06 Маусым, 2014

Шағын және орта бизнестің үлес салмағы көтерілмей тұр

314 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Отырыс барысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің жобасы қаралып, мақұлданды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа жобасы әкімшілік заңнаманы айтарлықтай реформалауға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушы­лықтар жасауға ықпал ететін ережелерді алып тастауға, әкімшілік-құқықтық теріс қылықтарды және әкімшілік жауаптылыққа тартудың сараланған тәртібін неғұрлым нақты айқындауға бағытталған. Яғни, бұл кодекс жобасымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізудің жаңа тәртібі белгіленеді, оған сәйкес көрсетілген айыппұл сомасының 50 пайызы мөлшеріндегі айыппұлды жеті тәулік ішінде төлеу құқығы енгізіледі. Жобамен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс бойынша заңды күшіне енген қаулыларды және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша оларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері жөніндегі ұйғарымдарды қайта қарау институты да енгізіледі. Құжатта айыппұлдың нақты белгі­ленген мөлшері көзделеді, ол әкімшілік жазалауды шығарған кезде сыбайлас жемқорлық факторларын жоюға мүм­кіндік береді. Мәселен, әкімшілік құқық бұзушылықтар құрамдарының басым бөлігі Әділет министрлігіне қатысты ведомстволық байланыстағы құқық бұзушылықтар болып саналмайды. Олар ішкі істер, қаржы, денсаулық сақтау және басқа да министрліктердің құзыретіне жатады. Яғни, бұл – барлығы 64 мемлекеттік органның хаттама жасауға немесе оны қарауға уәкілеттілігі бар деген сөз. Сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне әкім­шілік құқық бұзушылық туралы заң­нама мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарап, оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұған қоса, коллизияларды, қайшы­лықтарды және кемшіліктерді болдырмау мақсатында Азаматтық іс жүргізу, Кеден ісі туралы, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстерге және бірқатар заңдарға түзетулер енгізілетін болды. Сенат отырысында, сондай-ақ, Қыл­мыстық-атқару кодексінің жобасы қабыл­данды. Құжат сотталғандардың құқық­тары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін айтарлықтай арттыру мақсатында қылмыстық-атқару заңна­масын одан әрі жетілдіруге және қыл­мыстық жазалардың орындалу тиімділігін арттыруға бағытталған. Сот­талған адамның тәртіпке бағынушылық мінез-құлқын ынталандыру мақсатында жазаны орындау кезеңінде сотталған адамның мінез-құлық дәрежесін айқын­дау ұсынылады, бұл жазаны өтеу жағ­дайларын барынша саралауға мүмкін­дік береді. Кодекстің қабылдануы бос­тан­дығынан айырумен байланысты емес жазаларды неғұрлым кең қол­дану, пенитенциарлық және пенитен­циар­лықтан кейінгі қылмыстың қайта­лану деңгейін төмендету, соттал­ған­дардың әлеуметтік бейімделуі үшін жағдай жасайды, сондай-ақ, сотталған­дармен жүргізілетін тәрбие үдерісіне жұрт­шылықтың қатысу тетігін қалып­тастырады. Сенаторлар Қылмыстық кодекстің жо­басын да екінші оқылымда қарай келіп, заң жобасына енгізілген түзетулерді Мәжіліске жіберді. Мәселен, алдағы уақытта кодекс жобасы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес жазылатын 229 және 230-баптармен толықтырылады. Сонымен қатар, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мақсатында 45-баптың санкцияларынан қосымша жаза ретіндегі мүлікті тәркілеу алып тасталады. Сондай-ақ, сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын түзетулерімен Мәжіліске жіберді. Құжатта «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы» секілді тоғыз заңға түзетулер бар. Еліміздің Еңбек кодексінің 26-бабының редакциясына экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстар үшін сотталған адамдарға, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық қудалау ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған адамдарға балалармен жұмыс істеуге тыйым салуды белгілеу мақсатында өзгерістер енгізіледі. Отырыс барысында палатаның қарауына түскен заң жобаларына қатысты сөз алған депутаттардың бірі Светлана Жалмағамбетова Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің үлес салмағын 55 пайызға дейін көбейтуді тапсырғанын айта келе, әлемдік тәжірибе бойынша, шағын және орта бизнесі көп елдер экономикалық дағдарыстарды жеңіл еңсеретіндігін жеткізді. «Сол себепті, Елбасы отандық шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан жағдай жасалуына үнемі назар аударып келеді. Бұл әкімшілік кедергілерді алып тастау, осыған қатысты түрлі тетіктерді жүйеге келтіру, жөнсіз тексеріс жүргізуге мораторий жариялау, несиелік ресурс­тарды бөлу, инфрақұрылымдарды салу секілді іс-шараларды қамтиды. Алайда, шағын және орта бизнестің үлес салмағы 20 пайыздан жоғары көтерілмей тұр. Бұдан: «Елімізде өзіңнің жеке кәсібіңді дөңгелету қиын емес пе?» деген сауал туындайтын секілді. Бұл ретте, кәсіпкерлерге әкімшілік тұрғыда салынатын айыппұлдардың мөлшері ақылға қонбайды. Ал бұл бизнестің өрістеуіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Мәселен, кәсіпкерге алғашқы рет салынатын айыппұл көлемі 200 мың теңгені құрайды екен. Ал бұл – өз кәсібін енді ашқан бизнесмен үшін өте үлкен қаражат. Сондықтан, шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен көлемде айыппұл салмас бұрын, оларға алдымен ескертулер берілуі қажет деп есептеймін. Бұл кәсіпкерлерге сабақ болып қана қоймай, олардың салық органдарына деген сеніміне де селкеу түсірмес еді», деді С.Жалмағамбетова өз сөзінде. Бұл күні, сондай-ақ, сенаторлар Қуаныш Айтаханов және Анатолий Башмаков депутаттық сауалдарын жария етті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».