Білім • 16 Желтоқсан, 2022

Баянды бастама

317 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл ретте республиканың әр аймағында, соның ішінде Шымкент қаласында да көптеген маңызды іс-шара өткізілді.

Баянды бастама

 

Ең үлкен инвестиция – балалардың келе­шегіне салынған инвестиция. Сондықтан мемлекет өскелең ұрпақтың дені сау, білімді болып өсуіне бар жағдайды жасауға тырысады. Елдің ертеңгі ұстыны жастар болғандықтан оларды қамқорлыққа алу әрдайым басты назарда тұрады. Қай қоғамда жастар еркін, ойы ұшқыр, еңбекқор болып тәрбиеленсе, сол қоғам түбінде мемлекетті алға бастайды.

Осы жыл аясында қалалық әкімдік тарапынан 7 бағыт айқындалды. Осы бағыттар шеңберінде 84 іс-шара ұйымдастырылды. Оған 44,6 млрд теңге қарастырылды. Бұл қомақты қаражат 400 мыңға жуық баланың сапалы білім алуына, құқықтарының қор­ғалуына, тәрбиелік жұмыстарды күшей­туге, денсаулықтарын нығайтуға, қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге және осы салаға қатысты өнер­кәсіп пен тиісті инфрақұрылымды дамы­туға жұмсалды.

Құрылыс, материалдық-техникалық базаны жақсарту бағыты бойынша шаһарда бірнеше ірі нысан салынып жатыр. Мәселен, «Өнер» мектебі. Келешекте онда 5 мың бала оқиды. Аталған өнер ордасында оқушыларға түрлі өнер саласы бойынша үйірмелік жұмыстар жүргізіледі. 12 мың балаға арналған Оқушылар сарайы бар. Мұнда да балалар ағаштан ою ойып, ұшақ, робот құрастырып, қосымша өнер үйреніп шығады. 6 мектепке спорт алаңқайы жетпей тұр еді. Балалар жылы аясында бұл іс те қолға алынып, нәтижесінде, қаладағы мектептер жүз пайыз типтік үлгі­дегі спорт алаңқайларымен қамтылды. Шаһардағы тұрғын үй аулаларының біразына спорттық және ойын алаңқайлары ашылды. Ең бас­тысы, 41 мектеп, 30 балабақша пайдалануға беріледі. Бұл – 25 мыңнан аса бала жайлы, заманауи білім нысандарымен қамтылады деген сөз. Бұған дейін мектептердегі кабинеттердің заманауи білім беру құралдарымен жабдықталу көрсеткіші 32 пайыз болса, биыл оның деңгейі 85 пайызға бір-ақ жетті.

Оқушылардың қауіпсіздігі әрдайым бас­ты назарда. Осыған байланысты Балалар жылы аясында қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде бүгінде мектептер бейнебақылаумен және арнайы турникеттермен, дабыл батырмаларымен толық қамтамасыз етілді. Бұған қосымша мамандандырылған күзет қызметі әрбір білім ошағында оқушылардың қауіпсіздігін қадағалайды.

Білім саласында ауыз толтырып айтарлық жетістіктің бірі – мегаполистегі мектептердің бастауыш сыныбында оқитын оқушылар түгел ыстық тамақпен қамтылған. «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 60 мыңға жуық оқушыға мектеп формасы мен кеңсе тауарлары сатып әперілді. Жетім және тұл жетім балаларды қолдау бағытында мағлұмат келтірсек, 78 түлек мемлекеттік грант есебінен оқуға түсті. 14 жас мемлекеттік бағдарлама бойынша бас­паналы болды. Жүзден аса бала жазғы демалысын қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде өткізді. Шаһардағы №3 Балалар үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, соңғы үлгіде қайта жабдықталды. Осы мақсатқа орай мемлекет қазынасынан 600 млн теңгеден аса қаражат қаралды. Сондай-ақ Шымқалада оқушылар қоғамдық көліктерде 50 пайыздық жеңілдікпен жүреді.

Биыл қалалық балалар ауруханасының мате­риалдық базасын нығайтуға 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Жаңадан онкогаматология, интервенциялық кардиология және нейрохирургия бөлімшелері ашылды. Орфандық ауруы бар 32 балаға 1,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды. «Балаларға күлкі сыйла» акция­сы аясында мыңға жуық баланың тісін жеке клиникалар өз есебінен тегін пломбалап берді. Жергілікті бюджет қаржысына соңғы үлгідегі ангиограф аппараты орнатылды. Сондай-ақ жұлынның бұлшық ет атрофиясы диагнозы қойылған 17 баланың алтауы қазіргі уақытта «Спинраза» препаратымен емделіп жатыр.

– Қалалық балалар клиникалық ауруханасында сәулелі диагностикалық орталығы жұмыс істейді. Жаңадан ашылған орталық соңғы емдеу-диагностикалық жабдықтармен жарақтандырылған. Мұнда науқастар қажетті заманауи аппараттар арқылы тексеруден өте алады. Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен алғаш рет мегаполистегі клиникалық балалар аурухана­сын­да оториноларингология және жақ бет хи­рур­гия бөлімшесі ашылды. Енді құлақ-мұрын ауруларын емдеуде ақ желеңді жандар бұрын­ғыдай науқастарды Астана мен Алма­ты қалаларына жібермей, өздері емдейді, – деді аталған клиниканың бас дәрігері Динара Жұмаділова.

Биыл шымкенттік оқушылар үшін медаль жауған жыл болды десек қателеспейміз. Қалалық, республикалық және халықаралық білім сайыстарында 21 877 оқушы жеңімпаз атанды. Мәселен, әлемдік роботтехника олимпиадасында мегаполис оқушылары топ жарды. Ең сәтті әлеуметтік жобалардың бірі деп танылған «Шымкент жастар лигасы» аясында 4 мектепке жаңа автобустар сыйға тартылды.

Шымкентте биыл Балалар жылы мереке­лік іс-шаралармен ғана емес, жоғарыда көрсетілгендей, нақты атқарылған жұмыстар­мен де атап өтілді. Әрбір жауапты сала бала­лар құрметіне орай ізгі іс жасауға тырыс­ты. Ал Балалар жылында ең үлкен сыйды Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жасады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан бастап Ұлттық қордан балаларға 18 жасқа толғанға дейін жылдық табыс қаража­тының жартысы бөлінеді. Бұл туралы Президент биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтып өткен еді.

«Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланғаны үшін нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз арнайы жинақ шоттарына бөлуді ұсынамын», деген болатын Мемлекет басшысы.

Осы ретте қабылданған бұл шешім әлбетте бала болашағына жасалған үлкен қамқорлық, нағыз инвестиция болғанын мойындаған абзал. Балалар жылы өз мақсатын толық орындады, халықтың сенім үдесінен шықты деп ауыз толтырып айтуға толық негіз бар.

 

ШЫМКЕНТ