Кәсіпкерлік – ел дамуының негізгі күштерінің бірі. Демек, оған қолдау жасау – дамуға жасалған жағдай. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Т.Құлыбаевтың Маңғыстауға сапары барысында елімізде осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар туралы білдік.
Т.Құлыбаев Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевтың бастауымен алдымен Ақтау темір балқыту зауытында болды. Халықаралық стандарттарға сай арматуралар мен бұрыштамалар, швеллерлер, басқа да өнімдер өндіретін зауытта 450 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдері еліміздің өзге өңірлерімен бірге Түркия, Иран мемлекеттеріне тасымалданатын зауыттың жұмысы өз ырғағымен жүруде. Сондай-ақ, Т.Құлыбаев Каспий битум зауытына аялдады. Көпшілігі шетелдер мен республикамыздың басқа қалаларында арнайы курстардан өткен 250 адам зауытта жұмыс көрігін қыздырып, автокөлік жолы үшін қажетті өнімдер шығаруда. Келешекте Ресей, Әзербайжан елдеріне шығарылатын битумның Ақтау зауытында екі түрі өндірілетін болады. Қазірге дейін 65 мың тонна мұнай өңдеп үлгерген зауыт жұмысына оң баға берген Т.Құлыбаев одан әрі Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы кеңесінің мүшелері және палатаның өкілдерімен, аймақ кәсіпкерлерімен кездесті.
Төралқа басшысы кәсіпкерлерді толғандыратын басты мәселенің бірі ретінде қаржыға қолжетімділік туралы айтып өтті. Қазіргі басты бағыттардың бірі – өңірлік бизнес-қауымдастық үшін мемлекеттік және жер қойнауын пайдаланушы сатып алушылар бойынша жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар алдағы уақытта Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында қол қойылатын құжатпен реттелетін болады. Ал жер қойнауын пайдаланушылар бойынша еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен меморандумға қол қойылып, офсеттік саясат жөнінде тұрақты орган құру жөнінде келісілгендігін айтқан Т.Құлыбаев енді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен келісімге келу жөнінде қол қою жоспарланғандығын, сатып алуларға жергілікті компаниялар үшін жол ашылатындығын, ал өңірлік кеңес пен кәсіпкерлер палатасының өкілдері комиссия құрамына кіретіндігін, осылайша тендердің ашықтығы көрінетіндігін айтты. Яғни, мемлекеттік органдармен жасалатын ұзақ мерзімді келісімдер қазақстандық кәсіпорындарға жаңғырту жүргізуге немесе бәсекеге қабілетті жаңа өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұзақ мерзімді келісім-шарттардың даму жүйелеріне тікелей қатысады.
Өңірдегі кәсіпкерліктің қарқыны, кемшіліктер мен оларды жою бағытындағы жұмыстар барысымен таныстырған Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ж.Доспаевтың айтуынша, қазірге дейін кәсіпкерлер тарапынан 70 арыз-шағым түскен болса, оның 50-ге жуығы тиісті орындарға жолданып, нәтижесінде оң шешімін тапқан.
Жиын соңында Маңғыстау облысы әкімдігі мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында аймақта кәсіпкерлікті дамыту жөнінде меморандумға қол қойылды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.
Суретті түсірген
Серік МАЙЕМЕРОВ.