Қоғам • 16 Желтоқсан, 2022

Ұлттық сана көтерілісі

520 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Желтоқсан көтерілісі – қазақ халқының жазылмас жарасының бірі. Оның дүмпуі жыл өткен сайын жаңғырып, жаңа күшпен жанданып, халық жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Ұлттық сана көтерілісі

 

«Зұлымдық империясы» деп аталған қанды империяға қарсы ұзақ жылдан кейін КСРО халықтары арасында жал­ғыз әрі бірінші болып бас көтерген қазақ жастары болды. Қазақ жастарының қар­сылығына Одақтағы барлық ұлттық рес­публикалардың азаматтары сүйсініп, разы болды. Қазақ жастарына қарсы қолданылған қанды қасаптар­ды айыптап, шетелден жолданған хаттар мен қа­рарлар КСРО басшылары атына қарша борады. Мысалы, Венгрияда Қайрат Рыс­құлбековке өлім жазасын беруге қарсы елге белгілі 41 адам қол қойған хат 1987 жылдың 20 шілдесінде сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңес төралқасының төрағасы А.Громыкоға жеткізілді. Кейін президент болған Лех Валенса бастаған 70 адам қол қойған осы мазмұндағы қарсылық хаты Польшадан КСРО-ның бірінші басшы­сы М.Горбачевке жіберілді. Америка­дағы «Фридом хаус» ұйымы да М.Горбачев пен бас прокурор А.Рекунковтың атына қарсылық телеграмын салды. Гер­ма­ниядағы Түркі елі комитеті 1987 жылғы 26 қаңтарда Кувейтте болатын Ислам конференциясы ұйымының отырысы­на хат жазып, Қазақстан оқиғасын талқы­­лап, қарсылық білдіруді ұсынды. Онда қазақ жастарының «Өзімізді-өзіміз басқару құқын талап етеміз!», «Колбин, Ресейге қайт!», «БҰҰ-ға мүше болу құ­қын талап етеміз!» деген сияқты ұран­да­ры орыс коммунистері айтқандай «бұза­қы», «маскүнем» адамдардың сөзі емес, сон­дықтан ара түсулеріңізді өтінеміз делін­ген. Осындай дүмпудің арқасында жас­тар­ға қолданылатын репрессиялық шара­лар біршама жұмсарды және қазақ хал­қы туралы ақпарат дүние жүзіне танылды.

Алаңға шыққан жастардың көбі сая­си көзқарасы жетілген, ұлы орыстық шовинистік саясаттың озбырлығына төзе алмаған, өзінің ұлтын аяқасты еткісі келген империялық өркөкіректікке төтеп бер­ген асыл азаматтар еді. Солардың бірі – Ермұханбет Қуандық. Түркістан облы­сының Ордабасы ауданындағы Ықылас Темір ауылында көпбалалы отба­сының шаңырағында дүние келген ол Желтоқсан көтерілісінің қарсаңында біршама өмір көріп, ысылған жас болатын. Әскери міндетін Ресейдің Чита облысында өтеген ол басқа халықтардың жастарымен етене араласқан. Орыс тілін шала түсінсе де табиғи алғырлығының арқасында оны да игеріп, ортасының озығы болады. Ротада саяси сабақ жүргізіп, белсенділік көрсетеді, сержант атағын алып, бөлімше командирі болады. Елден кітап алдырып, болашақта жоғары оқу орнына түсуге дайындалады. Әскерден келе сала бос жүрмей училищеде оқып, дәнекерлеуші мамандығын да алады. Одан кейін ҚазМУ-ге тарих факультетінің «КПСС тарихы» бөліміне түседі.

11

Оқи жүріп Ермұхан құрылыс отрядына да қатысады, Чернобыль апатының зардабын жоюға да барады, тобының ста­ростасы да болады... Осындай студентті ой-өрісі жан-жақты жетілмеген деп қалай айтарсың? Керісінше, ол қоғамдағы ұлы орыс шовинистік саясатының әділетсіз үстемдігіне ашу-ызасы әбден қайнаған, ұлтының болашақта жұтылу қаупі бар екенін айқын сезінген саналы жас болатын. Сондықтан да ол Қазақстанға бірінші басшы болып орыс ұлтының өкілі келгеніне жан-тәнімен қарсы болып, Горбачев басқарған өкіметтің әділет­сіздігіне қатты ширығып, басқа факультеттер мен жатақханаларға барып, жастарды қарсылық акциясына шақырғандардың бірі болады.

Алайда... көтерген ұрандарын, қарсы­лық транспаранттарын бірге жазысқан табансыз, боркемік жолдастарының сатқын­дығымен Ермұханбет ұсталып, 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесіледі. Куәгер болып сотқа келген 15 адамның ішінен екі адам ғана оны қорғап, куәлік береді. Олар – сол кезде заң факультетінің 1-курсында оқыған тараздық Жексен Ошанов (марқұм) мен тарих факультеті «КПСС тарихы» бөлімінің 5-курс студенті петропавлдық Бағдат Мұқанова еді...

Ермұханбетті өзінің алғашқы әйелі де сатып, екі баласын алып, сыртынан ажырасып кетеді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей әкесі де түрмеде жүргенде қайтыс болады.

Алайда Ермұханбет Қуандық қайғыға қарсы тұра алмайтын боркемік емес, қай­ратты жігіт. Оның үстіне өз ісінің дұрыс­тығына көзі жеткен жан. Исі қазақ хал­қының адал ұлдары мен қыздары, көр­шілес республикалардың саналы аза­мат­тары, тіпті шетелдік әділетті жан­дардың бәрі өздерін қолдап сөйлеп, ақтап жат­қандарының шет жағасын ол біліп жүреді. Оның үстіне кесілген 5 жылдың 2 жылы қысқартылады. Елдегі демократиялық дүмпу, шетелдік әділетті ұйымдар мен жеке адамдардың талаптары репрессиялық машинаның күш-қуатын әлсіретіп, ол бостандыққа 3 жылдан да ерте уақытта шығады. Ермұханбеттің қапаста отырған барлық мерзімі – 1 жыл 11 ай 3 күн.

Түрмеден келген соң Ермұханбет көп азап көрсе де, ақын Олжас Сүлейменов­тің тегеурінімен қайтадан сол оқуына қабыл­данады. Бұл істе Олжекеңнің тапсыр­масымен зыр жүгірген оның сенімді өкілі Талғат Омашевтің еңбегі де аз болма­ға­нын айта кету керек...

Ермұханбет өзінің ғана ақталғанымен қоймай, Желтоқсан партиясының қатары­на еніп, басқа азаматтардың ақталуына да көп еңбек сіңірген. Қазір ол бизнеспен айналысады. Үй-іші, бала-шағасы, сүйген жары бәрі де дін аман. Ерекең Желтоқсан көтерілісінде бастан кешкенінің бәрін жуырда шыққан «1 жыл. 11 ай. 3 күн» атты кітабында баяндады. Кітап өте тар­тымды, сол күндердің оқиғаларын көз алдыңа боямасыз түрде әкелген деректі дүние. Жақында Қызылжардағы С.Мұқанов атындағы облыстық кітапха­нада оның тұсаукесер рәсімі болды. Оған Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Желтоқ­сан көтерілісіне қатысқандар, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен журналис­тер қа­тысты. Ең бастысы, кітаптың бір кейіп­кері, Ерекеңді Желтоқсан сотын­да қорғап сөйлеген екеудің бірі, қазір облыс­тық әкімдікте қызмет істейтін Бағ­дат Мұқанова да қатысып, сөз сөйледі. Кітап­тың тұсаукесерінің Қызылжарда болған себебі де сол – Бағдаттың Қызылжар тұр­ғыны болғандығы еді.

 

ҚЫЗЫЛЖАР