Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана мен кітапханалар қауымдастығының бастамасымен 2007 жылдан бері елімізде игі дәстүрге айналған «Бір ел – бір кітап» атты акцияға биыл көрнекті жазушы Сайын Мұратбеков шығармасы арқау болды. Осыған орай қаламгер дүниеге келген Жетісу жерінде «Сайын даланың суреткері» атты республикалық кітап көрмесі өтті. Оған елімізге танымал азаматтар академик, профессор Ғарифолла Есім, жазушы «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері – Бексұлтан Нұржекеұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов қатысты.
Сонымен, жастарға патриоттық тәрбие беру, кітап оқуға деген құмарлықтарын оятып, дамытуды мақсат еткен игі шара Талдықорғанда басталып «Жусан исі», «Басында Үшқараның...» атты туындыларын таныстыру жазушы Сайын Мұратбековтің туған жері Қоңыр ауылында әдемі жалғасты.
«Соңғы 15-20 жылда жастар кітап оқудан алшақтап барады. Бұл шара сол олқылықты толтыра ма деп жасалған қадам. Шыны керек, осыдан 8 жыл бұрын Абайдың «Қара сөздерінен» басталған шара аясында алғаш 400-ге жуық түрлі деңгейдегі басқосу болса, былтырғы жылы Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты кітабына арналған 2000-нан астам шара өтіпті. Биыл да Сайын Мұратбековтің де кітабын оқуға мыңдаған адам қатысады деп ойлаймын. Осының барлығы жастардың кітап оқуға деген құлшынысын ояту», деді Алматыдағы Ұлттық кітапхана бас директоры Әлібек Асқар.
«Жыл авторы атанған жерлесіміз Сайын Мұратбековтің қос кітабы Жетісу жеріндегі барлық кітапханаларға жеткізіліп, жастардың кез келген уақытта алып оқуларына болады. Сөз реті келгенде айтарымыз, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың қолдауымен жетісулық 200-ден астам ақын-жазушылардың кітаптары жарық көрген еді. Осы құндылықты көрген зиялы қауым шын риза болды. Енді, міне, Сайын Мұратбековтің тағы екі кітабы қосылып отыр. Бұл кітап оқимын деген жастарға жасалған жағдай емес пе?», – деді Алматы облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.