Патша генералы Черняевтың оңтүстік өңірдегі құпия жүргізген айлалы саясаты
Қоқан хандығы тұсында Оңтүстік өңірде билік жүргізген датқалар туралы тың деректер табылып отыр. Мұны шымкенттік тарихшы-ғалым Д.Даниярбековтің Ташкенттегі архивтен алған деректерінен анық көруге болады.
Оңтүстік өңір мен Ташкентті бағындырған, жергілікті халықты аяусыз қырғыншылыққа ұшыратқан, әсіресе Әулиеата мен Шымкент бекіністерін алуда қатыгездік көрсеткен, әскери жорықты басқарған генерал Черняев, әр атқарған істеріне орай Петербургтегі соғыс министрі Борисовке есеп беріп отырған. Генералдың жіберген құпия хабарламасын оқып танысқанда, Байзақ датқаның қайғылы өліміне тікелей өзі себепші екенін, бәрін өте құпия ұйымдастырғанын ашық жазған. Сөйтіп, құпия хабарламада төмендегідей ақпар жіберген:
“Аса мәртебелі соғыс министрі. Патша ағзамның тапсырмасын орындауда аянып жатқанымыз жоқ, өздеріңіздің берген нұсқауларыңыз бойынша өзіміздің солдаттардың өмірін сақтау мақсатында, елді мекендер мен бекіністерді алу кезінде зеңбіректер мен жергілікті адамдарды (туземцы) көбірек пайдаланудамыз.
Өзіңізге, алдындағы хабарламаларда жазғанымдай бұрын Қоқан хандығы тұсында, Оңтүстік өңірді билеген Байзақ, Сапақ, Шоқай датқалар (датқа-генерал шеніндегі әскери билеуші) бізге азық-түлікпен, аттармен, сарбаздармен көмектесті.
Байзақ датқаның өзі 1000 сарбаз бөлді, басшысы өзінің ұлы. Бұл кісілерге патша ағзамның келісіміне орай, сіздің бұйрығыңызбен берілген офицерлік шен, майор атағын киімдермен, сый-сияпатпен қоса бердім. Осы офицерлік атаққа, сыйларға бұл кісілер риза болды. Иелігіндегі жерлерін бала-шағаларымен мәңгілік пайдалану жөніндегі куәлік құжаттарды да бердім. Бұл кісілердің арасындағы Батырбек датқа, мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт-дәстүріне өте берік. Орыстарды жатдінділер дейді. Басқа датқаларға қарағанда Оңтүстік өңірде, халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды. Оңтүстік өңір Батырбек датқаның ықпалында болған. Өз қаражатына жергілікті халық үшін, өңірдің бірнеше елді мекендерінде, Самарқандтан құрылысшылар, күйдірілген кірпіштер алдыртып, зәулім, сәулетті мешіттер (біздіңше храм) мен медреселер (школа) салдыртқан. Бұлар қазір халыққа қызмет жасауда. Школда жас туземецтер ислам дінінде білім алуда. Бірнеше шақырым каналдар, көптеген су қоймаларын (тоған) қазғызған, талдар еккізіп, жергілікті халықты ауыл – ауыл (село) етіп орнықтырып, тамдар салдыртқызып, халықтың тұрақты отыруына жағдай жасаған. Жергілікті халық каналдарды пайдаланып, бидай, тары, жүгері, т.б. азық-түліктерін егіп, дайындап алуда. Бұрынғыдай Иран, Қоқан, Самарқанд саудагерлерінен қымбат бағаға азық-түліктер сатып алмайды. Осы еңбегі үшін Оңтүстік өңір халқы Батырбек датқаны қатты қадірлейді.
Батырбек датқа жөнінде барлық ақпаратты замандастары Байзақ, Шоқай, Сапақтардан біліп алған соң, екінші рет ол кісіні өзіме тағы да шақырып сөйлестім. Бірінші кездесуімізде әңгімеге ротмистр Ш.Уәлиханов қатысқан болатын. Екінші кездесуімізге ротмистер қатысқан жоқ, ол маған ренжіп экспедециядан кетіп қалған. Ротмистрдің маған ренжіп кетуіне, естуімше Батырбек датқаның тікелей қатысы бар, себебі, екеуі оңаша кездескен, ротмистрді жатдінділерге көмектесіп жүрсің деп кінәлаған, өз халқыңа қарсы соғысып жүрсің деп айыптаған көрінеді. Осыларға шыдамаған ротмистр Ш.Уәлиханов экспедициядан кетті.
Батырбек датқа, кездесуге баласы, тағы да 4-5 кісімен келді. Ешнәрсе сездірмейді. Бағынған пішін көрсетеді. Бірақ сенбеймін. Өте айлакер, ұстамды, шебер саясаткер, бәрін бейбіт жолмен шешуді қалайды. Сарбаздарға азық-түлік беремін деп алдында уәде бергенімен, дәлелді себептер айтып, ешқайсысын орындаған жоқ. Ашық жазалайын десем халықтың толқуынан қауіптенемін. Өз билігіндегі халықты, алдын-ала біздің экспедиция әскерлері жүретін жол бойынан, ұрыс болатын жерлерден алысқа көшіріп жіберген.
Әулиеата бекінісін алу кезінде, біздің экспедиция құрамы біраз шығынға ұшырадық. Шымкент бекінісін алуда, шығынға жол бермес үшін, бекініс басшысынан (гарнизон) бекіністі бейбіт жолмен беруді талап ету үшін келіссөзге датқаларды жіберу үшін Байзақ, Шоқай, Сапақ, Батырбекті шақырттым. Бұл шақыруыма тек Байзақ датқа баласымен келді, ол Әулиеата бекінісіне жақын тұратын. Қалған үш датқа кездесуге келмеді. Хабаршыларын жіберіп дәлелді себептер айтыпты. Бұл датқалардың мекендері бізден алыста болатын. Уақыт тығыз болғандықтан, Шымкент бекінісінің басшысына ультиматумды жеткізуді Байзақ датқаға тапсырдым. Шымкент бекінісін ұрыссыз берсін, әйтпесе қырғын болады деп ескерттім. Байзақ барудан бас тартты, мен бара салысымен Қоқан әскербасылары мені кәпірлерге сатылдың деп өлтіреді деп ашық айтты. Мен, Байзаққа қорықпаңыз сізді өлтірмейді, сіз патша ағзамның әскери экспедициялық корпусының өкілі ретінде, дипломат болып бара жатырсыз деп түсіндірдім. Қасыңызда тілмаш, екі кіші офицерлер болады дедім. Байзақ баруға көнді, амалы жоқ еді, қатын-балалары, ауылдары Әулиеата бекінісіне жақын орналасқандықтан, менің бақылауымда болатын.
Байзақ датқаның келіссөзден тірі қайтпайтынын білдім, сол үшін де орыс офицерлерін қасына қоспадым, татар тілмаш пен екі татар унтер-офицерлерін қостым, барлығы мұсылмандар ғой (магометандар).
Қоқан әскербасылардың датқаларға деген ашу-ызасын алдын-ала біліп отырдым. Орыстарға көмектескендері үшін олар аямайтын еді.
Менің мақсатым келіссөзге барлық датқаларды жібертіп, көздерін Қоқан әскери басшылықтың қолымен жойып, жергілікті халықты көсемсіз қалдыру еді. Бірақ Байзақтан басқалары дәлелді себептер айтып келмей қалды. Бірақ көздеген мақсатыма аз да болса қол жеткіздім.
Байзақ датқаны қасындағы нөкерлерімен қоса өлтірген, тек Байзақтың баласы аман қашып шыққан. Байзақтың өлімін өз мақсатыма пайдаландым, оның өліміне Сапақ, Шоқай, Батырбек датқалар кінәлі, өздері бірге келіссөзге бармады. Байзақты жалғыз жіберді деп жергілікті сенімді адамдар арқылы сыбыс тараттым. Бұл құпия әрекетім өз жемісін беріп жатыр. Қазір маған келіп жатқан астыртын мәліметтер бойынша, Байзақтың кейбір туыстары басқа датқалардың туыстарымен араз болуда. Бірақ бұл сыбысқа ру, тайпа ақсақалдары, халық сенбейтін көрінеді. Менің әрекетімнің ісі дейтін сияқты. Датқалардың кезінде ұсақ-түйек араздасуы болғанымен бір-бірлерін сатпайтындығына, өлімге қимайтынына ақсақалдар, халық сенімді.
Байзақты қасындағы нөкерлерімен бірге тұтқындап, өлтірді деген хабарды аман келген баласынан естіп, Шымкент бекінісін алуға тез аттандық. Жергілікті сарбаздарды, халықты Байзақтың өлімі үшін қоқандықтардан кек алуға үгіттедім. Бекініске жақындап, әскери бекініс басшысынан бейбіт берілулерін талап еттім, олар жауап ретінде біздерге оқ атты. Мен қорғанды зеңбірекпен атқылауға бұйрық бердім. 2000 қырғыз-қайсақ сарбаздарын ұрысқа қостым, өзіміздің орыс солдаттарын шайқасқа жібергенім жоқ. Бекіністі 7 күннен соң алдық, қырғыз-қайсақ сарбаздарынан 300-дей сарбаз аман қалды. Бекініс ішіндегі халық көп қырылған, санау мүмкін емес. Жинап, көмдірдім.
Бейбіт халықтың көп қырылғанына біздер емес, қоқандық әскери басшылық пен датқалар кінәлі, бейбіт келісімге келмеген деп тағы да сыбыс тараттым. Қанша әдіс-айла жасағанымызбен, жергілікті халық, осы зорлық-зомбылықты, қырғынды кәпірлер, жатдінділер жасауда, бұлар мұсылмандардың қас жауы деп түсінеді. Бізге сенбейді. Сондықтан, Оңтүстік өңірдің көсемдері Шоқай, Сапақ, Батырбек датқалар арқылы әрекет етуіміз керек. Алдында Шоқай, Сапақ, тірі кезінде Байзақ датқаларға офицерлік атақтар, (майор) басқа да сый-сияпат жасадық, олар риза. Батырбек датқа ол кезде бұл сыйлықтардан бірден бас тартты. Батырбек ақылды, көреген тұлға, бәрін ой таразысынан өткізіп, елінің Ресейдің қарамағына өткендігін уақыт өте өзі де түсінеді. Бірден болмаса да біртіндеп мойындайды. Батырбек қазір 70-тен асқан, әрі кетсе 10-15 жыл өмір сүрер, діндері, салт дәстүрлері, мешіт-медреселері бұрынғыдай қалулары қажет. Араласпауымыз керек. Иелігіндегі бар жерлерді мәңгілік өзіңіздің, ұрпақтарыңыздың иелігінде деп куәландырып беруіміз қажет. Барлық мұсылман мемлекеттеріне барып келуіне еркіндік беруіміз керек. Мекке мен Мединеге де.
Батырбек датқаға, басқа датқаларға қарағанда өзгеше сыйлық тартқанымыз жөн. Бәсекелес датқаларды араздастыру үшін. Мәртебелі соғыс министрі, сіз патша ағзамға менің өтінішімді жеткізіп, Батырбектің өзіне полковник шенін бергіздіріп арнайы мундир тіккізіп, қылыш (есімі жазылған) жасаттырып жіберсеңіздер екен. Батырбек бұл атақтарды, сыйлықты бәрібір қабылдамайды. Бірақ халық арасына патша ағзам мен соғыс министрі Батырбекті ерекше еңбегі үшін осындай атақ, сыйлықтармен марапаттады деп сөз таратамын. Бәрібір ол атақ пен сыйлықтар Батырбектің өзі қайтыс болған соң балаларының еншісінде болады ғой. Жергілікті халықтың көсемдеріне түрлі дәрежедегі атақтар мен сыйлықтар жасау арқылы, араздастырып, біртіндеп өзімізге тәуелді етеміз.
Патша ағзамымыздың, министрлердің білгірлікпен жасаған жоспарлары, айла-тәсілдері, саясаты кезінде солтүстік өңірді мекендеген қырғыз-қайсақтардың көсемдерінің алауыздығын өршітіп, Ресей қарамағына өтулерін қамтамасыз еткен жоқ па? Осы саясатты, әдіс-айланы Оңтүстік өңір халқының көсемдерін араздастыру мақсатында сіздердің қамқорлықтарыңызбен тездетіп іске асыруым керек.”
Міне, зымияндық саясат ұстанған, патшалық Ресейдің экспедициялық әскери корпусының басшысы генерал Черняевтың Оңтүстік өңірді жаулап алу кезінде, қандай айла-тәсіл қолданғаны архив деректерінен белгілі болып отыр.
Билік басында болған датқалардың туған-туыстарын, ұрпақтарын, бір-бірлерімен қалай жауластырғанын архивтегі дерек айғақтап отыр. Бір жарым ғасыр бойы айлалы генерал Черняевтің қасақана ұйымдастырған өсегіне, жаласына, қазақ халқы сеніп келдік. Байзақ датқаның қайғылы өлімі өзінің замандастарынан, бір-бірлерімен сыйласып жүрген датқалардан болды делінетін. Сөйтіп, айлалы жала, өсек санамызды бір жарым ғасыр бойы улады, сендірді. Черняевтің таратқан өсек-жаласының уыты әлі де санамыздан өшкен жоқ, өкінішті-ақ. Кеңес өкіметі, қатыгез генералдың Оңтүстік өңірде уақытында жүргізген, іске асырған айлалы саясатын, одан әрі дамытып өз мақсаттарына шебер пайдаланды. Кеңес өкіметінің саясаты, үгіт-насихаты бір мақсатты көздеді, ол Қазақ халқы Ресейге өз еріктерімен қосылды, отарлау, зорлық-зомбылық болған жоқ дегенді орнықтыру.
Черняевтің Оңтүстік өңірді басып алу кезінде, әскери экспедициясына азық-түлікпен, сарбаздарымен көмектескен датқалар, билер Ресейдің, достары деп есептелді де, исламды, мұсылман бауырларын жақтаған, халқы мен елін жатдінділердің отарлауына ашықтан-ашық қарсы болған Батырбек датқа мен оның туған-туыстары, ұрпақтары патшалық Ресейдің кейін Кеңес өкіметінің жаулары деп есепке алынып, жасырын қудалауға ұшырады. Кеңес өкіметі Батырбек датқаның Оңтүстік өңірде, билік басында болған уақытында өз қаражатына тұрғызылған Жуалы ауданындағы Батырбек датқа сазындағы (Күреңбел ауылы), Қошқарата өзені бойындағы Қошқарата ауылы, Талас ауданындағы Көктал, Қызыләуіт, Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ, Қарабұлақ елді мекендерінде күйдірілген кірпіштен тұрғызылған зәулім, сәулетті мешіт-медреселерді аяусыз талқандады. Өзінің күмбезі де қиратылды. Түлкібас, Сайрам, Жуалы аудандарындағы қаздыртқан су каналдары, Талас ауданындағы Көктал, (қазір шипажай) Қызыләуіт су қоймаларын салдыртқан, (тоған) қаздыртқан су каналдары, халықты ауыл-ауыл етіп, орнықтырған, тамдар салдыртқан, тал-ағаштар еккізген еңбектерін Кеңес өкіметі халықтың жадынан өшіруге тырысты.
Батырбек датқаның ұрпақтарын қудалауға ұшыратып, күн көрсетпеді. Лауазымды қызметтерге алмады. Т.Рысқұловтың қамқорлық көрсетуінің нәтижесінде, үрім-бұтақтары аман қалды.
Мемлекетіміздің тәуелсіздігіне биыл 19 жыл болады. Осы мерзім арасында Шоқай, Байзақ, Сапақ датқалардың есімдері елді мекендерге, аудан, мектептерге, Тараз қаласындағы көшелерге берілді. Еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Бірақ еліне өлшеусіз еңбек сіңірген Батырбек датқаның еңбегі ескерусіз қалуда. Тарихи деректерге жүгінсек қазақ халқының, патшалық Ресейдің, кеңестік дәуірдің тұсында дінсізденуден, өздерінің салт-дәстүрінен, тұтастай ажырап қалмауынан, мәңгүрттенуден сақтап қалған, біріншіден Алланың рақымы болса, екіншіден Оңтүстік өңірде Батырбек датқаның, Орталық өңірде Құнанбай қажының салдыртқан мешіт-медреселерінің жергілікті халықтың, әсіресе жас жеткіншектердің діни сауаттылықтарын ашудағы, салт-дәстүр ұстанымдарын берік ұстаудағы үгіт-насихат, оқыту жұмыстарының орны ерекше болды.
Батырбек датқа мен Құнанбай қажы 1874 жылы қажылыққа барғанда, Меккеде өзге де қазақтың игіжақсыларымен бірігіп, қаражат шығарысып үш қонақ үй (тәкия) тұрғызған.
Батырбек датқа қазақтың ХІХ-ғасырда өмір сүрген беделді игі жақсыларымен араласып, сыйлас болған. Датқаның үйінде Кенесары хан, Құнанбай қажы, Мұса Шорманов, Тезек төре бірнеше рет қонақта болған.
Батырбек датқа ұлтымыздың тарихи тұлғасы. Осы уақытқа шейін “Егемен Қазақстан”, Жамбыл облыстық “Ақ жол” газеттерінде тарихи тұлғаның еңбегінің ескерусіз қалып келе жатқандығы туралы филолог-ғалымдар мен тарихшылардың көлемді мақалалары жазылды. Бірақ билік әлі үнсіз.
Батырбек датқаның есімі өзі туып-өскен Күреңбел елді мекеніне, мектепке, Тараз қаласының бір көшесіне берілсе дейміз. Ол салдырған мешіт-медресе “Мәдени-мұра” бағдарламасы негізінде мемлекеттік тізімге енгізілсе жақсы болар еді.
М.МЫРЗАХМЕТОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор;
С.ЖОШЫБАЕВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, кардиохирург, профессор;
Қ.БӨЛЕЕВ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор;
А.ӨТЕУЛИН, Жамбыл облысының құрметті азаматы. ТАРАЗ.