» курстарын қазақ тіліне аудару жоспарлануда.

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу үшін жатақханалар салу кезінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімін 8 жылдан 6 жылға дейін қысқарту және жатақханадағы бір орынға мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке дейін, Алматы қаласы үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін ұлғайту арқылы қолданыстағы мемлекеттік-жеке әріптестік тетігін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жатақханалар салу үшін жеке құрылыс компанияларын тарту және мемлекеттік жоғары оқу орындарының жарғылық капиталын ұлғайту жөніндегі шаралар пысықталады. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі кампустар – ҚазҰЗУ қалашығы мен ЕҰЗУ қалашығын салу жоспарлануда.

Мемлекеттік тілді дамыту және қолданыс аясын кеңейту  үшін 2023-2028 жылдарға арналған тіл саясатын іске асыру жөніндегі тұжырымдама әзірленеді. Үкімет жанынан мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссия құрылды.

«Өңірлік семинарлар, республикалық конкурстар өткізу және азаматтардың тілдік белгілері бойынша құқықтарына нұқсан келтіруге жол бермеуге қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде», деді Саясат Нұрбек.