Кеше «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы мен «LeMarCAInc» компаниялар тобы арасында Қарағанды көмір бассейнінен метан шығару және барлау жобаларын жүзеге асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы құрылтайшылық келісімге қол қойылды.
Осының алдында «ҚазТрансГаз» АҚ Елбасы Н.Назарбаевтың 2010 жылғы көмір кен орындарынан метан шығару және оны кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы тапсырмасына орай, сондай-ақ, еліміздің солтүстік және орталық аймақтарын газдандыруға балама нұсқаларды зерделеу мақсатында Қарағанды көмір бассейніндегі көмір қыртысынан метан алудың мүмкіндігін қарастырған болатын. Бұл көмірсутегі шикізатын шығару саласындағы инновациялық бағыттардың бірі әрі еліміздегі отын-энергетика базасының балама жиынтығын қарастыруға болжамды қоры мүмкіндік беретін дәстүрлі емес қуат көзі болып есептеледі.
Ал, «LeMarCAInc» компаниясының жөніне келер болсақ, АҚШ аумағында жаңа технологияның мүмкіндіктерінің арқасында жылына 36 млрд. м3 газ шығарылатыны белгілі. Сол елдің көмір қыртысын бұрғылаудағы алдыңғы қатарлы жұмыс тәжірибесін үйреніп әрі оны қолданысқа енгізу барысында жоғарыда аталған құжатқа қол қоймай тұрғанда бірқатар озық америкалық компаниялар тобымен келіссөздер жүргізілді. Атап айтқанда, көмір қыртысынан метан өңдейтін «CoreLaboratories» ғылыми орталығымен, өңдеу және бұрғылау технологиясын жасаумен шұғылданатын «ScientifficDrillin» компаниясымен, кен орындарын кешенді игеретін «LeMarCAInc.» инжинирингтік компаниясымен бірге жұмыс атқару үшін келіссөзге қол жеткізілді.
«ҚазТрансГаз» АҚ пен «LeMarCAInc» компаниялар тобының арасында құрылтайшылық келісіміне қол қою жоспарланғанда тараптар заңды тұлға құруға және Қарағанды көмір бассейнінен метан шығару және барлауды жүзеге асыратын инвестициялық жобалар бойынша бірге атқаратын істерінің ретін анықтауға міндеттелген болатын. Енді міне, жоспарланған шаруаларды әрі қарай бірге атқарып, метан алуға мүмкіндік туып отыр. Бұл туралы «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Серік Сұлтанғали былай дейді: «Осы құжаттың арқасында еліміздің солтүстік аймақтарын газбен қамтамасыз етуге старт берілді. Бұл шаруалардың барлығы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жасалуда». Атап өтейік, бірлескен құжатқа «ҚазТрансГаз»АҚ-тың бас директоры Серік Сұлтанғали мен «LeMarCA Inc» президенті Леон Попик қол қойды.
«Егемен-ақпарат».