Өзінің өмірге келгенінен бергі 20 жыл ішінде Қаржы полициясы құқық қорғау органы ретінде үлкен даму жолын бастан кешірді. Ведомствоның құзыретімен қатар, қызметкерлердің кәсіби деңгейі өсіп, мақсат-міндеттерінің аясы кеңейді, күрделене түсті. Бұл орайда өз ойын таратқан Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов осы салада атқарылып жатқан бірқатар мәнді де маңызды істерге тоқталып өтті.
Мәселен, 2013 жылы 10 мыңнан астам қылмыс (10 094) тіркеліп, тергелді, ал ағымдағы жылы олардың саны шамамен 5 мыңды (4 616) құрады, деді ол. Бұл қылмыстардың 27 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыстар көрінеді. Барлық қылмыстардың ішінен, шамамен 65 пайыз (9 596) экономикалық қылмыстардың үлесінде, 21 пайыз (2 828) – сыбайлас жемқорлық қылмыстарды құрайды. 2013-2014 жылдары аяқталған істер бойынша анықталған жалпы шығынның мөлшері 290 млрд. теңгені құрап, оның 157 млрд. теңгесі тергеу барысында қабылданған шаралардың нәтижесі бойынша қайта өндірілген екен.
Ал Агенттік қызметінің басты бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болып табылады. Өткен жылдан бастап бүгінгі күнге дейін әртүрлі деңгейдегі 300-ге жуық басшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды (194 және 105), оның ішінде республикалық деңгейде – 22 (12 және 10) адам, облыстық – 83 (50 және 31), (қалалық – 43 (30 және 13), аудандық – 135 (102 және 51). Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Өміриявке, Білім және ғылым министрінің орынбасары Шаяхметовке, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясының президенті Мырзақұловқа, Атырау және Павлодар облыстарының бұрынғы әкімдері Рысқалиев пен Арынға, СҚО әкімінің орынбасары Балахонцевке, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау мен қадағалау комитетінің бұрынғы төрағасы Жақыпбаевқа және «Казатомпром» мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының топ менеджерлері мен тағы басқаларға қатысты қозғалған қылмыстық істер кең қоғамдық пікір тудырды.
Экономиканың қарқынды даму процесі ведомствоның алдында тұрған міндеттерді тұрақты түрде күрделендіріп, қызметкерлердің кәсібилігі мен экономикалық қылмыстарға қарсы күрес қызметінің тиімділігінің ұдайы өсуін талап етті. Уақыт өте келе жаңадан құрылған Қаржы полициясы агенттігіне ішкі істер органдарының барлық экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы күрес жүргізу өкілеттігі берілді. Осы сәттен бастап қаржы полициясы мен салық органдары бір-бірінен дербес дамыды.
Тәжірибе көрсеткендей, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күресте кешенді тәсіл қажет екендігі белгілі болды. Бұған 2003 жылдың желтоқсан айында қаржы полициясы органдарына сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тергеу функцияларының берілуіне негіз еді. Сөйтіп, 2005 жылдан бастап агенттік тек Президентке тікелей есеп беретін болды. Енді ведомство экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстардың анықталуы мен тергелуін қамтамасыз етеді, деді одан әрі ойын сабақтаған М.Ахметжанов.
Бүгінгі таңда қаржы полициясы – еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күрделі мәселелерді шешуге және сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне қарсы іс-қимыл жүргізуге қабілетті жоғары кәсіби кадрлық құрамы бар орган. Мемлекетке залал келтірген және үлкен қоғамдық пікірі бар бірталай қылмыстар анықталып, тергелді. Республиканың бюджетіне миллиардтаған теңге қайтарылуда. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және басқа да бағдарламалық құжаттарда аталып өтілген тапсырмаларды ескере отырып, агенттік соңғы бірнеше жылдан бері ведомствоның стратегиялық бағыттары мен міндеттерін жетілдіріп және кеңейтіп келеді. «Ахуалдық орталық» қызметі басталғаннан бері сатып алу негізділігі мен жоспарланатын бағаларды негізсіз көтеру мән-жайларын анықтау мақсатында мемлекеттік органдар сатып алу жоспарларын монитрингтеу арқылы шамамен 5 млрд.теңге бюджет қаражаттарының тиімсіз шығындалуының алды алынды.
Сол сияқты кәсіпкерлерді тексеруді оңтайландыруға бағытталған жүйелі іс-шаралар да қабылдануда. Алдын ала жасалған талдау құқыққа қайшы әрекеттердің нақты белгілері бар екендігін көрсеткен жағдайда ғана тексерістер жүргізіледі. Қаржы полициясының бастамасы бойынша мемлекеттік органдармен жүргізілетін тексерістердің саны жылдан-жылға азайып келеді. Егер 2011 жылы 1715 тексеріс жүргізілген болса, 2012 жылы – 1009, ал 2013 жылы олардың саны 340-ты құрады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының бизнес ісіне заңсыз араласу фактілерінің жолын кесу жұмысы жүргізілуде.
Бұл мәселе бойынша агенттік Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Сонымен қатар, жүйелі сыбайлас жемқорлық, жалған кәсіпкерлік, көлеңкелі экономикаға қарсы тұру, мемлекеттік сатып алу саласында, кеден және салық салаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысы жандандырыла түсті. Өйткені, жемқорлықтың үлкен, кішісі жоқ.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».