Зағип қыздар алғыс та алып, ақша да тауып жүр
«Екі көз – екі жұлдыз маңдайдағы» деп Қасым ақын жырлайтындай, адамның қос жанары – шырағы емес пе?! Он екі мүшенің әрқайсысының орны бөлек болса да, дүниенің ғаламатын көрмей өтуден асқан қасірет жоқ шығар.
...Осы менің бала күнімде әжемнің екі көзіне де ақ шел түсіп, ақырында су қараңғы болып көрмей қалды. Соқыр әжемді жетектеп жүремін, кей кейде той-томалаққа апарамын. Өте бір талғампаз адам еді... Жалғанда сана-сезімі сайрап жатқан адамның зағип болып қалғаны жаман екен. Ендігі өмірі тас түнек әжемді түсіну үшін кейде екі көзімді тарс жұмып алып, өмір сүріп көрмекші болатынмын. Бетін аулақ қылсын, қарыс адым аттамай-ақ әр нәрсеге шалынып, түртінектеп, зәрем ұшып кететін. Осының бәрі менің бала сезіміме әсер еткен болар, көзі көрмейтін адам келе жатқанын көрсем, өткеннің бәрі еске түседі. Медицина дамып, көзді емдеудің неше түрлі технологиясы шығып жатқанда, осының бәрі әжемнің тірісінде болғанда ғой, дейтін өкінішім бар ғой.
Қысқасы: «Ауру адам сау адамның басынан тәж көреді», деп бекер айтпаған. Денсаулық – адам өміріндегі ең бағалы дүние. Өмірдің шаттығы мен қызығы да денсаулыққа байланысты екенін балтырың сыздағанда, әрине, білесің. Денсаулық – адамның бақыты. Сол денсаулықты күтіп, бағалау әр пенденің өз қолында десек те, өмір болған соң неше түрлі жағдайлар орын алып жатады. Табиғаттың тосын құбылыстарының, оқыс оқиғалардың, өзімізге деген немқұрайлықтың салдарынан денсаулыққа көптеген зиян келетіні дүйім жұртқа аян. Ондай жағдайда адам жанына араша болар жандардың көрсетер көмегі көп. Ауруына шипа іздеп шалғайдағы қандастарымыз қаншама шақырымды артқа тастап, қалалық ауруханаларда ұзақ-сонар кезекте тұрып, ауруларын асқындырып алатындар қаншама?! Дегенмен, дәтке – қуат дейтініміз, бүгінде бәрі артта қалып, жағдай біршама түзелген. Еліміздегі медицина саласының дамуына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде.
Айтайын дегеніміз, мүмкіндігі шектеулі болса да, өзін шектемей, тіпті өзгелердің дертінен сауығуына дем беріп жүрген арамыздағы асқақ рухты адамдар туралы еді. Мен сондай адамдарды жуырда елімізде алғашқылардың бірі болып, медициналық кластер жүйесі негізінде қызмет көрсететін «Жас-Ай» медициналық орталығынан кездестірдім. Зағип қыздардың қолынан қуат алған талай науқастар ризашылықтарын үйіп-төгіп жатты.
Орайы келгенде айта кету керек, медицина ғылымдарының докторы Жасан Зекейұлының басшылығымен құрылған «Жас-Айда» 63 жатын орын бар екен. Шығыс еміне иек артқан бұл орталыққа шипа тапқан адамдар бір бірінен естіп, елдің әр шалғайынан ағылып келіп жатады. Адам аяғы үзілмейтін осынау орталықта осы жылдар ішінде жалпы саны 40 мыңнан астам науқасқа ем-дом жасалып, 7 мың адамға тегін ем көрсетіліпті. Көптеген инсульттан салданған адамдарды орнынан тұрғызып, мешел ауруына шалдыққан балаларды ауруынан айықтырған көрінеді. Мұның бәрі орталықтың арнаулы кітапшасындағы деректермен дәйектелген.
Жақсылықты іздесең, барлық жерде де жақсы шара табылады. Мақаламыздың басында тақырыпқа тамызық болған жайт – «Жас-Айдағы» зағип қызметкерлер еді. Әрине, еліміз еңсесін түзегелі бері, мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалынып, оларды қабілет-қарымына қарай жұмысқа тартып, қатардан қалдырмау мәселесі мемлекеттік тұрғыда көтеріліп жүр. Ал біздің қуанатынымыз Жасан Зекейұлы жарымжан болса да, еңбекке жарамды, жауапкершілікті жандарға жол ашқан. Және мұны ол өзінің адамдық парызы деп есептейді.
Қарап отырсақ, алғашқыда төрт қызметкерімен ашылған бұл орталықта бүгінде 80-ге жуық адам қызмет етеді, оның ішінде үшеуі – мүгедек жандар. Солардың бірі Қытай Халық Республикасында нүктелі уқалау, массаж жасаудың 4 жылдық курсын оқып келген қандасымыз Ержанат есімді азамат. Қос жанары көрмесе де өз ісінің хас шебері, білікті маман, қолы алтын адам.
Көз жанары нашар көретін 25 жастағы Алира Қыдырқанқызы казіргі таңда аталған медициналық орталықта нүктелі уқалау, массажшы мамандығы бойынша қызмет етуде. Бұл орталыққа қалай келгендігі жайлы Алираның өзінен сұрасаңыз:
– 2001 жылы Қытайдан атамекеніміз – Қазақстанға көшіп келдік. Алматы қаласындағы Н.А.Островский атындағы көзі көрмейтіндер мен нашар көретіндерге арналған арнайы мектепте біліп алдым. Кейіннен отбасылық жағдайға байланысты ата-анам Райымбек ауданындағы Кеген ауылына қоныс аударды. Білімімді сол ауылдың орта мектебінде жалғастырдым. Бала күнгі арманым – әнші болу еді. Музыкалық оқу орындарына, колледждерге тапсырып көріп едім, көзімнің нашар көретіндігінен оқуға қабылдай қоймады. Кейіннен «Жігер» жастар қоғамында хатшы болып, редактор болып қызмет істедім. Мәдениет үйінде «Армандастар» деген хорда солист-әнші болдым. Сол жерде қызмет етіп жүрген кезде Жасан Зекейұлы өзінің медициналық орталығына шақырды. Осында Жазира есімді қыз екеуміз бірге келдік. Қазір ол қыз денсаулығына байланысты кезекті демалыста. Қытайдан арнайы нүктелі массаж жасау курсын 4 жыл оқып келген Ержанат көп нәрсе үйретті. Жұмыс істеуге барлық жағдайлар жасалған қолайлы, ұжым да өте ұйымшыл, бірден үйреніп кеттім. Ем алған науқастар да алғыстарын айтып жатады. Құдайға шүкір, тапқан табысым бір басыма жетеді. Жақсы ұжымға тап болғаныма қуанамын, – дейді.
Шынында да, әрқайсымыз өмірде бір адамның өз орнын тауып, талантын ашып, тауқыметін азайтуға септігіміз тисе – сауаптың үлкені сол емес пе?!
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.