Сұхбат • 16 Желтоқсан, 2022

Сапар Сатаев: Арманы биік адам адаспайды

478 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Сапар Сатаев – Лондондағы «HEAD Aerospace Group» компаниясының коммерциялық директоры. Шетелді бағындырып, ғарыш саласында табыс­ты еңбек етіп жүрген жерлесіміз «Egemen Qazaqstan» басылымына арнайы сұхбат берді.

Сапар Сатаев: Арманы биік адам адаспайды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

– Сапар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ баласы технарь болуы керектігін айтып жүр. Ол үшін не істеу керек?

– Қазақстан әлемдегі цифрлық экономикаға ілесу үшін алдымен адами капиталды дамытуы қажет. Оның ішінде ғылым мен технологияда кәсіби мамандардың басым болуы маңызды. Бізге осы салаларда жаһандық деңгейде ойлай алатын, алдына үлкен мақсат қоя білетін жастар керек. Ғарыш саласы туралы айтсақ, тек ғарышкерлерді емес, аталған сала бойынша технологияны дамытатын ғалымдар мен инженерлерді, кәсіпкерлерді насихаттап, жастарға үлгі ету маңызды. Ғарыш саласы – әлемдік бизнестің бір бөлігі. Оны халықаралық ғарыш бизнесінде тәжірибесі бар, нақты түсінетін, болашағын болжай алатын мамандар алып жүруге тиіс.

– Ал сіз ғарыш саласына қалай келдіңіз?

– Бала кезімде ғарыш туралы көп білмесем де, ауылдың түнгі аспанындағы жұлдыздарға қызыға қарайтынмын. Арманын биіктен іздеген жан адаспайды. Жазушылар Бердібек Соқпақбаев пен Шыңғыс Айтматовтың кітаптарындағы ғарышқа қатысты үзінділер болашақтағы мамандығыма белгі бергендей болды. Жастайымнан математикаға әуес болдым, мектеп жасында саяси газет-журналдарды да көп оқитынмын. Сол кездегі білімді Үкімет мүшелері мен жаңа буындағы кәсіпкерлер маған үлгі болды. Жастар ғарышты игеруді армандауы үшін оларға жағдай жасалып, қоғамда білім мен ғылымды, жаңа технологияларды құндылық ретінде тарату керек. Бәлкім, мұны балабақшаға арналған мультфильмдерден бастауға болатын шығар. Ғылымды, технологияны, ғарышты игеруді насихаттайтын кітаптар шығарылса, болашақ жастардың құндылығы өзгерер еді. Қазір жастарға үлгі болатын, ғылым мен ғарышты игеруге талпыныс беретін тұлғалар аз.

– Ғарыш саласын меңгерген жас­тарымыздың көбі шетелге кетеді. Неге?

– Жастардың шетелге кетуінің себебі көп. Кейбірі білім іздеп барады. Енді бірі жақсы өмір іздеп шетел асады. Кейбірі елдегі әділетсіздікке шыдамай қоныс аударады. Жастардың шетелге кетуіне мемлекет жасанды түрде шектеу қоя алмайды. Мемлекетте әділдік пен меритократия қағидаты жұмыс істесе, көпшілігі ертең-ақ қайтып оралар еді. Ал жастардың шетелде үлкен жетістікке жетіп, әлемнің алдыңғы қатарлы компанияларында қызмет атқаруы елімізге пайда әкелмесе, зияны тимейді. Отанын жақсы көретін ұл-қыздардың болашақта сол компаниялардың елімізде жобаларды іске асыруына немесе инвестиция құюына себепші болары сөзсіз. Мұндай жастар еліміз үшін халықаралық аре­на­дағы «лоббилік күшке» ие. Әр буынның өмірге көзқарасы әртүрлі болады. Сондықтан олардың талаптары мемлекеттің жастарға қатысты идеологиясында ескерілуі керек. Жас­тарға нақты, қарапайым идея керек. Жастарды біріктіретін де  – сол. Мұндай идея мәдениет пен ғылымға, болашақ технологияларға негізделіп, діннен, ұлтшылдықтан бейтарап болуға тиіс. Осындай дүниені өзім де іздеп жүрмін.

– «Қазғарыштан» Лондондағы «HEAD Aerospace Group»-қа дейінгі жолыңыз қазақ баласы үшін бағыт-бағдар болары даусыз. Мұнымен келісесіз ғой?

– Менің тәжірибем ауылдан шыққан қазақ баласына бағдар болары анық. Бірақ кәсіби саладағы тәжірибем тек жетістіктерден тұрмайды, қателіктер де жетерлік. Бұрын қалалықтармен салыстырғанда, ауылдың баласына кәсіби мамандық таңдауға бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беретін адамдар аз болды. Тек көңілімізге қонақтап қалған арма­нымызға жол ашатын саланы меңге­руге күш салатынбыз. Мен де сөйт­тім. Тек кейінірек «бір саланы жақсы меңгеріп, шыңына жеткеннен кейін ғана басқаларын бағындыруға көшкен абзал» деген шешімге келдім. Еуропаның мықты жоғары оқу орнында білім алып, ғарыш саласындағы өндірістік компания­да тәжірибе алу үшін өз тарапымнан инвестиция жасау керек болды. Сол себепті жиған-терген қаржымды жұмсауға тура келді. Сол кезде алған білімім мен тәжірибемнің арқасында қазір Лондондағы халықаралық деңгейдегі компанияда еңбек етіп жүрмін. Де­мек білімге салған инвестицияның қай­тарымы мол.

– Қазақстан үшін ғарыш бизнес пе, әлде имидж бе?

– Имидж дегенді қабылдай алмаймын. Имидждің өзі экономикаға жұмыс істеуі керек. Ал экономиканың екінші қанаты – бизнес. Дамыған елдер ғарыш саласын ілгерілетуді экономиканың қажеттілігіне айналдырды. Бұрын ғарышты алып мемлекеттер ғылым мен қорғаныс мақсатында игерді. Кеңес одағы мен АҚШ арасындағы бәсекелестіктің нәтижесінде ғарыш басымдық пен имиджге жұмыс істесе, қазір оның коммерциялық қолданылуы басым.

– Демек ғарышты игеруге жұмсал­ған қаржының қайтарымына скрининг жасау заңдылық қой?

– Елімізде осы уақытқа дейін ғарыш саласын игеруге жұмсалған қаржының әрбір тиыны мемлекеттің тарапынан қатаң бақылауда. Жұмсалған қаржыға Орталық Азия, тіпті ТМД елдерінде теңдесі жоқ ғарыш жүйесінің Жер құрылымдары салынды. Оның ішінде Астана қаласында Ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешені, Жерді қашықтықтан зондтау, ғарыш аппараттарын басқару және тұтынушыларға қызмет көрсету орталығы, Алматы және Ақмола облыстарында Ғарыш байланыс аппараттарын басқаратын кешендер іске қосылды. Сонымен қатар ғарыш ғылымын дамыту мен Байқоңыр айлағында да айтарлықтай жұмыс атқарылды. Ғарыш саласының әр бағытында керекті мамандар даярланды. Бұл жетістіктердің барлығы – осы саланы түсінетін адамдар үшін өте үлкен жетістік.

Әрине, ғарыш саласын дамыту барысында көптеген қиындық кез­де­сіп, қателік те жіберілді. Бірақ ғарыш тарихына үңілсек, тіпті алып мем­лекеттердің өзі бұл саланы оңайлық­пен игере қойған жоқ. Ғарыш саласының нәтижелері күнделікті өмірде тікелей әсерін тигізбеуі мүмкін. Алайда оның мультипликативті әсері өте зор. Мәсе­лен, телеарналарда күнделікті трансляция жасалуы, алыстағы аймақтармен телефонмен байланысу ғарыш аппа­рат­тары арқылы іске асырылады. Мобиль­дік құрылғылардағы навигация­лық карталар, сонымен қатар ауа райын бол­жау, әлемдегі табиғи апаттарды бақылау, олардың алдын алу жұмыс­тарын уақтылы атқару ғарыш аппаратта­рының жұмысына негізделген. Тіпті мемлекеттік шекаралардың қауіпсіздігі де ғарыштық түсірілімдерге негізделеді.

1

– Еліміздің ғарыш саласындағы беталысы туралы не айтар едіңіз?

– Қазақстан КСРО-ға мүше мемлекет ретінде бүкілодақтық ғарышты дамыту бағдарламаларына қатысты. Сөйтіп елімізде Байқоңыр ғарыш айлағы, республикалық зерттеу орталықтары пайда болды. Бұл ұйымдар КСРО құлағаннан кейін де өз жұмыстарын жалғастыра берді. 1990 жылдары аталған ұйымдардың жағдайы қаржы­лан­дырудың жетіспеуінен көп қиындық­қа тап болды. Алайда 2000 жылдардан кейін мұнайдан келген табыс еліміз­дің индустриалды-инновациялық бағ­дар­ламасының дамуына ықпал етіп, ға­рыш қызметтерінің (спутниктік ба­й­­ла­-
­­ныс, жерді қашықтықтан зондтау) экономикаға қажеттілігіне байланыс­ты республикалық ғарышты дамыту бағдарламасы бекітілді. Еліміздегі ғарыштық кешендерді ескере отырып, аймақтағы ғарыш саласы бойынша нарық мүмкіндіктеріне негізделіп, толық циклді ғарыш саласын құру бойынша шешім қабылданды. Қазір Қазақстан толық циклді ғарыш саласына (ғарыш технологиясын жобалау, құрастыру, ұшыру, басқару және тұтынушыларға қызмет жасау) ие және осы саланы игеретін мамандар да жеткілікті.

– Сіз бұрынғы КСРО елдері үшін Қытайдың ғарыш саласы үлгі бола алатынын, батыстық үлгі сай келмейтінін айтып жүрсіз. Сонда біздің елде ғарыш саласы Қытай үлгісі тәрізді жекеменшіктің де, мемлекеттің де қарауында болуы керек пе?

– Ғарыш өндірісі экономиканың бір саласы болғандықтан, оның дамуы осы елдің экономикалық жүйесіне тікелей байланысты. Ғарыш саласы дамыған кез келген елді алатын болсақ, бастапқы уақытта саланың жүйелі және тұрақты дамуына мемлекет қолдау көрсетеді. Жерүсті ғарыштық кешендер мен ғарыш аппараттарына үлкен инвестиция мен капитал керек. Ондай мүмкіндік тек мемлекеттің қолынан келеді. Ал ғарыш қызметтерін коммерциялық тұрғыда дамытып, соңғы қолданушыға жеткізуді жекеменшік компаниялар атқара алады. Мысалы, Батыстың капита­лис­тік елдерінде жоғары технология­лы коммерциялық ғарыш саласы жеке­ме­н­шік компаниялардың үлесінде. Олар­дың ғарыш агенттіктері осы сала­ның саясатын анықтап, қадағалау функция­сын атқарады. Сонымен қатар ғылым мен алыс ғарышты зерттейді. Ал Қазақстан және көршілес елдерді қара­сақ, ғарыш саласы – мемлекеттің қара­ма­ғында. Экономикада мемлекеттік компаниялардың үлесі басым. Демек жаңадан дамып келе жатқан ғарыш саласы мемлекеттік қолдаумен ғана алға баса алады. Оның үстіне біздің аймақта ғарыш нарығы енді қалыптасып келеді. Ал Қытай екі модельді де тиімді пайдаланады. Қытайдың ғарыш нарығында мемлекеттік компаниялар мен жекемен­шік компаниялардың үлесі тең. Алайда жекеменшік компаниялардың үлесі болашақта көбейе түспек. Қытайда мемлекет пен жеке компаниялардың серіктестігі тиімді жұмыс істеп жатыр. Қытай ғарыш технологиясын дамытуда Батыс елдерінен асып түспесе, кем қалмақ емес. Кейбір ғарыш технологияларын жасауды Қытайдан үйрену Батыс елдерімен салыстырғанда тиімді әрі арзанға түседі. Қазір барлық электроника мен озық технология Шығыс Азия мемлекеттерінде жасалады, Қытай – соның бірі.

– Әлемде Марс планетасын игеру, ғарыштық туризм сияқты өзекті мәселелер талқылануда. Ал Қазақстан ғарыш жолында қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– Ғарыш адамзаттың ғылыми қызығушылығынан қазір мемлекеттердің құнды ресурсына айналып барады. Алыс болашақта алып мемлекеттер арасында ғарышқа немесе Күн жүйесіндегі Жерге жақын планеталардың ресурстарына таласу қаупі де бар. Ғарыштық туризмнің негізі қаланды, Батыстың бірнеше компаниясы (Blue Origin, SpaceX және Virgin Galactic) адамдарды өз аппараттарымен ғарыш кеңістігіне шығарды. Марсты колонизациялау жақын уақытта орын ала қоймас, бірақ бірнеше мемлекет, соның ішінде Қытай мен АҚШ өз ғарыш зондтарын Марс планетасына қондырды. Бұл – адамзаттың жетістігі. Байқоңыр ғарыш айлағы әлі күнге дейін көрші Ресей мемлекетіне жалға беріліп отыр. Жақында ғана Қазақстан кешеннің бір бөлігін өз қарамағына алып, игеру жұмыстарын бастады. Байқоңырдағы кешендердің көбі ескірген және жаңарту керек. Оған тек бір мемлекеттің шамасы келмейді. Сондықтан инвестиция құятын әріптес мемлекет керек.

– Сіз жұмыс істейтін компанияның біздің елдің ғарыш саласымен байланысы бар ма?

– Біздің компания ғарыш саласында бірнеше бағытта қызмет атқарады. Соның ішінде төменгі орбитада ұшатын байланыс ғарыш аппараттарын құрастыру және байланыс қызметтерін көрсету, ғарыш аппараттарын пайдаланып Жерді қашықтықтан зондтау қызметтері бар. Аталған қызметтер еліміздің экономика саласы үшін қажетті. Көрсетілген қызметтердің ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, экология, төтенше жағдайларды болжау, табиғи ресурстарды бақылау салаларының тиімді пайдалануына ықпалы зор. Қазір еліміздегі бірқатар тұтынушыны ғарыштық түсірілімдермен қамтамасыз етеміз. Ғарыш саласындағы құзыретті ұйымдар мен компанияларға еліміздің Жерді қашықтан зондтау, байланыс ғарыш аппараттарының санын көбейтіп, жақында салынған өндіріс орындарын жұмыс істету үшін шетелдік компания­лардан тапсырыс беру мүмкіндіктерін қарастыру бойынша ұсыныстар да енгізілген болатын. Өкінішке қарай, көп жағдайда мұндай ұсыныстар қарал­майды. Әрине, мемлекеттің ғарыш саласына салған инвестициясы қай­тымды болуы керек. Бірақ пайда көп жағдайда тікелей ақша ретінде келіп түспеуі мүмкін. Мұндай пайданың әсері қарапайым халыққа экономиканың басқа салалары арқылы жанама жолмен жетеді, яғни мультипликативті әсері мол. Ауыл шаруашылығын мысалға алайық. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш аппараттары көмегімен жайылымдар мен егістіктерді мониторинг жасап, ғарыштық түсірілімдерді талдай отырып, жердің құнарлылығын, ылғалдың деңгейін, тіпті егістіктің болашақ өнімін болжауға болады.

Біздің ел ғарыш саласының әзірше негізін ғана құрды. Алда жұмыс көп. Қазір осы саланы басқарып отырған жас буын әріптестерімізге үлкен жауап­кершілік арттырылып отыр. Өйткені негізгі мақсат – осы уақытқа дейін құ­рыл­ған активтерді сақтап қана қоймай, олар­д­ың құндылығын арттырып, мемлекетке табыс әкелу. Елімізде ғарыш саласына серпіліс беретін жағдай жеткілікті. Жерүсті кешендеріміз бар, көкте ғарыш аппараттарымыз ұшып жүр, мамандар да жетерлік.

– Сонда олқы тұсымыз қайсы?

– Қажетті заңдар мен стратегиялық құжаттар қабылданды. Бірақ осының барлығын біріктіретін бір үлкен идео­логия немесе бастама жетіспейтін сияқты. Бір мысал келтірейік. Біріккен Араб Әмірліктері қазір ғарыш саласын өте қарқынды дамытуда. Бұл ел­дің ғарыш саласы өте жас, алайда олардың ұйымдары халықаралық ғарыш жобаларына қатысады. Мәселен, Марс­қа ұшатын ғарыш аппаратын жасауға атсалысты. Егер ғарыш пайда әкелсін десек, ғарыш саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар ел экономикасының барлық саласына қызмет етуі керек. Бұл дегеніміз – ғарыш саласы өз алдына бөлек, экономикадан бейтарап болмауға тиіс. Былтыр Ұлыбританияның ғарыш саласын дамыту стратегиясымен таныстым. Олар ғарыш саласын елдің экономикасының маңызды бөлігі ретінде, экономиканың басқа салаларымен тығыз байланыс­ты және әр салаға ғарыш технологиялары қалай әсер ететінін нақты атап, сәйкес іс-шараларды белгілеген. Бізге де осындай сараланған стратегиялық жоспарлар керек. Ғарыш саласының экономикамызға келтіріп жатқан пайдасын жоққа шығаруға болмайды. Ғарыш қызметтерін экономиканың басқа салаларына енгізуде ТМД елдерінен көш ілгеріміз. Қазір көршілес елдердің көбі Қазақстанның ғарыштық мониторинг бағдарламасымен тәжірибе ретінде танысып, өз экономикасына енгізуде. Бұл – үлкен жетістік.

– Бізде «ғарыш экономикасы» деген түсінік қалыптасқан жоқ. «Ға­рыш» ұғымын тек «ғарышқа ұшу­мен» шектеу басым.

– Рас. Ғарыш экономикасы қалып­та­суы үшін ғарыш қызметтерін тұтыну­шылардың саны көбейіп, ғарыш қызметін көрсетушілер саны мен сапасын арттыру керек. Елімізде әлі де көптеген сала ғарыш қызметінің тиімділігімен таныс емес. Сондықтан мемлекеттің құзырлы ұйымдары ғарыштың тиімді жағын пайдалануды талап ретінде заңнамаларға енгізіп, ғарыш саласында қызмет істейтін кәсіпкерлер тұтынушыларға қажет тауарлар мен қызметтерді ойлап табуы керек. Ол үшін Америка ашудың қажеті жоқ. Тек озық мемлекеттердің мемлекеттік және коммерциялық ғарыш тәжірибесін зерттеп, өзімізде пайдаланса жеткілікті.

– Қазақстанға қайту ойыңызда бар ма?

– Әрине. Шетелдегі миссиямызды бітіріп, отбасыммен бірге елге оралу ойда бар. Басқаша болуы мүмкін де емес. Білімім мен тәжірибемді елдің игілігіне пайдалансам деймін.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ