Қостанай облысындағы Жітіқара ауданы Ресейдің Орынбор облысы аудандарымен шектеседі. Қатар жатқан Адамов, Бреды аудандарымен қарым-қатынастары үзілген емес. Ресейге шекаралас ауданның тыныс-тіршілігі туралы біздің тілшіміз аудан әкімі Мейрам ӨТЕШЕВКЕ бірнеше сұрақ қойған еді.
– Мейрам Олжабайұлы, Ресейдің көрші аудандарымен қандай экономикалық байланыстарыңыз бар?
– Жітіқара ауданы өзінің географиялық жағынан Ресейдің Орынбор облысының аудандарымен шектеседі. Қатар жатқан елдің араласып-құраласуын шекара шектемейді. Шекараның арғы беті мен бергі бетіндегі адамдар бір-біріне дос-жаран, туған-туыс. Орынбордың шекаралас аудандарында біздің қандастарымыз да көп тұрады.
Ресейдің бізбен іргелес аудандарындағы кәсіпорындарымен сауда-экономикалық байланыстарымыз бар. Жітіқара ауданындағы кәсіпкерлер де өндірген өнімдерін шекараның арғы бетіне шығарады. Біз іргелес көршілерімізге ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынамыз. Аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Өткен жылдың қыркүйек-қараша айларында Орынбордың Адамов және Бреды аудандары орталығында жәрмеңке өткіздік. Көршілер Жітіқара диқандары өндірген картоп, басқа да көкөніс түрлерін ұқсату кәсіпорындары апарған ұн, талқан, шұжық, нан, сүт өнімдерін ықыласпен алды. Сонымен қатар, Жітіқара қаласындағы жиһаз жасайтын он кәсіпкер де өзінің бұйымдарын ұсынды.
– Шекарадағы аудандар кәсіпкерлерінің тәжірибе алмасуы қалай?
–
Кәсіпкерлер белгілі бір шара өткізбей-ақ, қатар жатқан аудандардағы әріптестерімен араласып жатады. Олардағы жақсы тәжірибені үйренеді. Ауыл шаруашылығына қатысты озық тәжірибе өзімізде де бар. Қайта олар біз жүзеге асырып отырған ылғал сақтау технологиясына жақсы пікірмен қарайды. Өйткені, қатар жатқандықтан, шекараның сызығына тәуелсіз топырақтың құнары, жердің бедері, ауа райы ұқсас келеді. Экономиканы дамытуда шекаралас аудандар әрқайсысы өз елінің бағдарламаларымен жұмыс істейтіні белгілі. Жітіқара ауданы шағын және орта кәсіпкерлікті, экономиканы көтеруде еліміздің бағдарламаларына белсене қатысып келеді.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы және «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» біздің ауданда да іске асырылуда. «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының» шеңберінде 12 кәсіпкер шағын құс фермасын ашу, газды бетонның және біріктірілген азықтардың, профирленген жайманың және сәндік бетонды қоршаулардың, қиыршық тастың, табиғи сұр граниттен жасалған брусчатка және басқа құрылыс бұйымдары өндірісі үшін өтеусіз гранттар алды. 30 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2 кәсіпкер вешенки саңырауқұлақтарын өсіру және «5D» бейне және видеоөнімдер жасау қызметтерін ұсыну үшін өтеусіз гранттарды жеңіп алды.
– Аудан өңірінің ерекшеліктеріне байланысты қандай өнім түрлерін өндіруге басымдық беріліп отыр?
– Ауданда негізінен ауыл шаруашылығы басым болғандықтан, тамақ және жеңіл өнеркәсібі жақсы дамыған.
Мысалы, ұн, нан, макарон өнімдерінің өндірісімен жергілікті 17 кәсіпорын айналысады. Айналдырған кішкентай қаламызда сүт өнімдерін екі, жартылай фабрикаттарды екі, шұжық өнімін екі кәсіпорын өндіреді. Оның сыртында соңғы жылдары Жітіқарадағы «National Food company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұлттық тағамымыз – талқан шығара бастады. Бұл да тұтынушыларын тауып үлгерді. Әдетте, өндірген өнім өтпесе кез келген кәсіпорын тоқырайды. Ал жітіқаралық кәсіпорындар азық-түлік өнімдерін өткізуде Жітіқара өңірі және Қостанай облысының барлық шалғайымен бірге Ресейдің шекаралас аудандары нарығын да игерген. Біздің диірмендер ұнын, тәтті тағамдар дайындайтын кәсіпорындар өнімін ресейліктер жақсы алады. Ресейге шығару үшін кәсіпорындар да сапаға айрықша мән береді. Жітіқараның қамырлылығы жоғары ұны қай жерде де сөреде жатпайды. Мұның сыртында тігін және тоқыма бұйымдарымен айналысатын жеңіл өнеркәсіп те жолға қойылған. Оның өнімдері шекараның арғы бетінде де сұранымға ие.
–
Қатар жатқан елдің мәдени байланыстары қалай?
– Халықтар арасындағы мәдени байланыстарды мәңгі үзілмейтін алтын арқауға теңесек болар еді. Халықтардың бір-бірін байытып отыратын рухани құндылықтары мемлекеттер арасындағы саяси байланыстардың да желісіне айналған, олар тарихи кезеңдерде жаңаша мазмұн алып, күшейіп келеді. Осы орайда ғасырлар бойы ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі ұлы көрші Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстардың жөні бөлек. Оның тарихы ғасырлар тереңіне кетеді.
Анапада өткен «Творчество юных» фестиваліне жітіқаралық «Свой стиль» дансстудиясы қатысып қайтты. Өткен жылы көршілеріміз Адамов және Бреды аудандарының көркемөнерпаздары қала күніне орай өткен мерекені қыздырды. Сонымен қатар, жыл сайын Түмен қаласында өтетін «Разрешите пригласить» атты спорттық-бал биі байқауына біздің қаладағы халықтық ансамбль қатысып жүр. Ресейдің көршілес аудандарында тұратын қандастарымызбен байланысымызды нығайтып келеміз. Өткен жылы Бреды ауданында «Қазақ құрылтайы» өтті. Оған біздің ауданның көркемөнерпаздарымен қатар құрметті қонақтар шақырылды.
Мәдени байланыстарға шекара сызығы кедергі бола алмайды. Сонымен қатар, халықтар достығын да мықтай түседі. Өмірдің қай саласында да интеграциялық қатынастар болмаса, томаға тұйықтық дамуды тежер еді. Халқымыз қашаннан көрші хақысын жоғары бағалаған. Шекара жақсылықты бағалап тұрар баған іспетті.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Жітіқара ауданы.