06 Маусым, 2014

Бұл одақ кәсіпкерлердің үлкен нарыққа шығуына мүмкіндік береді

346 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
интеграцияЕл тарихында орын алған үлкен оқиға – Ресей, Қазақстан және Беларусь елдері арасында Еуразиялық экономикалық одақ құрылуына байланысты М.Х.Ду­лати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Еуразиялық эконом­и­ка­лық одақ – ел экономикасы дамуының тереңдеуі» атты тақырыпта жиын өтті. Жиында ТарМУ ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков бастаған бір топ ғалымдар осынау тарихи құжаттың маңыздылығын талқылап, өз ойларын ортаға салды. Расында аталған үш ел арасында Кеден одағының құрылуы батыста, сонымен қатар одаққа мүше елдерде сан қилы пікірлердің қалыптасуын туғызды. Кез келген жаңа нәрсеге күдікпен қарайтындар Кеден одағы – алыс болашақтың ісі деген ойлар да айта бастады. Олардың пікірінше, дезинтеграциялану ТМД елдері үшін дамудың жалғыз жолы. Бұл пікірге аргумент ретінде келтірілген негізгі уәждері Ресейдің сауда айналымындағы ТМД елдерінің үлес салмағы бары-жоғы 8-9 пайызды құрайтыны, олардың Ресейдің экономикалық мүддесінің маргиналды бөлігін ғана қамтитыны; бұрынғы КСРО құрамында болған елдер үшін қиындықпен келген егемендіктен айырылып қалу қаупінің туындауы. Алайда, ТМД елдерінің басым көпшілігі бірыңғай экономикалық қана емес, сонымен қатар рухани, мәдени және гуманитарлық кеңістікті қайтадан құру қажеттілігін тұрақты түрде мойындап отырды. Кеден одағы талаптарынан туындайтын міндеттердің алғашқы бөлігі бүгінгі күні табысты түрде іске қосылды деуге болады: тауарлардың жалпы кеңістігі құрылып, күн өткен сайын кеңеюде. Кедендік шекарасыз, кедендік құжаттар толтыруды қажет етпейтін бірыңғай аймақ құрылды. Одаққа мүше елдер арасындағы сауда айналымы алғашқы сәттен бастап қарқын алып, халықаралық сауда жасау деңгейінен 1,5 есеге артты. Кедендік кеңістіктің пайдалы жақтары бірінші кезекте шекаралас аймақтарда көрініс тапты. Посткеңестік кеңістікті зерттеуші сарапшылардың есебі бойынша КО-ға бірыңғай экономикалық кеңістікке енуден келетін қомақты пайданың басым бөлігі ұзақ мерзімді байланыстардан кейін өзінің тиісті деңгейіне көтеріледі. Кеден одағына мүше елдермен жасалынған салааралық балансқа жүгінсек, 2030 жылы осы елдер үшін ішкі жалпы өнімнің өсімшесі интеграциялық тиімділік есебінен 2030 жылы 1 триллион америкалық долларды құрайды екен. Бізде қалыптасып қалған бір пікір бар, Қазақстан экспорты негізінен шикізаттан тұрады деген. Әріптес елдерге экспортталған өнімдер көлемінде өңдеу өндірісінің өнімдерінің үлесі 44 пайыздан 54 пайызға дейін көбейген. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру барысында бұл үдеріс өзінің жалғасын таба бере­тіні анық. Ресей мен Беларусь тарапынан қазақстандық кәсіпкерлерге, өнім өндірушілерге байланысты бәсеке­лестікке қысым көрсетілуі мүмкін деген ойлар да болды. Бірақ болуы мүмкін бұл жағдай да келісімшартта ескерілді. Одақ көлемінде барлық тауар өндірушілерге бірдей бәсекелестік талаптары қойылады. Мемлекеттер тарапынан кәсіпкерлерге тауар өндіру­шілерге қолдау көрсету, ыңғайлы жағдайлар жасау барынша шектелінеді. Сол себепті қабылданған кейбір мемле­кеттік бағдарламалардың орындалуында кейбір қиындықтар тууы мүмкін. Сондықтан Қазақстан Үкіметі тарапынан жоғарыда аталған стратегияның орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ЕАЭО-ға мүше елдермен бұрын қабылданған кейбір келісімшарттарға өзгерістер енгізілген. Оның мақсаты стратегиялық бағыттағы шаруашылық субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетуді одақ комис­сиясының келісімінсіз-ақ жүзеге асыру. Сол сияқты ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету есебінің әдістемесіне де өзгертулер енгізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Одаққа мүше елдердің ішкі нарықтарына автомобильмен жүк тасушылардың қолжетімділігін арттыру мақсаты да келісімшартта қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыс сатылап 2025 жылға дейінгі аралықта жүзеге асырыла бастайды. Мұнай, мұнай өнімдерін және газ тасымалдауда да сондай шешімдер қарастырылған. Одақ шеңберінде ортақ электр энергия­сы рыногын құру да көзделген. Демек, үш елдің электр энергиясын өндіру және тасымалдау рыноктары барлығына бірдей қолжетімді болады. Ортақ энергетикалық жүйе қалыптасады. Ол туралы арнайы бағдарлама жасалынуда. Экономикалық одақ құрудың негізгі мақсаттарының бірі қызмет көрсетудің ортақ рыногын қалыптастыру болып табылады. Келісімшартта бұл нарық­тың одақ шеңберінде қалыптасуы да біртіндеп, сатылап жүзеге аса бастайды. Қазақстан дүние жүзінде 9-орын алатын Еуразия құрлығында орасан зор территорияға ие, бірақ халық саны аз, болашақтағы экономикалық әлеуеті үлкен мемлекет. Сондай үлкен әлеуетті пайдалану үшін республиканың ішкі, тіпті Орталық Азия елдерін қоса есептегендегі нарық та аздық ете­ді. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі тауар рыногы 200 млрд.-қа жуық соманы құрайды. Қол жеткізілген ЕАЭО туралы шарт сол ауқымы кең нарыққа Қазақстан кәсіпкерлерінің еркін шығуына үлкен мүмкіншіліктер туғызады. Қорыта айтқанда, жамбылдық ғалым­дар еуразиялық интеграцияның Елбасы белгілеген 2050 жылы Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына енуіне мүмкіншіліктер туғызатынына үлкен сенім артып отыр.   Жамбыл облысы.