АСТАНА. 6 маусым. Бүгін Алматыда өтіп жатқан «төрттіктің турнирінде» Қазақстан әйелдер құрамасы Өзбекстан командасын 10:0 етіп ұтты. Бұл туралы NewTimes.kz тілшісі хабарлады.
Турнир Алматы облысының Талғар қаласында Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы (АИБА) құзыретіндегі Бүкіләлемдік бокс академиясында өтіп жатыр. Оған Өзбекстан, Моңғолия, Ресей және Қазақстан құрамалары қатысуда.
Жарыс кеше, 5 маусым күні Қазақстан – Моңғолия жасақтарының кездесуімен басталды. Матчта қазақстандықтар 11:2 есебімен жеңіске жетті. Командаға бұл жеңісті 2012 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Назым Қызайбай мен Алина Тұрлыбаева (48 кг), Жайна Шекербекова (51 кг), Дина Жоламан (54 кг), Оксана Королева (57 кг), Алуа Әбдірайымова мен Фируза Шәріпова (60 кг), Зарина Цолоева (64 кг), Дариға Шәкімова (69 кг), 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова мен Анастасия Рылина (75 кг) алып берді. Біздің қыздардан тек Жанна Басқаева (57 кг) мен Ұлбосын Әлменова (60 кг) ғана ұтылды.
Бүгін қазақстандықтар сапынан Алина Тұрлыбаева (48 кг), Жайна Шекербекова (51 кг), Сәния Сұлтанқызы мен Жанна Басқаева (57 кг), Гүлжан Үббіниязова (60 кг), Азия ойындарының қол жүлдегері Саида Хасенова (64 кг), жастар арасындағы әлем чемпионы Гауһар Ермекбай (69 кг) және Анастасия Рылина (75 кг) қарсыластарына ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ. Жекпе-жектерде Гүлжан ғана 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал қалғандары түгелдей 3:0 деген есеппен ұтты.
Жарыстың бірінші күні Ресей құрамасы Өзбекстан қыздарын 7:3 етіп сүріндірді.
Ертең біздің қыздар Ресей командасымен беттеседі.
Қазақстан Бокс федерациясының баспасөз қызметі атап өткендей, бұл кездесулер биыл өтетін Азия ойындары мен әлем чемпионатына дайындық болмақшы.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: NewTimes.kz.
Фото: ВКонтакте.
Суретте: Марина Вольнова.