Елорда • 22 Желтоқсан, 2022

Астанада азық-түлік бағасы қалай тұрақтандырылады?

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек азық-түлік базарларының, ірі сауда желілерінің өкілдерімен, өндірушілермен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Астанада азық-түлік бағасы қалай тұрақтандырылады?

Қаладағы ірі сауда желілеріне «айналым тетігі» бойынша займдар бөлінеді, оның негізінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі, өңірлердің шаруаларымен шарттар жасалады, азық-түлік тауарларына баға белгілеуде делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді, үй жанындағы дүкендердің баға үстемесін сақтауы бойынша мобильді мониторингтік топтар жұмыс істейді. Аталған іс-шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Бұл ретте елорда әкімі Жеңіс Қасымбек азық-түлік базарларының, ірі сауда желілерінің өкілдерімен, өндірушілермен кездесті.

Жиынға ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Е.Шакқалиев, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің астаналық департаментінің басшысы А.Кішкенбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және басқа да жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Кездесуде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, азық-түлікті уақытылы жеткізу, мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру мәселелері қозғалды.

Жеңіс Қасымбек әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру және баға үстемесін сақтау бойынша мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды, 2023 жылға жеңілдікті шарттар жасасуға арналған азық-түлік тауарларының көлемін анықтауды, кәсіпкерлерге өнімдер жеткізу бойынша шарттық міндеттемелерді толық көлемде орындауды тапсырды. Сондай-ақ кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілікті көрсетуге және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға өз үлестерін қосуға шақырды.

Айта кетсек, Астанада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өндірістік-тамақ кешенінің (нан зауыты, сүт өңдеу зауыты, көкөніс қоймасы), нан-тоқаш, ұн және кондитерлік өнімдерді дайындау жөніндегі өндірістік кешеннің, логистикалық орталықтардың құрылысы жүріп жатыр.

Мәселен, нан зауытын және көкөніс қоймасын 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал сүт өңдеу зауыты 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.