Оқиға • 16 Желтоқсан, 2022

Алаңда қаза болған қаһарман

463 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың қай қасіретін айтып тауысасыз. Өткенге көз салсаңыз, өзегіңіз өртенеді, жанарыңыз жасаурайды. Бізді желтоқсан желі әлі де жауратады. Тәуелсіздік құсы төбемізге келіп айнала ұшқанда, оған алақан тосқан боздақтардың қанды ғұмыры кімнің мойнында? Біздіңше, уақыт әлі өз бағасын берген жоқ. Ұлт үшін ұран көтерген балауса қыз-жігіттердің ерлігі жүрек төрінде тұр. Соның бірі – Ербол Сыпатаев. Қыршын кеткен азаматтың есімі қазақ тарихына алтын әріппен жазылары анық.

Алаңда қаза болған қаһарман

 

Жаркент өңіріне қарасты бұрынғы Қызыл еспе елді мекенінде дүние есігін ашқан Ербол – малшының баласы. Әйтсе де баласына бар арманын байлаған ата-анасы өнерден кенде болмапты. Тұла бойы тұңғышын қазақы дәстүрмен әкесі Бейсен Алшынбеков пер­зенті жоқ жақын туысы Мұқажан Сыпа­таев қария мен жеңгесі Тұрған апайдың бауырына салады. Осылайша, артынан ерген Ержан, Тұрсын, Тұрыскелді, Назгүл есім­ді іні-қарындастарынан бөлек, арда өс­кен аза­мат туған жердің бар қасиетін бо­йына дары­тып, сомдалып шықты.

Тәуелсіздікке қол жеткізген жылы журналист Нұрәділ Бегімбет жаз­ған «Осы жұрт Ербол жайлы біле ме екен?!» атты мақалада ұлт перзенті, жел­­тоқсанның алғашқы көк­серке құр­бан­­дығына айналған, «балаң демократия мен тегеурінді тоталитарлық жүйе­нің ара­сындағы күресте жантәсілім еткен» Ербол Сыпатаевтың өміріне қатысты көптеген дерек бар. Қаһарман ұлдың ­әке-шешесінің, ет жақын бауырла­­ры­ның да пікірі анық көрсетіл­ген. Жел­тоқ­сан көтерілісі бастау алған уақыт­та Ербол Сыпатаев Алматы энергетика инс­титутының 2-курсында білім алып жүрген. Алаңсыз жастығының гүлза­рын жаныш­тап жатқан тоталитарлық жүйеге қарсы кеуде­сін намыс кернеген замандастарымен бірге «атой» салды. Қыршын кетті.

Ерболдың азаматтық портреті, кісі­лік тұрпаты сомдалған, ерлігі жыр­лан­ған сан тараулы материал бүгінге дейін баспа бетінен жарық көрді. Кітап болып шықты. Жинақтарға енді. Соларды парақтап отырсаңыз, Жел­­­тоқсан көтерілісінде көз жұмған боз­­дақ­тың қаза болу себебін құқық қор­ғау орындары ашық айтпағанына көз жеткізесіз. Мәселен, сол 1986 жыл­дың аязы ақырған желтоқсанында ауыл­дық кеңсенің алдына келіп тоқтаған «Рафик» шағын автобусынан түскен бес-алты адам: «Біз Ербол Сыпатаев­тың оқытушылары едік, ол 15-қабаттан өзін-өзі тастап жіберіп, қайтыс болды. Біз оны жерлеп болған соң бір-ақ қайтамыз. Сіздер жерлеуді тездету жағын қарастырыңыздар. Ешқандай айқай-шу болмасын», деп жергілікті әкімдікке тізе батыра әмір етіп, ауыр қазаны ауызекі әңгімедей естіртуі қай қазақтың салтына жарасып еді?

Сол кездегі аудандық партия коми­теті­нің басшы қызметкері А.Доценко бастаған ар­найы штабтағылар көмекке келіп, «оқытушы­лар­дың» қатаң қада­ға­лауымен Ерболдың жер­леу рәсімі шұ­ғыл ұйымдастырылады. Бұл туралы боздақтың туысы Тұрағалды Сәлім­баев біраз дүниенің бетін ашқан: «Ербол әкем­нің інісінің баласы еді. Ал ол кісі­лер қыстауда мал бағып отыратын. Олар келгенше мән-жай­ды анықтайын деп әлгі біресе «оқытушымыз», біресе «бірге оқитын жолдастарымыз» дегендерден жөн сұрасам, жартымды ештеңе айтпайды. Әйтеуір «Сүйегін алып келе жатыр екен, Қапшағайдан өтіпті, Көкталға жетіпті, қазір әкеліп қалады» деген хабарды естіп тұрдық. Сонымен түнгі сағат он екі жарымда сүйегін де әкелді. Орыстардың дәстүрімен жасалған табытты үйге кіргізер алдында есікті кеудеммен қалқалап тұрып алдым. «Көрсет, мүмкін менің інім емес шығар?» дей­мін. Алғашында олар көнбегенмен көпшілік мені қолдап кеткеннен кейін амалсыз ағаш табытты ашты. Бауыр етім бауырым мұрты қияқтай, өңі бозарып жатыр екен. Тек көздерінің алды көгілдір тартқан. Үйге кіргізген соң туысқандарымызбен бірігіп тағы да бір рет мұқият қарап шықтық. Шүйдесі ойылған. Шамасы не күрек, не темір сойыл тиген. Ішін жарып, қайта тігіпті», дейді.

Ербол Сыпатаевтың тиянақты ғұ­мыр­баянын тарқатып айтар болсақ, сонау жылы әкесі Бейсен Алшынбековтің берген сұхба­тын назардан тыс қалдыра алмаймыз. Тұя­ғының алдынан айырылған әке: «Ербол біз­дің де, бауырына салған ата-ана­сының да кө­ңіліне еш сызат түсірген жоқ. Оған барлық туыс­қаным, күллі ауыл куә. Кейін Ерболдың зира­ты­ның құлпытасына да «Сыпатаев Ербол Мұқа­жанұлы» деп жаздырдық. Жасы­нан бауыр­мал, елгезек, еті тірі болып өскен Ербол әскери борышын ойда­ғыдай атқарып келіп, институтқа түс­кенде қалған балаларымды «осы сүйреп адам етер» деп ойлаушы едім. Амал қанша, жазмыштан озмыш жоқ екен... Ербол қаза тапқан соң Алматыға үш рет бардым. 1987 жылдың ақпан және наурыз айларында. Соңғы рет былтырғы желтоқсанда. Алайда ізденгенімнен түк те шықпады. Құр киімдерін құшақтап, ботасынан айырылған аруанадай боздап, қайта оралдым. Ұлымның қасындағы балалардың да, Ерболдың ісіне байланысты жұмыс жүргізген тергеушілердің айтқанынан ұққаным бұлыңғыр бірдеңе. Алғашында тергеушілер тіпті өзімді тергеп «Қытайдан қашан келіп едің, балаң бұрын бұзақылық жасады ма?» деп әуре­леді», деп толғаныпты.              

Шынында, ботасын жоғалтқан бозін­гендей боздап бәймәлім хабар күтіп қалған әкенің осы бір пікірін оқыған сайын жаның ауырады. Біз осы­нау әке толғанысын бекер беріп отыр­ған жоқпыз. Өйткені күні бүгінге дейін Ербол Сыпатаев туралы берілген анық­тамалар мен деректерде «жетім» деп көр­сетіліп келеді. Әке-шешесі, бауыр­лары бар Ерболды қазақ халық болып әлі тани алмай жатыр. Желтоқсан көтері­лісінде Алматыдағы Брежнев алаңында сойыл­мен қаруланғандардың қолы­нан қаза тап­қан бірден-бір адам – Ербол Сыпатаев. Ердің ерлігі ел жадынан ұмы­тылмауға тиіс. Батыр өзіне лайық құр­метке қол жеткізуге тиіс.

 

Жетісу облысы