Үкімет
Өткен Үкімет отырысында бірқатар өзекті мәселелер талқылауға түсіп, өз шешімдерін тапты. Нақты тоқталсақ, Алматыда өңірлік қаржы орталығын құру, жер телімдерін шетелдіктерге жалға беру шарты, сондай-ақ тарифтік саясаттағы өзгерістер мен халықты жұмыспен қамту ісі секілді маңызды мәселелер қаралды.
Арнайы мамандар аймақтарды аралайды
Отырыстан кейін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Үкімет мүшелері бірқатар жағымды мәлімдемелер жариялады. Мәселен, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бұдан былай министрліктердің мамандары аймақтарға арнайы шығып, ауыл-аудандарды жиі аралап, жағдаймен жергілікті жердің өзінде тікелей танысып отыратындығын айтты. «Өздеріңізге белгілі, Елбасының өзі әркез өңірлерге сапарлағанда аймақ басшыларынан ауылды жерлердегі азаматтардың шағын кәсіпкерлігін жандандыру үшін беріліп жатқан несиелерге иелік ету жайын алдымен сұрайды. Қалыпты жұмыс жүргізіп жатқан әкімдер нақты деректер келтіріп, бар жағдайды мүдірмей әңгімелейді. Ал кейбір әкімдер мұндайда жерге қарайды.
Белгілісі – мемлекет ауылды жерлердегі кәсіп көздерін өркендетіп, жұмыс орындарын ашу мақсатында бірнеше жылдан бері сан түрлі бағдарламалар арқылы қаржылық қолдау көрсетуді тоқтатқан емес. Тоқтатпайды да. Тек, біз енді жақын күндері осы бағдарламалардың нәтижесін тексеріп, танысу үшін аймақтарды аралайтын боламыз. Себебі, кей облыстарда осыған қатысты олқылықтар жеткілікті. Мысалы, Жамбыл облысы негізінен аграрлы өңір бола тұра, осы күнге дейін бірде-бір кредитті шаруаларға үлестірмеген. Неге олай? Расымен де ол жақта несиеге ешкім мұқтаж емес пе, әлде, оған қол жеткізу мүмкін болмай отыр ма? Сол секілді мамандарды қайта даярлау ісіне қатысты да мысалдар жеткілікті. Айтайық, Маңғыстау облысында арнайы қайта даярлау курсынан өткен бірде-бір маман қызметке орналаспаған. Осындай мәселелердің аражігін ажыратып, тиісті шаралар қолдану үшін мамандарымыз ел аралайтын кез келді. Осылай еткенде ғана мемлекеттік істер ілгерілейтін болады», деді Б.Сағынтаев.
Алматы – Азиядағы өңірлік қаржылық хаб
Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов биылғы жылдың 1 желтоқсанында Алматы қаласын қаржы орталығы ретінде дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылдануы тиіс екендігін айтты. «Үкімет отырысында Алматының өңірлік қаржы орталығы ретінде даму мәселесі талқыланды. Алматыда қаржы орталығын құру бастамасы, өкiнiшке қарай, осы уақытқа дейiн тиiстi деңгейде дамытылған жоқ. Сондықтан бүгiн Үкiмет Ұлттық банкпен бiрге бұл бағыт бойынша бiрқатар нақты шешiм қабылдады. Алматы қаласындағы қаржы орталығының 2020 жылға дейiнгi даму тұжырымдамасы қайта қаралады. Бұл құжат осы жылдың 1 желтоқсанына дейiн қабылданады», дедi Қ.Келiмбетов.
Еліміздің бас банкирінің айтуына қарағанда, Алматы Ислам даму банкiнiң Орталық Азиядағы өңірлік хабына айналады. Жақында өткен Астана экономикалық форумында 2 млрд. АҚШ доллары көлемiнде инвестицияны мемлекетiмiзге тарту туралы Қазақстан Үкiметi Ислам даму банкiмен келiскені есімізде. Осы келiсiм негізінде Алматы Орталық Азиядағы Ислам даму банкiнiң өңірлік хабына айналады екен. Ұлттық банк төрағасы салық салу және заңнама мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын жалғастыру үшін арнайы гранттар бөлінгенін жеткізді. Сондай-ақ, Ислам даму банкi ислам қаржыландыруы бойынша әлемдiк деңгейдегi елушақты маманды қайта даярлауға кеңес беріпті. Олардың бұл тілегі таяу арада орындалатын болады.
Жерді жалға беру ұзартылады
Қазіргі күнде шетелдiктерге жалға берiлген жердiң жалпы көлемi 313 мың гектарға жуық көрінеді. Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Өңiрлiк даму министрi Болат Жәмiшев осыны мәлiмдедi. Оның сөзіне қарағанда, бұдан былай шетелдiк компаниялар немесе тұлғалар жалға алған жер телiмдерi жобаның өзiн-өзi ақтау мерзiмiне дейiн берiлетін болмақ. Өйткені, қазiргi уақытта ол 10 жыл мерзiмге дейiн шектетiлген. Ендiгi кезекте ол 10 жылдан ұзартылады. Дегенмен, оған қол жеткізу үшін жобаға инвестиция салу талабы орындалуы керек. Бұл шарттар ауылшаруашылық мақсаттарына арналған жерлерге қатысты айтылды.
Өңірлік даму министрі Үкiмет отырысында «Кейбiр заң актiлерiне жер қатынастарын реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасының талқыланғанын да айтты. Жаңа заң жер телімдерінің пайдаланылмау жағдайларын анықтау, жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою шарттарын жетілдіру, кепілде тұрған ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелерін уақытша басқару, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ және шетелдік заңды тұлғаларға беру мен пайдаланудың механизмдерін жетілдіру, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу жөніндегі нормаларды реттеу, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімін қадағалауды қамтамасыз етеді екен. Оның айтуына қарағанда, осы заң жобасы негізінде Жер және Азаматтық іс-жүргізу кодекстері мен «Инвестициялар туралы», «Тұрғын үй құрылысында үлестік қатысу туралы» заңдарына бірқатар түзетулер енгізу көзделіп отырған көрінеді.
Жұмыспен қамту шаралары ширатылды
Елімізде кәсіпкерлікті дамытып, халықты жұмыспен қамту шаралары кең ауқымда жүріп жатыр. Мәселен, «Ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» жобасы аясында ағымдағы жылы шамамен 10 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр екен. Бүгінгі күнге дейін 944 адам шағын кредит алып, 1 мыңнан астам қосымша жұмыс орнын ашыпты. Бұрын берілген кредиттерді қайтару кестесі әзірленіп, оның орындалуына мониторинг жүргізілуде. Бұл сөзді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатында айтты. «Осы бағытты одан әрі дамыту үшін өңірлер «Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-тан берілетін несие мөлшерлемесін тағы 6 пайызға азайту мүмкіндігін қарастыруды өтінді. Ал біз оған қосымша, аймақтардағы қаржы ұйымдары арасындағы бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қаржы агенттігінің тізіміне қосуды да ұсынып отырмыз», деді министр.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шаралары аясында ағымдағы жылы шамамен 17 мың жұмыс орны ашылады екен. Осы мақсатты орындау үшін 1 037 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі кезде 316 жобаны іске асыру басталып та кеткен. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Республика бойынша қатысушылардың орташа айлық жалақысы 40 мың теңге деңгейінде қалыптасыпты. Өңірлердің көпшілігінде басталған нысандардың үлес салмағы 47 пайыздан жоғары екендігін айтты Т.Дүйсенова.
Аусылдың алдын алу қажет
Еліміз көршілес мемлекеттердің шекаралас аудандарында жануарларды аусылға қарсы вакциналауға 2 млн. еуро жұмсауды көздеп отыр. Былтырғы жылдың қазан айында Астана қаласында Орталық Азия өңірінде аусылмен күресті үйлестіру және бақылау бойынша субөңірлік кеңсе ашылғаны мәлім. Енді осы кеңсе жанында вакцина банкін құру жоспарлануда екен. Ондағы бірінші грант 2 млн. еуроны құрайды. Ол көршілес мемлекеттердің шекаралас аудандарында жануарларды вакциналау үшін жоғары сапалы вакцина сатып алуға жұмсалмақ көрінеді. Сондай-ақ, еліміздің 5 облысында аусылдың құрылымсыз ақуызын анықтау және вакциналанған жануарлардың иммунитетті алғаны анықталып жатыр. Бұл туралы брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті. «Біз құрылымдық ақуызға тұрақты мониторинг жүргізіп отырмыз. Бұл бізге таяу жылдардың ішінде еліміздің аусылдан азат аймақ қатарына кіруіне мүмкіндік береді», деді вице-министр. Министрлік деректеріне қарағанда, ағымдағы жылдың 5 айында, кейбір жіті және созылмалы инфекцияларды қоспағанда, Қазақстан аумағында эпизоотиялық жағдай бірқалыпты. Осы жылдың басынан мамыр айына дейін жіті инфекциялардың 74 ошағы тіркеліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға кем екен.
Ұзақ мерзімді тарифтер тиімділігі
Алдағы жылдан бастап, елдегі барлық табиғи монополиялар субъектiлерi 5 жыл мерзiмге ұзақ мерзiмдi тарифтермен жұмыс істеуге ауыстырылатын болады. Бұл ретте монополистер тарифтердің қолданыс кезеңінде тиімділікті арттырудан түскен кірістерді өздігінен басқару арқылы өндірістік шығындарды төмендетуге ынталандырылмақ. Ал ұзақ мерзімді кезең ішінде белгіленген тарифтердің өсуі, сонымен қатар, төмендету жағына өзгеруі форс-мажорлық жағдайларда және айрықша жағдайларда ғана мүмкін болады. Мысалы, стратегиялық тауарлар нарығының конъюнктурасы күрт өзгерген кезде тиімділігі анық байқалмақ. Мұны Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң төрағасы Мұрат Оспанов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа әдiстер тарифтердің болжалды болуын қамтамасыз ететiндіктен, елімізге келуге ниетті инвесторлар санының артуына сеп болмақ. Сонымен қатар, елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға табиғи монополиялар субъектiлерiнiң тиiмдi жұмыс iстеуi тiкелей әсер ететiн көрінеді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».