Оқиға • 22 Желтоқсан, 2022

Оралдағы қаламгерлер алаңы

465 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Қаламгерлер алаңы» ашылып, дүниеден өткен ақжайықтық ақын-жазушылардың құрметіне ескерткіш белгі қойылды.

Оралдағы қаламгерлер алаңы

Сырым Датұлы даңғылының бо­йында жаңадан жасақталған әдемі алаң қала тұрғындары мен қонақта­ры серуендеп, демалыс уақытын тиімді өткізуге болатын әдемі мүйіске айналған. Қаламгерлер атын иелен­ген алаңның ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нари­ман Төреғалиев, Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов, Қазақ­стан Жазушылар одағы облыстық филиа­лының жетекшісі, Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер мен мә­дениет сарайының директоры Бауыр­жан Халиолла және жер­гілікті ақын-жазушылар қатысты.

– Қоғамда ақын-жазушылар мен ұлт зиялыларының орны ерекше. Сондықтан қаламгерлер­дің қадір-қасиетін арттырып, төр­ден түсірмей құрметтеген ел­міз. Бүгінгі ашылып жатқан «Қа­ламгерлер алаңы» да сол сөзіміздің жарқын бір мысалы. Ал, арнайы қойылған белгітас – дүниеден өткен ақын-жазушылардың рухына тағзым, – деп атап өтті өңір басшысы.

Бұл айтулы оқиғаға орай Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлық­бек Есдәулет пен Қазақстан Жазу­шылар одағының басқарма хатшысы, Астана филиа­лының директоры Дәулеткерей Кәпұлы құттықтау хат жолдаған екен.

Іс-шара соңынан өңір басшысы жергілікті қаламгер қауыммен дас­тарқан басында жүздесіп, көптеген сұраққа жауап берді. Облыс әкімі қыз­метіне жақында ғана тағайындалған Нариман Төреғалиұлы Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қо­ғам» тұжырымдамасын жүзеге асы­рудың мәні мен маңызына тоқталып, Ақ Жа­йықтың ақын-жазушыларын осы жол­да жұмы­ла қызмет етуге шақырды.

 

Батыс Қазақстан облысы